• Главная
  • Архив
  • № 2 (91), 2021
  • АЗАМАТТЫҚ ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТТЫҢ ӨЗЕКТІ БАҒЫТЫ РЕТІНДЕ Азаматтық заңнаманы жетілдіру: заң мәтіндерінің теңтүпнұсқалығы мәселелері

АЗАМАТТЫҚ ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТТЫҢ ӨЗЕКТІ БАҒЫТЫ РЕТІНДЕ Азаматтық заңнаманы жетілдіру: заң мәтіндерінің теңтүпнұсқалығы мәселелері

DOI
УДК 347
ГРНТИ 10.27.01


С.К. Идрышева,
«М.С.Нәрікбаев атындағы
КАЗГЮУ Университеті» АҚ
Жоғары құқық Департаменті
профессоры, з.ғ.д.,
e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

АЗАМАТТЫҚ ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТТЫҢ ӨЗЕКТІ БАҒЫТЫ РЕТІНДЕ

Азаматтық заңнаманы жетілдіру: заң мәтіндерінің теңтүпнұсқалығы мәселелері

Совершенствование гражданского законодательства: проблемы аутентичности текстов закона 

Түйіндеме. Мақала Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің мемлекеттік тілдегі мәтінін реформалау тақырыбына арналған. Тақырыптың өзектілігі аталмыш кодекстің қазақ тіліндегі мәтіні көптеген нормаларда осы негізгі заңнаманың орыс тіліндегі мағынасына сәйкес болмағандықтан, тәжірибеде оны пайдалануда едәуір мәселелерге әкеп соғатынымен негізделеді, және мұндай қателіктер жүйелі кемшіліктерге айналған. Құқықтық нормалар құрылымдарының кемшіліктерінің жүйелік сипаты олардың көптігімен; екі тілдегі мәтіндерде белгілі құқықтық терминдер мен институттарды қолдану кезінде теңтүпнұсқалық қағидатын бұзумен; көптеген логикалық, стилистикалық қателіктермен және құқықтық техниканың олқылықтарымен негізделген.
Зерттеу пәні ретінде отандық Азаматтық кодексінің мемлекеттік тілдегі мәтінінде көп жылдар бойы тұрақты түрде қате қалыптасқан құқықтық нормалар мен институттар алынған. Мақаладағы зерттеу мақсаты ретінде Азаматтық кодексінің мемлекеттік тілдегі мәтініндегі қателіктерді жүйелендіріп, заң шығарушының ерік-жігерін бұрмалауға, құқықтық нормалар мен институттардың мағынасын жоғалтуға, дұрыс түсінудің мүмкін еместігін және осы заңнамалық актінің нормаларын тиімді қолдануға кедергі болатын кемшіліктерін анықтап, оларды түзету жолдарын қарастыру.
Мақаланы жазу барысында жалпы ғылыми әдістер, оның ішінде жүйелік әдісі, салыстырмалы-құқықтық, формальды-құқықтық әдістер, логикалық және семантикалық талдаулар, модельдеу қолданылған. Сыни талдау нәтижелері бойынша автор Азаматтық кодексінің мемлекеттік тілдегі мәтініндегі жүйелі олқылықтарының бірталайын анықтап, оларды зерделеп, қате қалыптасқан құқықтық нормалар мен институттар мәтіндерінің нақты редакцияларын ұсынады.
Жұмыс «М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті» АҚ ЖҚМ «Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасын реформалау» ғылыми бағытын іске асыру аясында орындалған.
Түйін сөздер: Азаматтық кодекс, жүйелік кемшіліктер, қате аударма, мағынаны бұрмалау, құқық институты, құқықтық саясат тұжырымдамасы, несие беруші, талап қою мерзімі, айырбас келісім шарты, сыйға тартуға уәде беру.

Кіріспе
Кез келген қоғамның күнделікті өмірінде азаматтық құқықтық қатынастар өзге салалармен салыстырғанда басым ауқымды қатынастар болып табылады. Осы орайда мұндай құқықтық қатынастардың мемлекет тарапынан тиісінше реттелу қажеттілігі туындайды.
Азаматтық-құқықтық қатынастар дегеніміз – ол мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастар; бірақ қазіргі кезде бұл қатынастарға жаһандану процестері мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы едәуір ықпал етуде. Осы жағдайларда азаматтық-құқықтық қатынастарды құқықтық реттеу оны азаматтық айналымның өзгеру деңгейіне сәйкес келтіру үшін де тиісті әрекеттер жасауды қажет етеді.
Алайда, ақпараттық-коммуникациялық және экономикалық өзгерістерге байланысты азаматтық заңнаманы тиісінше жетілдіру шараларының алдында қолданыстағы мемлекеттік тілдегі азаматтық заңнаманы мемлекеттің құқықтық саясатына сәйкестендіріп, заң шығаруда қазіргі жағдайда бастапқы тіл болып табылатын орыс тіліндегі мәтініне сәйкестендіру қажет. Және де осы орайда қолданыстағы қазақ тіліндегі азаматтық заңнаманы жетілдіру біржолғы, біртетікті мақсатта ғана өзгертілмей, толығымен жүйелендірілген нысанда реформалауды талап етеді. Азаматтық кодексінің мемлекеттік тіліндегі жалпы бөлімінде де, ерекше бөлімінде де отыз жылдың ішінде жүйелі түрде қалыптасып қалған, заң шығарушының азаматтық айналымды реттеудегі шынайы мақсаттарын жоққа шығаратын, еш логикалық, семантикалық және құқықтық тұрғыдан түсінікке жатпайтын жүздеген олқылықтар орын алған.
Мақалада осындай олқылықтар жүйелендіріліп, оларға мейілінше толық сипаттама беріліп, сонымен қатар қателіктерді жою, түзету бойынша ұсыныстар да берілген.
Мақаланың тақырыбы бойынша отандық азаматтық құқықтық ғылым саласында жарық көрген басылымдар тапшы болуда, бұл мақала қарастырылатын мәселелерді зерделеуге арналған қазақ тіліндегі алғашқы еңбектердің бірі болып табылады.

