Сыйға тарту шартының күшін жою негіздерінің отандық сот практикасындағы қолданысы

DOI
УДК 347.4; 347.2/.3
ГРНТИ 10.27.57

М.А. Естемиров
«М.С. Нәрікбаев атындағы
КАЗГЮУ Университеті» АҚ
Жеке құқық департаментінің
аға оқытушысы, PhD докторы
(Нұр-Сұлтан),
e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

Түйіндеме
Мақалада сыйға тарту шартының күшін жою негіздерінің сот практикасындағы қолданысы талданған. Зерттеу пәні ретінде сыйға тарту шартының күшін жоюдың отандық Азаматтық кодексте бекітілген негіздері алынды. Сыйға тарту шартының күшін жою негіздерінің отандық сот практикасындағы қолданысына талдау жүргізу, осы сауалға қатысты сот практикасындағы қайшылықтардың бар-жоқтығын анықтау, өзара кереғар сот ұстанымдары айқындалған ретте ортақ бір ұстанымды қалыптастыру және сыйға тарту шартының күшін жою негіздерін реттейтін отандық заңнаманы кемелдендіруге бағытталған нақты ұсыныстарды әзірлеу осы зерттеудің мақсаты ретінде белгіленді.
Сыйға тарту шартының күшін жою негіздерінің қолданысына қатысты отандық сот практикасындағы бірізділік талабының сақталынбауы, жекелеген сауалдарды құқықтық реттеуді кемелдендіру қажеттілігі зерттеу мазмұнының өзектілігін айшықтай түседі. Отандық сот практикасына жүргізілген шолу нәтижесінде келесілер айқындалды. Біріншіден, ҚР АК 512-бабының 1-тармағындағы негіз бойынша сыйға тарту шартының күшін жою үшін сый алушының осы тармақта көрсетілген әрекеттері үшін қылмыстық не әкімшілік тәртіпте жауаптылыққа тартылғандығы жайлы фактінің талап етілетіндігі белгілі болды. Сонымен бірге, сыйға тартушыға дене жарақатын салмай, алайда, сый алушы тарапынан жиі қайталанатын балағаттау және т.с.с. өзге де құрмет көрсетпеу арқылы сыйға тартушыны ауыр азапқа ұшырату жағдайлары бұл тармақпен қамтылмай қалғандығы белгілі болды. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында автор заң шығарушыға сыйға тартудың күшін жою негіздерінің бірі ретінде «жасалған жақсылықтың қадірін білмеу» ұғымын ендіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Екіншіден, ҚР АК 512-бабының 2-тармағында қолданылатын «үлкен мүліктік емес құндылық» ұғымы талданып, аталған ұғымның аясына мүліктік құны өте қымбат заттарды ендіруге қатысты отандық сот практикасында екі ұстанымның қалыптасқандығы мәлім болды. Бұл ретте, автор мүліктік құны қымбат заттардың да «үлкен мүліктік емес құндылық» бола алатындығы жайлы пайыммен келісетіндігін алға тартады. Үшіншіден, сыйға тарту шартының күшін жою салдарына қатысты ҚР АК 48- тарауының «Негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттемелер» ережесін қолдану жөнінде ұсыныс жасалған.
Тірек сөздер: сыйға тарту шарты, сыйға тарту шартының күшін жою, сый беруші, сый алушы, қасақана дене жарақаты, өміріне қастандық жасау, үлкен мүліктік емес құндылық, банкроттық, заң шығарушы, сот шешімі, азаматтық кодекс, сот практикасы, сыйға тарту шартының күшін жою салдары.

Кіріспе
У. Шекспирдің әлемге мәшһүр «Король Лир» пьесасына арқау болған оқиға ара-тұра қазіргі күнделікті өмірімізде де кездесіп қалып жатады. Есіңізде болар, жоғарыдағы пьесада егде тартқан король Лирдің өз патшалығын қыздарына бөліп бергісі келгендігі, тілден бал тамызып жылы сөздер айтқан үлкен екі қызына бүкіл патшалығын теңдей бөліп беріп, ал мұндай мақтау сөздерді айта қоймаған кіші қызын ешбір сыйсыз қалдырғандығы, алайда, патшалықты теңдей бөліп алған екі үлкен қызының король үмітін ақтамағандығы, тіпті, өз әкелері бұрынғы король Лирді сарайдан қуып шыққандығы, тек, ешбір сый алмаған үшінші қызының ғана әке қызметіне жарауға ұмтылғандығы сипатталады. Сюжеті жоғарыдағы шығармаға ұқсас өмірлік оқиғалар қазір де жиі орын алуда. Осы мазмұндағы өмірлік жайттарды реттестіру үшін әрбір елдің заң шығарушысы ұлттық заңнамаларында «Сыйға тарту шартының күшін жою» деп аталатын арнайы құқықтық конструкцияны қарастырады. Отандық заң шығарушы да осы мазмұндағы өмірлік жағдайларды реттестіру үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (бұдан әріде - ҚР АК) 512-бапты «Сыйға тартудың күшін жою» қарастырған. Сонымен, нәтижелері оқырман назарына ұсынылатын бұл шағын зерттеу барысында сыйға тарту шартының күшін жоюдың ҚР АК 512-бабында бекітілген негіздерінің қолданысына қатысты бірізділік талабының сақталатын не сақталмайтындығына көз жеткізуге, сыйға тарту шартының күшін жоюды құқықтық реттестірудің кемшіл тұстарының бар не жоқтығын айқындауға талпыныс жасалған.