Мақаланың негізгі ережелері
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік кезеңінде уәкілетті мемлекеттік органдар мен парламенттің заңнамаларды орыс тілінде дайындап, оларды жетілдіруге баса назар аударып, ал тек содан кейін олардың мәтіндерін мемлекеттік тілге аудару арқылы теріс тәжірибе қалыптасқандықтан, заңнамалық актілердің қазақ тіліндегі мәтіндерінде тұрақты да көлемді түрде құқықтық нормалар мен заң шығарушының еркін түбегейлі бұрмалайтын құқықтық нормалар мен институттар қалыптасып қалған; бұл азаматтық айналымды реттейтін құқықтық нормалардың мәнін барабар түсіну мүмкіндіктерді жоққа шығаруға әкеп соқты.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктерінің нақты нормалары мен тұтас институттарының мысалдарында стилистикалық, логикалық және құқықтық сипаттағы жүйелік бұзушылықтар көрсетілген, бұл мемлекеттің мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарды құқықтық реттеудегі құқықтық саясатын объективті түсінуге мүмкіндік бермейді.
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының жаңа Тұжырымдамасында экономика мен технологияның қазіргі жағдайына сәйкес азаматтық заңнаманы одан әрі жетілдіру көзделген, алайда автор алдымен қолданыстағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің нормаларын оларды орыс тіліндегі мәтініне сәйкестендіру тұрғысынан реформалау қажет деп санайды және талдауға салынған нормалар мен институттардың тиісті мәніндегі редакцияларын ұсынады.

Материалдар мен тәсілдер
Мақаланы жазу үшін автор «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің Жалпы және Ерекше бөлімдерін орыс және қазақ тіліндегі соңғы нұсқадағы мәтіндерін; Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңын қолданған.
Азаматтық кодексінің орыс және қазақ тіліндегі нұсқаларын зерттеуде салыстырмалы-құқықтық, формальды-құқықтық әдістер, логикалық және семантикалық талдаулар, модельдеу қолданылған, сонымен қатар жалпы ғылыми әдістер, оның ішінде жүйелік әдісі де пайдаланған.

Негізгі бөлім
1. Азаматтық заңнаманың құқықтық саясатты жүзеге
асырудағы орны
Қазақстанда, өзге мемлекеттерде қалыптасқан тәжірибеге сай, құқықтық саясаттың негізгі бағыттары келесі кезеңге, әдетте 10 жылға, заңнаманы дамыту Тұжырымдамасы түрінде құрастырылуда. Осылайша, алдыңғы Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасының әрекет ету мерзімі 2020 жылы аяқталған. Кезекті Тұжырымдаманың жобасы 2021 жылы наурыз айынан баршаға танысу және ұсыныстар беру үшін интернет желісінде жарияланған.1
Құқықтық саясаттың жаңа Тұжырымдамасында бұл салаға мазмұнының сапасы жағынан да, жалпы жеке құқық саласындағы заңнаманы реформалау шараларының көлемі жағынан да ерекше назар аудару керек болатын деген пікірдеміз. Осы тұста КАЗГЮУ Университеті «Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасын реформалау» тақырыбын ғылыми зерттеулердің бір басты бағыты ретінде бекіткен болатын және азаматтық заңнаманы жетілдіру бойынша кейбір шаралар ұсынылған.2
Аталмыш бағытта азаматтық заңнаманы мемлекеттік тілдегі нұсқасында жетілдіру мәселесі жаңа кезеңге бағытталған құқықтық саясат Тұжырымдамасында міндетті түрде бекітілуі керек болатын деп есептейміз. Бұл мәлімет жалпы теориялық немесе саяси мәнге ғана емес, сонымен бірге ең маңызды практикалық құндылыққа ие. Осылайша, Қазақстандағы мемлекеттің негізгі заңнамалық актілерінің көптеген нормалары қарапайым оқырмандарды қоса, құқық саласындағы мамандарына немесе лингвистика саласындағы мамандар үшін де түсініксіз болып қана қоймай, сонымен бірге заң шығарушының шынайы қалауының мағынасы жағынан мүлдем қарама-қайшы ережелерді де қамтиды.
Мемлекеттік тілдегі заңнамалық актілердің кемшіліктері туралы өзге басылымдарда да кеңінен айтылып кеткен.3 Кеңес Одағы кезінен қалыптасқан тәжірибеге сәйкес біздің мемлекетіміздегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері орыс тілінде құрастырылып, содан кейін мемлекеттік тілге аударылады. 30 жыл бойында нормашығармашылық қызметінде қалыптасқан тәжірибе бойынша заң жобалары мен басқа да құқықтық актілерінің мәтіндерін аудару филологиялық білімі бар, бірақ қазақ тіліндегі құқықтық терминологияны білмейтін әртүрлі аудармашыларға жүктеледі және бір заңнамалық акт мәтінінің жекелеген бөліктерін аудару әртүрлі аудармашыларға тапсырылғанында бүкіл заңның терминологиясының біртектілігі бұзылып, құқықтық нормалардың мәні де өзгереді.
Өкінішке орай, 1994-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық апарат институтының лингвистикалық орталығы әлі құрылмаған болатын, сондықтан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай – ҚР АК, Кодекс) Жалпы және Ерекше бөліктерін қабылдау кезінде оның екі бөлігінде де көптеген құқықтық нормаларды мемлекеттік тілге аударуда өрескел бұзушылықтар орын алған. Қате аудармалар жүйелік сипатқа ие, және 25 жылдан астам уақыттан бері тұрақты сипатқа да ие болып, халық пен заңды тұлғалардың өкілдерін, мемлекеттік тілде іс жүргізу кезінде судьяларды, адвокаттарды, сондай-ақ заңнаманы мемлекеттік тілде оқығысы келетін студенттерді және басқа адамдарды да жаңылыстырып, осы негізгі бір заңның нормаларын дұрыс түсініп, қолдануға еш мүмкіншіліктер бермейді.
Біздің пайымдаумызша, кез-келген заңнамалық актіні (егер екі тілдік ережелер сақталатын болса) екі тілде бір мезгілде әзірлеп құрастыру қажет; ал әзірлеушілердің өздері кәсіби мемлекеттік тілді жақсы білетін болу, немесе білікті аудармашылардың қатысуымен дайындау керек, бірақ екі тілдегі мәтіннің теңтүпнұсқалығы формальды жағынан ғана емес, мағыналық сәйкестілігі тұрақты түрде қадағалануы тиіс деп санаймыз. Қазіргі заңшығарушылық тәжірибесінде қалыптасқан тәртіптегі орыс тілінде дайындалған заңның мәтіні кейіннен қысқа мерзімде аударуға жіберілуі мүлдем жойылуы қажет. Сонымен қатар, заң жобасының мәтінін бөлшектеп бірнеше аудармашыға бөлек тапсыру да өз кезегінен әрбір аудармашының субъективті түсінігін емес, заң шығарушының шынайы ерік-жігерін, қалауын жеткізу қажет. Әртүрлі аудармашылар бірегей құқықтық институттар мен сөз тіркестерін қазақ тілінің байлығын қолдана отырып, әртүрлі сөздермен аударуда. Мысалы, «неустойка» құқықтық термині бір параграфтың өзінде біресе «айып төлеу» (оның екі түрінің біреуі тағы да «айып» болады), біресе «тұрақсыздық айыбы» ретінде аударылған; «должник» – «борышкер», «борышқор», әуелі «міндеткер» деп те аударылған, және т.с.с.
«ҚР Құқықтық актілер туралы» Заңының 24-бабында бекітілгендей, қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс. Алайда, Азаматтық кодексінің мемлекеттік тілдегі мәтіні қазіргі таңда орыс тіліндегі мәтінімен көптеген жағдайларда теңтүпнұсқалық талаптарына сай келмейді, сондықтан міндетті түрде алғашқы баптарынан бастап жүйелі сипатта тексеріліп, толығымен жаңартуды талап етеді. Ал жаңадан енгізілетін нормалар нормашығармашылық қызмет барысында екі тілде тең жазылып, лингвистикалық сараптамадан қосымша өткізілуі қажет.

2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің жалпы бөліміндегі олқылықтар
Осылайша, 1-баптың бірінші тармағында азаматтық құқықтың реттеу пәні туралы өрескел стилистикалық қате жіберілген. Орыс тіліндегі «товарно-денежные отношения» деген сөз тіркесі мемлекеттік тілге «тауар-ақша қатынастары» деп аударылған. Біздің пікірімізше, бұл сөздер «ақшалай-тауарлы қатынастар» деген нұсқада қолдануға жатады.
Осы бапта және Кодекстің өзге баптарында «личные» деген термин «жеке» деп бекітілген (жеке құқықтар, жеке қатынастар), ал әрі қарай Кодексте 2-тараудың 3-ші параграфының атауында және 141-142 баптарында толығымен тек «өзіндік» деп 10 рет аударылған («өзіндік жеке құқықтар»).
Осындай жүйелі нысандағы өрескел қателіктер тағы көптеген жағдайларда орын алған. Мысалы, Кодекстің алғашқы баптарынан бастап, «законодательные акты» деген термин «заң құжаттары», яғни, «законные документы» деп 157 рет қолданған. Дұрыс нұсқасы «заңнамалық актілер» болу керек.
Ал «законодательство» – «заңнама» деген термин «заңдар», яғни, «законы» деп Кодекстің Жалпы бөлімінде 307 рет; Ерекше бөлімінде «законодательные акты» дегеннің орнына «заңдар» деп 59 рет аударылған. Мысалы, 1-бап «Отношения, регулируемые гражданским законодательством» – «Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастар» деп аударылған, яғни, «Отношения, регулируемые гражданскими законами»; 2-бап «Основные начала гражданского законодательства» – «Азаматтық заңдардың негiзгi бастаулары» деп аударылған, яғни, «Основные начала гражданских законов»; 3-бап «Гражданское законодательство Республики Казахстан» – «Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары» және т.с.с.
Оның ішінде 3-бапта «заң» және «заңнама» терминдері араластырылып жазылған.
Жүйелі қателіктердің тізімінде «лицо/лица» деген термин «адам/адамдар» деген сөздермен аталғанын ерекше қарастырып кету керек, себебі азаматтық құқықта «адам – человек» деген субъект мүлдем жоқ; ол «жеке тұлға», «тұлға», «азамат» деген атауларға ие. Бірақта мұндай өрескел қателік Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімінде 332 рет, Ерекше бөлімінде 327 рет қолданған. Мәселен, 19-тарау «Міндеттемедегі адамдардың ауыстырылуы» деп аталып, оның құрамына кіретін 339-348 баптардың барлығында «лицо/лица» – «адам/адамдар» деп аударылған. Ал іс жүзінде міндеттемелердің қатысушылары ретінде тек жеке тұлғалар ғана емес, сонымен қатар заңды тұлғалар да, мемлекет те болады. Яғни, «адам» деп Кодексте жүздеген реттерде тек жеке тұлғалар ғана емес, заңды тұлғалар да, мемлекет те аталып кеткен.
Жүйелі қателіктердің келесі мысалы ретінде «кредитор» терминін келтіреміз. Түсіндірме берудегі айта кететін жәйт – ол ежелгі рим құқығында латын тілінде қалыптасқан құқықтық терминдердің қазіргі дәуірдегі кез келген мелекетте сол қалпында қолданылуы. Осылайша, «ипотека», «кондоминиум», «конституция», «кодекс» және өзге терминдердің арасында «кредитор» деген термин де бар; бұлар ұлттық тілге аударуды қажет етпейді. Осы орайда Кодекстің Жалпы бөлімінде «кредитор» сөзі 45 рет, Ерекше бөлімінде 4 рет қана дұрыс мағынада қолданылған. Алайда басым көлемде – 222 рет – бұл термин «несие беруші» деп қазақ тіліне тікелей аударылып, көптеген нормаларды түсінуге қиындықтар тұғызады, себебі қазақ тілінде несие берушіні тек қана біреуге қарызға ақша берген тұлға деп түсінеміз. Ал іс жүзінде «кредитор» тек ақша бойынша пайда болған қатынастардың субъектісі емес, кең мағыналы термин екенін білеміз. Мысалы, қызметтер көрсетуші тұлға өз міндеттерін тиісінше орындамаса, сол қызметтердің тапсырысшысы келісілген міндеттерді сапасы, мерзімі, көлемі бойынша тиісінше орындауды талап етуге құқылы, яғни, тапсырысшы осы жағдайда кредитор болып танылады. Айырбас шарты бойынша бір тарап тиісті келісілген мүлікті бермеген, немесе уақытында бермеген болса, екінші айырбастаушы да кредитор деп аталады, себебі оның талап ету құқығы пайда болады. Бірақ ол екінші айырбасатын тарапқа еш ақшалай несие беріп қоймаған.
Зиян келтіру туралы міндеттемелерде жәбірленуші өзіне келтірілген зиянды ақшалай ғана емес, заттай да өндіріп беруді талап етуге құқылы. Бұл жағдайда да ол кредитор болып табылады. «Несие беруші» деп аталған жағдайда жәбірленуші қандай қаржыны зиян келтірушіге беріп қойған, нені талап етуде? – деген сұрақтар туындайды.
Осы себептерден «кредитор» терминін «несие беруші» деп аударуды жойып, сол ежелгі заманнан латын тілінде қалыптасқан терминге толығымен өзгертуді қажет етеді.