Мақаланың негізгі ережелері
Мақаланы әзірлеу барысында келесідей ұсыныстар әзірленді. Біріншіден, сыйға тартудың күшін жою негіздерінің бірі ретінде «жасалған жақсылықтың қадірін білмеу» негізінің де ендірілгендігін жөн деп пайымдаймыз. Екіншіден, зерттеу барысында ҚР АК 512-бабының 2-тармағында қолданылатын «үлкен мүліктік емес құндылық» ұғымының қандай заттарды қамтитындығына қатысты отандық сот практикасында өзара кереғар екі ұстанымның қалыптасқандығы мәлім болды. Біздің пайымдауымызша, «үлкен мүліктік емес құндылық» ұғымының аясына мүліктік құны қымбат болатын заттарды да ендіруге болады және отандық сот практикасындағы ортақ ұстаным осы идея төңірегінде топтасуы тиіс. Үшіншіден, сыйға тарту шартының күшін жою салдарына қатысты ҚР АК 48-тарауының «Негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттемелер» ережесінің қолданылатындығын бекітуді ұсынамыз.

Зерттеуде қолданылған материалдар мен әдістер
Мақаланы әзірлеу барысында отандық сот практикасына мейлінше жан-жақты талдау жүргізілді. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтындағы «Сот кабинеті», bestprofi.kz платформасындағы ресурстар кеңінен қолданылды. Сонымен бірге, мақалға арқау ретінде алынған сұрақтар бойынша қалам тартқан отандық және шетелдік зерттеушілердің еңбектеріне жіті назар аударылды. Зерттеу барысында салыстырмалы-құқықтық, логикалық және өзге де жалпы ғылыми тәсілдер қолданылды.

Негізгі бөлім
І. Өткенге шолу
Жекелеген зерттеушілер сыйға тартудың күшін жою мүмкіндігінің Рим империясында б.з. IV ғасырынан бастап қолданысқа ресми енгізілгендігі және мұны қолданудың келесідей алғышарттарының болғандығы жайлы деректерді келтіреді. Атап айтқанда, сыйға тартудың күшін жою үшін сый алушы сыйға тартушының ұрпағы болуы тиіс және жасалған жақсылықтың қадірін білмеуі қажет еді. Ал, жасалған жақсылықтың қадірін білмеудің келесідей төрт нысанда болғандығына назар аударылады: сыйға тартушыны ауыр сөздермен балағаттау, қорлау; өміріне қастандық жасау; талапты орындамау; мүлікке келген зиянға кінәлі болуы1. Сонымен бірге, Рим империясында патроны сыйға тарту кезінде баласыз болып, кейін баласы дүниеге келсе, бұл да сыйға тартудың күшін жоюға негіз бола алатындығы жайлы мағлұматтар кездеседі2.
Ұ. Нұрғалымұлы өзінің «Дайағашшы» кітабының «Ниет» деп аталатын бөлігінде әкесінің бір досы бұлардың қоңыр құнанын сұрап келгенін, сонда әкесінің ол жылқыны жиеніне сыйға беремін деп ниет етіп қойғандығын, сол себепті ол мал енді жиенінің жылқысы екендігін, тіпті, қатты қызығып тұрса, сол жиенінен сұрау керектігін алға тартқан оқиғасын сипаттайды3. Кітапта сипатталған осы және өзге де оқиғалардан сыйға тартуға деген біздің халықтың ұстанымын, табиғи болмысын аңғаруға болады. Сонымен бірге, қазір көп отандастарымызға ұмыт болған «Дайағашшы» сөзінің мағынасын ашу арқылы да автор қалың оқырманға көп қызықты мағлұматтар бере білген.