Бірізділікті «борышқор» және «борышкер» деп аталған терминдер де талап етеді. 2017 жылғы 27 ақпандағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша Заңының аясында Азаматтық кодексінің Жалпы бөлігінде, бірақта тек 268-ші бапта, міндеттеменің түсінігінде «борышқор» деген сөз «борышкер» деп ауыстырылған.4 Алайда, міндеттеменің түсінігін, тараптарының атауларын түбегейлі дәрежеде бекітетін негізгі бапта осы термин өзгертілгенімен, сабақтас нормаларда сол бойы «борышқор» термині қалған: Кодекстің Жалпы бөлігіндегі 192 рет және Ерекше бөлігіндегі 26 рет орын алған осы сөз жаңа нұсқасына терминологиялық бірізділікті жүзеге асыру, логикалық заңдылықтарды сақтау мақсаттарында сол бойы өзгертілмеген. Бұған қоса, Кодекстің кейбір нормаларында (мысалы, 183-баптың 1-тармағы) «мiндеткер адам» деген термин де еш негізсіз қолданылған.
«Недвижимое имущество» терминін аударуда да бірізділіктің жоқтығын атап кету абзал, себебі Кодексте 40 рет «қозғалмайтын» мүлік деп аударылса, 55 рет «жылжымайтын» деп аударылған.
«Нотариальное удостоверение» деген сөз тіркесі Кодексте 39 рет «нотариат куәландырған», «нотариаттық куәландырылуға жатады», «нотариаттың куәландыруы» деп аударылған. Алайда, «нотариат» дегеніміз – ол ҚР «Нотариат туралы» Заңына сәйкес нотариалдық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық институт. Бұл құқықтық институт көптеген нормаларды қамтиды, оның ішінде нотариалдық қызмет көрсететін субъектілер туралы, ал сондай субъектілердің қатарына нотариустар және кейбір өкілетті лауазымды тұлғалар жатқызылған. Сондықтан мәмілелер, қажет болған жағдайларда, «нотариатпен», яғни, құқықтық жүйемен емес, мәмілелерді растауға құқылы жеке тұлғалармен куәландырылады. Бұл жағдайларда «мәмілелердің нотариалдық нысаны», «нотариалдық куәландыруды талап етеді», «нотариус куәландырған», т.с.с. сөз тіркестері қабылданып, қалыптасуы қажет. Айта кететін жайт: Кодексте сонымен қатар «нотариалдық» деген дұрыс нұсқа 8 ғана рет қолданған.
«Жеке кәсiпкер» және «дара кәсiпкер» терминдері де бірізділік қағидатымен қолданылуы қажет (21, 21-1-баптар). ҚР «Кәсіпкерлік кодексіне» және ҚР «Азаматтық кодексінің» 10-бабына негізделе отырып, кәсіпкерлік қызметі меншік құқығы нысандарына сәйкес екі нысанда жүзеге асырылады: мемлекеттік кәсіпкерлік және жеке кәсіпкерлік. Сонымен, «жеке кәсіпкерлік» деген сөз тіркесі тек нысанды білдіреді. Ал сол кәсіпкерлік қызметтің субъектілерін қарастыратын болсақ, жеке кәсіпкерліктің субъектілері ретінде мемлекеттік емес заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер танылады (Кәсіпкерлік кодексінің 23-бабы, Азаматтық кодекстің 19, 21-1 және өзге баптары).
Алайда, Азаматтық кодексінің 21-бабы, барлық логикалық, құқықтық талаптарды бұза отыра, «Жеке кәсiпкердiң банкроттығы» деп аталған. Бұл жүйелі қателік сот тәжірибесінде кең тараған. Қазақ тілінде қарастырылатын азаматтық істердің басым пайызында «дара кәсіпкер» терминінің орнына «жеке кәсіпкер» деген қате термин қолданыс табуда.
Жүйелі қателіктер Азаматтық кодексінің 7-тарауында талап қою мерзімі туралы нормаларында орын алған. Бұл тарау азаматтық құқықтық «мерзімдер» институтының бөлімшесін, мерзімдердің ерекше бір түрі ретінде құрастырылған нормалар жиынтығын қамтиды. Алайда, аударманың олқылықтары нәтижесінде азаматтық құқықтық нормалары азаматтық процестік нормаларды қолдану арқылы құрастырылып, осы тарауда бекітілген ережелердің мәні толығымен бұрмаланып, оларды дұрыс түсінуге мүмкіншілік бермейді. Орыс тілінде «давность» сөзі талап арызға емес, тек мерзімдерге ғана қатысты қолданады, ол мерзімнің сипаттамасы.
Осылайша, орыс тілінде «Исковая давность» деп аталатын 7-тарау «Талап мерзімі», яғни, «Срок иска» деп аударылған, ал 177-баптың атауы «Понятие исковой давности» – «Талап қою ұғымы», яғни, «Понятие иска» деп аударылған.
Осы баптың 1-тармағында орыс тілінде талап қою мерзімінің түсінігі берілген:
«1. Исковая давность – это период времени, в течение которого может быть удовлетворено исковое требование, возникшее из нарушений права лица или охраняемого законом интереса».
Қазақ тілінде бұл тармақта «талап қою мерзімі» терминінің орнына оған мүлдем сәйкес келмейтін «талаптың ескiруi» – «истечение/устаревание иска» деген сөз тіркесі енгізілген.
179-бап «Применение исковой давности» қазақша «Талап қоюдың қолданылуы», яғни, «Применение иска» деп аударылған, ал осы баптың 2-тармағында, 180-баптың 4-тармағында тағы да «талап мерзімі» термині орын алған.
179-баптың 3-тармағында: «3. Истечение срока исковой давности до предъявления иска является основанием к вынесению судом решения об отказе в иске» мазмұнындағы құқықтық нормасы: «3. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады» деп аударылған. Әрине, бұл өте өрескел қателік, себебі сот талап қоюшы емес, сот ешқашан талаптан бас тарта алмайды, ол тек «талапты қанағаттандырудан бас тарта алады».
187-баптың атауы: «Требования, на которые исковая давность не распространяется» – қазақша «Талап қою қолданылмайтын талаптар», яғни, «Требования, на которые иск не распространяется», деп аударылған.

3. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің ерекше бөліміндегі олқылықтар
Құқықтану саласында ежелгі заманнан қалыптасқан айқын мағыналы терминдерді ұлттық тілге тікелей аударудың жүйелі қателіктерге, түсінбеушілікке әкелетін салдары туралы пікірімізді келесі жағдайлармен де негіздеуге тура келеді.
Мәселен, Азаматтық кодексінің «Мүлікті тегін пайдалану» шартына арналған 31-тарауы 604-615 баптарды қамтиды. Орыс тілінде бұл келісім шарт «договор безвозмездного пользования имуществом (договор ссуды)» деп аталады, ал тараптары «ссудодатель» – «мүлікті тегін пайдалануға беруші» және «ссудополучатель» – «мүлікті тегін пайдаланушы» деп құқықтық мәні бойынша аталады. Қазақ тілінде мүлiктi тегiн пайдалану шарты – «несие шарты» деп аударылған, ал тараптар «несие берушi» және «несие алушы» деп аталған. Жоғарыда несие берушіні қоғамда тек қана біреуге қарызға ақша берген тұлға деп түсінілетіні айтылып кеткен, ал несие беруші деп, сәйкесінше,сол қарызды алған тарапты түсінеміз. Бірақта ҚР Азаматтық кодексінің 31- тарауымен реттелетін мүліктік қатынастардың объектілері ретінде тек дара белгілермен анықталған заттар/мүліктер болып табылады, және олар екінші тарапқа тек уақытша пайдалануға беріледі; пайдалану мерзімі аяқталған соң тұра сол зат қайтарылу қажет.5 Ал несие ретінде алынған ақшалар тектік белгілермен анықталған заттарға жатады және екінші тарапқа меншік құқығына беріледі және несиеге алынған ақшалар қайтарылғанда тура сол купюралар қайтарылмайды.
Мүлiктi тегiн пайдалану шарты бойынша бiр тарап екiншi тарапқа мүлiктi тегiн уақытша пайдалануға бередi, ал соңғысы мүлiктiң қалыпты тозуын ескере отырып, қандай күйде алса, сондай күйде немесе шартта ескертілген күйде қайтаруға мiндеттенедi. Сондықтан осы келісім шарттың қысқаша атауы «несие шарты» болмайды, ал тараптардың атаулары да «несие» сөзіне байланысты болмауы керек. Бірақта 31-тарауда «несие» термины 40 рет пайдаланған. Біздің пайымдауымызша, бұл тараудың мәтінінде орыс тіліне тікелей сәйкестендіруде тараптарды ежелгі рим құқығынан қалыптасқан «ссуда беруші» және «ссуда алушы» деп аударылу керек, немесе қысқаша атаулары қолданылмай-ақ, толығымен «мүлікті тегін пайдаланушы» және «мүлікті тегін пайдалануға беруші» ретінде қалтыру керек. Тек сонда ғана бұл келісім шарттың қазақ тіліндегі мәні кез келген оқырманға түсінікті болады.
Келесі жүйелі қателіктердің бірі – ол контрактация келісім шарты туралы нормалар жиынтығы (ҚР Азаматтық кодексінің 25-тарауының 4-параграфы, 478-481-баптар). Бұл шарттың атауы Совет одағында тарихи қалыптасуы 100 жыл бұрын социалистік революциядан кейін орын алған азаматтық соғыс, экономикалық дағдарыс, ашаршылықен байланысты. Құлдырауға ұшыраған экономикалық жағдайды көтермелеу мақсатында мемлекет ауылшаруашылық саласында барлық шаруаларға өндірген егінді, өсірген төлді мемлекетке міндетті түрде тапсыруды жүктеген. Алғашқыда мемлекет тарапынан мұндай мәжбүрлі әрекеттер орысша «продовольственная разверстка» деп аталып, кейіннен «контрактация шарты» болып заңдастырылған.6
Ал қолданыстағы Азаматтық кодексінде бұл келісім шарт латын тілінен «контракт» сөзін қазақша тікелей «келісім шарт» деп аударып, «келісім шарт жасасу туралы келісім шарт» ретінде 20 жылдан астам орын алып отыр. Бұл сөз тіркестері аталмыш құқықтық қатынастардың ешбір мәні-мағынасына қатысы жоқ; келісімшарттық міндеттемелерде барлық құқықтық қатынастар тек келісім шарттардан туындайтыны сөзсіз. Бір құқықтық терминді екі рет қайталап бір сөйлемде пайдалану лингвистикада тавтология деп танылады, ол логикалық тұрғыдан да, семантикалық тұрғыдан да орынсыз, ешқандай мақсатсыз қайталау, анық құқықтық сауатсыздықты көрсетеді.
Аталмыш құқықтық қатынастардың мәні бойынша қазақ тіліне бұл келісім шарт «Ауыл шаруашылық өнiмдерiн сатып алу-сату» деп, немесе сол тарихи қалыптасқан «контрактация» атауымен қалу керек, ТМД елдерінің бірталайында осылай реттелген.
Бірақта ауыл шаруашылық өнiмдерiн сатып алу-сату келісім шартының түсінігінде де бірнеше өрескел қателіктер орын алып отыр. Орыс тіліндегі 478-баптың мәтіні:
«1. По договору контрактации производитель сельскохозяйственной продукции обязуется передать выращенную (произведенную) им сельскохозяйственную продукцию заготовителю – лицу, осуществляющему закупки такой продукции для переработки или продажи». Яғни, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруші ол өнімдерді дайындаушыға қайта өңдеу үшін немесе оны әрі қарай сату үшін беруге міндеттенеді. Ал қазақ тілінде «ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi өзi өсiрген (өндiрген) ауыл шаруашылық өнiмiн – ұқсату немесе сату үшiн ... беруге мiндеттенедi» - деп аударылған, орыс тілінде – «для сходства». «Өңдеу» терминін «ұқсату» сөзімен орынсыз, қате алмастыру бір ғана рет емес, тағы да бірнеше рет 480-баптың 3-тармағында қолданған: «Келiсiм-шарт жасасу шартында ауыл шаруашылық өнiмiн ұқсатуды жүзеге асыратын дайындаушының өндiрушiге оның талап етуi бойынша ауыл шаруашылық өнiмiн ұқсатудан қалған қалдықтарды шартта белгiленген баға бойынша ақы төлете отырып қайтару мiндетi көзделуi мүмкiн».
Осы баптың екінші тармағында да өрескел қателік жіберілген. Яғни, «осы параграфтың ережелерiмен реттелмеген келiсiм-шарт жасасу шарты бойынша қатынастарға тауар беру шарты туралы ережелер (осы Кодекстiң 458-477-баптары) қолданылады» – делінген. Алайда, 458-477-баптар «Тауар жеткiзiлiмi» атаулы шартты қамтиды, «тауар беру шарты» Азаматтық кодексінде мүлдем жоқ.
ҚР Азаматтық кодексінің 25-тарауында айырбас шарты бойынша да өрескел қателіктерге жол берілген. Орыс тілінде 501-бап:
«1. По договору мены каждая из сторон обязуется передать в собственность, хозяйственное ведение, оперативное управление другой стороны один товар в обмен на другой» болса, қазақ тілінде: «1. Айырбас шарты бойынша тараптардың әрқайсысы шаруашылық жүргiзудi, оралымды басқаруды басқа тараптың меншiгiне бiр тауарды екiншiсiне айырбасқа беруге мiндеттенедi».
Яғни, орыс тілінде тараптар біріне бірі тауарды меншік құқығына немесе тағы да екі заттық құқыққа - шаруашылық жүргiзуге әлде оралымды басқаруға беруге міндеттенеді. Бұл екі заттық құқық мемлекеттік заңды тұлғаларға тиесілі және ешбір өзге тұлғаларға олармен берілмейді, айырбас шартының объектісі бола алмайды. Аудармашы құқықтық білімнен жұрдай болғаны осындай өрескел лингвистикалық та, құқықтық та қателікке әкеп соққан.
501-баптың үшінші тармағына келетін болсақ, оның нормасы да зор қателікке ұшыраған. Орыс тілінде:
«3. Положения, предусмотренные настоящей главой, применяются к обмену прав (работ, услуг),...» делінсе, қазақ тілінде: «Осы тарауда көзделген ережелер, ... құқықтарды айырбастауға (жұмыстар, қызмет көрсетулер) қолданылады» – делінген.
Шынайы түрде «Осы тарауда көзделген ережелер, ... құқықтарды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) айырбастауға қолданылады» - деп аударылуы қажет.
27-тарауда 506-бабының 2-тармағында сыйға тарту шартының ерекше түрі – сый тартуға үәде беру шарты туралы нормалар бекітілген, оның ішінде осы шарттың түсінігі берілген. Мысалы, орыс тілінде:
«2. Обещание безвозмездно передать кому-либо вещь или имущественное право либо освободить кого-либо от имущественной обязанности (обещание дарения) признается договором дарения и связывает обещавшего, если обещание сделано в надлежащей форме (пункт 2 статьи 508) и содержит ясно выраженное намерение совершить в будущем безвозмездную передачу вещи или права конкретному лицу либо освободить его от имущественной обязанности». – Осылайша, аталмыш келісім шарттың конструкциясы бойынша оның нақты атауы жақшада берілген: «(обещание дарения)».
Қазақ тіліндегі мәтінінде шарттың осы түрінің жақшадағы атауы «босату» деген сөзге байланыстырып, мүлдем қате бекітілген – (сыйға тартуға уәде беруден) – яғни, еш мәнсіз сөз тіркестері келтірілген:
«2. Әлдекiмге затты немесе мүлiктiк құқықты тегiн беруге уәде ету не әлдекiмдi мүлiктiк мiндеттен (сыйға тартуға уәде беруден) босату сыйға тарту шарты болып танылады және егер уәде тиiстi нысанда (508-баптың 2-тармағы) жасалса және алдағы уақытта нақты тұлғаға затты немесе құқықты тегiн беру не оны мүлiктiк мiндеттен босатуға айқын ниет бiлдiрiлген болса, уәде берушiнi босатпай тастайды». Және «...босатпай тастайды» деген сөз тіркесі де орынсыз қолданған.
Заң шығарушының нақты қалауын жүзеге асыру үшін бұл норма мынадай құрылымда болу керек: «2. Әлдекiмге затты немесе мүлiктiк құқықты тегiн беруге не әлдекiмдi мүлiктiк мiндеттен босатуды уәде ету (сыйға тартуға уәде беру) сыйға тарту шарты болып танылады және, егер уәде тиiстi нысанда (508-баптың 2-тармағы) жасалса және алдағы уақытта нақты тұлғаға затты немесе құқықты тегiн беру не оны мүлiктiк мiндеттен босатуға айқын ниет бiлдiрiлген болса, уәде берушiнi үәдесінен босатпайды.».
508-баптың 1-тармағында «Дарение, сопровождаемое передачей дара одаряемому...» сөз тіркесі – «Сый алушыға сыймен қоса сыйға тарту...» деп түсініксіз аударылған.
Аталмыш баптың 2-тармағында орыс тіліндегі мәтінінде «Договор дарения движимого имущества» мүлдем керісінше «Қозғалмайтын мүлiктi сыйға тарту шарты» деп аударылған.
Кодекстің олқылықтар санатындағы тізілімі жоғарыдағы келтірілген мысалдармен шектелмейді, бірақта осыларды түзетіп, жетілдіру отандық құқықтану саласына зор үлесін қосатыны сөзсіз.