М.И. Брагинский мен В.В. Витрянскийдің бірлескен еңбегінде Ресей империясының революцияға дейін әзірленген Азаматтық жинағында да сыйға тартудың күшін жоюды реттестіруге бағытталған арнайы ережелердің қарастырылғандығы жөнінде деректер келтіріледі. Сол кезеңдері әзірленген Азаматтық жинақтың жобасына сәйкес келесідей үш жағдайда атап айтқанда, біріншіден, сый алушы өзіне жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда, екіншіден, сый алушы өзіне жасалған жақсылықтың қадіріне жетпесе және үшіншіден, сыйға тартушының ысырапқорлығы себепті сыйға тартудың күшін жоюға жол берілетіндігі қарастырылған еді4. Осы тұстағы сыйға тартудың күшін жою негіздерінің бірі ретінде алынған «сый алушының өзіне жасалған жақсылықтың қадіріне жетпеуі» негізін, сол Азаматтық жинақ жобасын әзірлеушілер келесідей мазмұнда нақтылай түседі: «1799 бап. Сый алушы келесідей жағдайларда жасалған жақсылықтың қадіріне жетпеді деп танылады: 1) егер, сыйға тартушының не оның жұбайының немесе туыстарының өміріне, денсаулықтарына, ар-намысы мен мүлкіне, бостандықтарына қарсы бағытталған қасақана қылмыстық әрекет жасаса; 2) егер, сыйға тартушыға айқын құрметсіздік танытса; 3) егер, сыйға тартушыға қаскүнемдікпен едәуір мүліктік зиян келтірсе; 4) егер, заң бойынша сыйға тартушыны мүліктік жағынан қамтамасыз етуі тиіс болып, алайда, бұл міндетін орындамаған болса.»5.

ІІ. Бүгінгі таңдағы құқықтық реттелуі
Сыйға тартушының берілген сыйды кері талап ету жағдайларын реттестіру үшін отандық заң шығарушы ҚР АК 512-бабын «Сыйға тартудың күшiн жою» қарастырған. Ал, ҚР АК 512 бабында сыйға тарту шартының күшін жою негіздері ретінде келесі мән-жайлар аталып көрсетілген: (і) егер сый алушы сыйға тартушының өмiрiне, оның отбасы мүшелерiнiң немесе жақын туыстарының бiреуiне қастандық жасаса не сый берушiге қасақана дене жарақатын салса; (ii) егер сый алушының сыйға тартушы үшiн үлкен мүлiктiк емес құндылық болып саналатын сыйланған затты ұстауы оның бiржола жойылу қаупiн тудырса; (iii) дара кәсiпкер немесе заңды тұлға өзіне қатысты банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғаудың алдындағы бір жыл iшiнде "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелерiн бұза отырып, өзінің кәсіпкерлік қызметімен байланысты қаражат есебінен жасалынған сый болса, мүдделі тұлғаның талабы бойынша сыйға тарту шартының күші жойылуы мүмкін; (iv) сый берушi сый алушыдан ұзақ өмiр сүрген жағдайда, сыйға тартудың күшiн жою құқығы шартта көрсетілген болса. Бұдан әріде жоғарыда көрсетілген негіздердің әрбірінің отандық сот практикасындағы қолданысына кеңірек тоқталсақ.
(і) Егер сый алушы сыйға тартушының өмiрiне, оның отбасы мүшелерiнiң немесе жақын туыстарының бiреуiне қастандық жасаса не сый берушiге қасақана дене жарақатын салса
Бұл негізді алға тартып сыйға тарту шартының күшін жою үшін отандық соттар әдетте, тұлғаның кінәлілігін қылмыстық не әкімшілік іс жүргізу тәртібінде айқындаған сот актілерін талап етеді6. Сыйға тартушыға қасақана дене жарақатын салғандығы үшін сый алушыны қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы үкімнің не әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауаптылыққа тарту туралы қаулының жоқтығы, сыйға тартудың күшін жою туралы талаптардың қанағаттандырусыз қалуына әкелетіндігі туралы байлам отандық сот практикасында орныққан ұстаным деп атауға болады. Мысалы, Алматы қаласының Бостандық аудандық сотының 2017 жылдың 06 қазанындағы №7514-17-00-2/10567 шешімі, Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2016 жылдың 13 сәуіріндегі №7575-16-00-2/607 шешімі. Сонымен бірге, сый берушіге салынатын дене жарақатының ауыр не жеңілдігінің іс үшін маңыздылығына тоқталсақ. Мысалы, Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотының 2019 жылдың 27 желтоқсанындағы №3524-19-00-2/4058 шешімінде сипатталған істе сыйға тартушыға салынған дене жарақатының дәрежесі іс үшін маңызды емес екендігі, бастысы дене жарақатын салу фактісінің болуының ғана маңызды екендігі жайлы байлам жасалса, енді бір жекелеген істерде бұзақы әрекеттері арқылы сый алушының сыйға тартушыға жеңіл дене жарақатын салғандығы үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту фактісінің өзі сыйға тартудың күшін жоюға жеткілікті негіз екендігі жайлы байламдар жасалған7.