Талқылау
Мақалада зерделенген мәселелердің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Азаматтық кодексінің мемлекеттік тіліндегі мәтінін толығымен қайта қарастырып, алдымен орыс тіліндегі мәтінімен сәйкестендіріп, тек содан кейін заманауи өзгерістерге сәйкес жетілдіру шараларын қабылдау қажет. Қарастырылған мәселелер және оларды зерттеудің нәтижелері практикада нормашығармашылық қызметінде тікелей пайдалануға болады, азаматтық заңнаманың көптеген қателіктерін түзетуге мүмкіндіктер жасайды. Оқытушылық қызметте те мақалада келтірілген талдаулар, тұжырымдар болашақ заңгерлерді дайындауда зор көмек болатыны сөзсіз.
Сонымен қатар, азаматтық құықтық ғылым саласында да осы мақаланың нәтижелері әрі қарай саралауға, тиімді ұсыныстар беруге негіз болады.

Қорытынды
Отандық Азаматтық кодексінің мемлекеттік тілдегі мәтінінің қателіктері жүздеген сандармен ерекшеленеді. Егеменді мемлекеттің 30 жылда қалыптасқан құқықтық нормалары, институттары мемлекеттің мүліктік қатынастарды реттеудегі саясатын баршаға түсіндіріп, қолданыста тиімділікпен пайдалануды жүзеге асырудың орнына, жүйелі түрдегі кемшіліктерді орнату көрініс табуда.
Құқықтық саясаттың жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында азаматтық-құқықтық қатынастарды құқықтық реттеу оны азаматтық айналымның өзгеру жағдайларына сәйкес келтіруді көздейді. Алайда, алға басу үшін осы мақалада сараланған, құқықтық қолданыста мүлдем қате қалыптасып қалған жүйелі де өрескел қателіктерді тез арада түзету бойынша әрекеттер жасауды қажет деп есептейміз.
«Кодекс» санатындағы заңнамалық актісінің маңыздылығы аса зор екенін, оның ішінде күнделікті мыңдаған мүліктік қатынастарды және жеке мүліктік емес қатынастарды реттейтін түбегейлі заңнаманың қоғамдағы орны ерекше екендігі айқын. Бұл туралы белгілі ғалым С.Ф. Ударцевтың аталмыш санаттағы заңнамалардың мақсаты туралы пікірі өте өзекті болуда: «... в первую очередь важно для стройности системы законодательства, удобства пользования им физическими и юридическими лицами, для обеспечения доступности законодательства для граждан».7 Өкінішке орай, біздің мемлекеттік тілдегі Азаматтық кодексіміз азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдалануларына тиімділігі бірталай кемшіл және бұл заңнамалық ақтісінің мәні баршаға түсінікті деп айта алмаймыз.
Осы орайда КАЗГЮУ унверситеті желеу еткен азаматтық заңнамаларды жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған бағдарламасы қазіргі заңшығармашылық қызметінің деңгейін көтеруге, мемлекеттік тілдегі заңнамалардың сапасын арттыруға үлес қосатынына сенімдіміз.

Идрышева С.К., профессор Департамента частного права АО «Университет КАЗГЮУ им. М.С. Нарикбаева», д.ю.н.: Совершенствование гражданского законодательства как главное направление правовой политики.
Статья посвящена реформированию Гражданского кодекса Республики Казахстан на государственном языке. Актуальность темы обусловлена тем, что текст данного кодекса на казахском языке во многих случаях не соответствует смыслу этого основного законодательного акта на русском языке, что на практике приводит к существенным проблемам в его использовании, и такие ошибки приобрели системный характер. Системный характер недостатков правовых норм основан на их многочисленности, нарушении принципов аутентичности устоявшихся юридических терминов и институтов на двух языках, многочисленных логических, стилистических нарушениях и недостатках юридической техники.
Предметом исследования являются правовые нормы и институты, которые в течение многих лет неверно формировались в тексте Гражданского кодекса на государственном языке. Цель статьи – выявить системные недостатки, ошибки в тексте ГК на государственном языке, искажающие волю законодателя, влекущие утрату смысла правовых норм и институтов, их неправильное понимание и препятствующие эффективному применению гражданского законодательства.
При написании статьи использовались общенаучные методы, в том числе систематический, сравнительно-правовой, формально-юридический; логический и семантический анализ, моделирование. По результатам критического исследования автором выявлен ряд системных недостатков в тексте ГК на государственном языке, проведен их анализ и даны конкретные рекомендации по устранению ошибок в текстах ошибочных правовых норм и институтов, приведены их редакции. Работа выполнена в рамках реализации приоритетного научного направления «Реформирование гражданского законодательства Республики Казахстан» ВШП АО «Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева».
Ключевые слова: Гражданский кодекс, системные недостатки, неверный перевод, искажение смысла, институт права, Концепция правовой политики, кредитор, срок исковой давности, договор мены, обещание дарения.