Осы тұста аңғаратынымыз, бір топ істерде отандық соттар тұлғаның кінәсін айқындауда тек қылмыстық іс жүргізу тәртібінде қабылданған сот актісі, үкімді талап етіп жатса, ал екінші бір істерде әкімшілік жауаптылыққа тартылудың өзі жеткілікті деген байламдар жасаған. Сонымен бірге, назар аударуды талап ететін мына бір сауалға да тоқталсақ. Мысалы, сый алушы сыйға тартушыға қасақана дене жарақатын салған жоқ, алайда, «Сөз сүйектен өтеді» демекші, ауыр сөздермен балағаттаса, жиі қайталанатын ұрыс-керістер және т.с.с жағдайлар арқылы үйдің тыныштығын бұзса қайтпек керек? Осындай жағдайларда сый беруші сыйға тарту шартының күшін жоя алады ма? ҚР АК 512-бабындағы 1-тармақтың қазіргі редакциясының бұған мүмкіндік бермеуі себепті, отандық сот практикасында жоғарыдағы сұраққа теріс жауап берілген жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы N 214-IV Заңының 20-бабына сәйкес салынған «қорғау нұсқамасының» болуы да, отандық сот корпусы тарапынан сыйға тарту шартының күшін жою үшін жеткілікті негіз ретінде қабылданбауда8. Бұл мәселеге отандық заң шығарушының тиісті назар аудармауын құқықтық реттеудің осал тұсы деп пайымдаймыз. Сол себепті, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін отандық заң шығарушының ҚР АК 512-бабының мазмұнына сыйға тарту шартының күшін жоюдың қосымша бір негізі ретінде «жасалған жақсылықтың қадіріне жетпеу» деген негізді ендіргенін жөн деп білеміз. Осы негізді ендіру арқылы сый берушіге дене жарақатын салмайтын, алайда, әулеттің берекесін кетіріп шектен шығатын жағдайларды қамтуға болады деп сенеміз.
Жоғарыдағы негізге сүйеніп сыйға тартудың күшін жою жайлы істерде көтерілетін келесі бір мәселе, ол талап қою мерзімі жайлы сауал болып табылады. Әдетте, сыйға тарту шартының күшін жою талап етілгенде талап қою мерзімінің өткен-өтпегендігін анықтау үшін дене жарақатының қашан салынғандығы маңызды рөлге ие болады. Мысалы, Ақтөбе қалалық сотының 2014 жылдың 21 қарашасындағы № 2-12172/14 шешімінде келесі деректер келтіріледі. Атап айтқанда, сыйға тарту шартының өзі 2003 жылы жасалынғанымен, сый берушіге дене жарақатын салу оқиғасы 2014 жылы орын алынғандықтан, сот сыйға тартудың күшін жою туралы талапты қанағаттандыруға болады деген байламға келеді. Сонымен, қасақана дене жарақатын салғандығы үшін сыйға тартудың күшін жою талаптарына талап қою мерзімі жайлы ережелердің қолданылатындығы жайлы байлам отандық сот тарапынан қуатталады9. Мысалы, Павлодар қалалық сотының 2021 жылдың 22 сәуіріндегі №5510-21-00-2/1650 шешімінде сыйға тарту шартының 2016 жылдың 19 қыркүйегінде жасалып, ал сыйға тарту шартының күшін жою туралы талаптың 2021 жылдың 11 наурызында яғни, арада 4,5 жыл өткеннен кейін ғана берілгендігіне және талап қоюшыға дене жарақатының салынғандығының айқындалмағандығына сілтеме жасалып, талап қанағаттандырусыз қалдырылған.