Idrysheva, Sara K., JSC "KAZGUU University named after MS Narikbayev" Professor of the Department of Higher Law, Doctor of Law: Improvement of civil legislation as the main direction of legal policy.
The article is devoted to reforming the Civil Code of the Republic of Kazakhstan in the state language. The relevance of the topic is due to the fact that the text of this code in the Kazakh language in many cases does not correspond to the meaning of this basic legislative act in Russian, which in practice leads to significant problems in its use, and such errors have become systemic. The systemic nature of the shortcomings of legal norms is based on their multiplicity, violation of the principles of authenticity of established legal terms and institutions in two languages, numerous logical, stylistic violations and shortcomings of legal technology.
The subject of the research is legal norms and institutions, which for many years have been systematically formed in the text of the Civil Code in the state language. The purpose of the article is to identify systemic shortcomings, errors in the text of the Civil Code in the state language, distorting the will of the legislator, entailing the loss of the meaning of legal norms and institutions, their misunderstanding and hindering the effective application of civil legislation.
When writing the article, general scientific methods were used, including systematic, comparative legal, formal legal; logical and semantic analysis, modeling. Based on the results of a critical study, the author identified a number of systemic shortcomings in the text of the Civil Code in the state language, analyzed them and provided specific recommendations for eliminating errors in the texts of erroneous legal norms and institutions, and presented their editions. The work was carried out within the framework of the implementation of the scientific direction "Reforming the civil legislation of the Republic of Kazakhstan" of the SSP JSC "University of KAZGUU named after M.S. Narikbayev".
Keywords: Civil code, systemic deficiencies, incorrect translation, distortion of meaning, institution of law, concept of legal policy, creditor, limitation period, barter agreement, promise of donation.

Список литературы
1. Идрышева С.К. Состояние конституционной законности в сфере применения государственного языка в законодательных актах РК // Вестник Института законодательства и правовой информации. 2020. № 3. С. 34-42; №-4. – С. 35-41.
2. Идрышева С.К. О реформировании гражданского законодательства // Право и государство. 2020. № 3-4. – С. 6-29. DOI: 10.51634/2307-5201_2020_34_6
3. Ударцев С.Ф. Проблемы систематизации и кодификации законодателства // Право и государство. 2013. № 3(60).
4. Хасенов М.Х. Реформирование гражданского законодательства в Европе: сравнительно-правовой обзор. Статья 1 // Право и государство. 2020. № 3-4. – С. 30-45. DOI: 10.51634/2307-5201_2020_34_30
5. Примашев Н. Принцип законности и дефектное законодательство Республики Казахстан. https://www. zakon.kz/204204-princip-zakonnosti-i-defektnoe.html

Bibliografiya
1. Idrysheva S.K. Sostoyanie konstitucionnoj zakonnosti v sfere primeneniya gosudarstvennogo yazyka v zakonodatel'nyh aktah RK. //Vestnik Instituta zakonodatel'stva i pravovoj informacii. 2020. № 3. S. 34-42; №-4 s. 35-41.
2. Hasenov M.H. Reformirovanie grazhdanskogo zakonodatel'stva v Evrope: sravnitel'no-pravovoj obzor. Stat'ya 1 // Pravo i gosudarstvo. 2020. № 3-4. – S. 30-45. DOI: 10.51634/2307-5201_2020_34_30
3. Idrysheva S.K. O reformirovanii grazhdanskogo zakonodatel'stva // Pravo i gosudarstvo, 2020. № 3-4, s.6-29 DOI: 10.51634/2307-5201_2020_34_6
4. Udartsev S.F. Problemy sistematizacii i kodifikacii zakonodatelstva // Pravo i gosudarstvo. 2013. № 3(60).
5. Primashev N. Princip zakonnosti i defektnoe zakonodatel'stvo Respubliki Kazahstan. https://www. zakon.kz/204204-princip-zakonnosti-i-defektnoe.html

 

 

№ 2 (91), 2021

В этом номере:

Учредитель:
АО Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева (Maqsut Narikbayev University).
Партнеры:

Журнал зарегистрирован в Комитете информации и архивов Министерства культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство № 7742-Ж.
ISSN: 2307-521X (печатная версия)
ISSN: 2307-5201 (электронная версия)