(іі) Егер сый алушының сыйға тартушы үшiн үлкен мүлiктiк емес құндылық болып саналатын сыйланған затты ұстауы оның бiржола жойылу қаупiн тудырса
Осы тұста бұл негіздің көмегіне сүйеніп, сыйға тарту шартының күшін жою талпыныстарында туындап жатқан мына бір қиындыққа назар аударғымыз келеді. Мысалы, құны айтарлықтай қымбат зат сыйға тартылса, сыйға тартушы кейіннен осы затты өзін үшін үлкен мүліктік емес құндылық болып табылады деген уәжді алға тартып, аталған сыйға тарту шартының күшін жоя алады ма? Сонымен, мүліктік құны қомақты үлкен сома болатын заттарға қатысты жасалынған сыйға тартудың күшін осы негіз бойынша жоюға болатын не болмайтындығына қатысты бүгінгі таңдағы отандық сот практикасында екі ұстаным қалыптасуда. Атап айтқанда, жекелеген істерде пәтер және т.с.с. өзге де заттардың тараптар үшін тек мүліктік құндылық ғана бола алатындығы жайлы байламдар жасалған10. Тіпті, кейбір істерде тұлғаның үйді алғашқы кірпішінен бастап өзі жоспарлап салғаны және осы себепті, аталған үйдің өзі үшін үлкен жеке мүліктік емес құндылық екендігін алға тартқан уәждері назарға алынбай, үйдің тек мүліктік құндылық ғана бола алатындығы жайлы байламдар жасалған11. Ал, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – ҚР ЖС) 2015 жылдың 23 сәуіріндегі №3г-1332/2015 қаулысында «жер телімінің үлкен мүліктік емес құндылық» екендігін қуаттайтын айғақтарды талап қоюшының ұсынбағандығы себепті, талапты қанағаттандырусыз қалдырудың заңды екендігі жайлы байлам жасалған. Бұл қаулыдан отандық Жоғарғы соттың жер телімінің тұлға үшін мүліктік емес құндылықта бола алатындығын жоққа шығармайтындығын аңғаруға болады. Ал, екінші бір істерде пәтердің және т.с.с. өзге де заттардың мүліктік және жеке мүліктік емес құндылықта бола алатындығы жайлы байламдар берілген12. Соңғы бұл ұстанымды қуаттай түсу үшін мына бір іске де назар аударсақ. Атап айтқанда, ҚР ЖС 2020 жылдың 21 желтоқсанындағы № 6001-20-00-3г-7404 қаулысында құны 7 800 000 000 теңгені құрайтын акциялар пакетін «үлкен мүліктік емес құндылық» санатына жатқызуға болатындығы жайлы байлам жасалған. Сонымен, осы сауалға қатысты отандық сот практикасында біркелкілікті қалыптастыру қажеттілігі айқын көрініп тұр.
(ііі) дара кәсiпкер немесе заңды тұлға өзіне қатысты банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғаудың алдындағы бір жыл iшiнде "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелерiн бұза отырып, өзінің кәсіпкерлік қызметімен байланысты қаражат есебінен жасалынған сый болса, мүдделі тұлғаның талабы бойынша сыйға тарту шартының күші жойылуы мүмкін
«Оңалту және банкроттық туралы» ҚР заңының 71-бабының 3-тармағының 7)-тармақшасы мен 89-бабының 2-тармағының 7)-тармақшаларына сәйкес осы негіз бойынша сыйға тарту шартының күшін жою туралы талапты оңалтуды басқарушы мен банкроттық басқарушылар бере алады. Сонымен, заң шығарушы бұл тұста «мүдделі тұлға» деп осы тұлғаларды айтуда. Сондай-ақ бұл негіз бойынша сыйға тарту шартының күшін жою, тек ҚР АК 512-бабының 3-тармағымен ғана емес, сонымен бірге, «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР заңының 7-бабының ережелерімен де реттеледі. Осы ретте, ҚР АК 512-бабының 3-тармағы мен «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР заңының 7-бабындағы ережелердің өзара үйлесімділігі туралы сұрақтар туындайды.
Алғашқы туындайтын сұрақ даулау мерзімдеріне қатысты болмақ. Мысалы, ҚР АК 512-бабының 3-тармағында «банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғаудың алдындағы бір жыл iшiнде» деп бір жылдық мерзім көрсетілсе, ал, «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР заңының 7-бабының 1-тармағында «оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасасқан болса» деп даулануы мүмкін кезең ретінде үш жылдық мерзімді көрсетуде. Сот практикасына жүргізілген шолу отандық соттардың осы тұстан сүрініп жатқандығын көрсетуде. Мысалы, Ақмола облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылдың 06 сәуіріндегі №1199-17-00-2а/357 қаулысында сыйға тартуды даулауға бір жылдық кезең қолданылатындығы жайлы бірінші сатының байламы заңсыз деп танылып, банкрот деп танылған дара кәсіпкер жасасқан сыйға тарту шартын даулауға үш жылдық мерзім қолданылатындығы жайлы қорытынды жасалған. Дегенмен, екінші бір істе оңалту және банкроттық рәсімдеріндегі дара кәсіпкер не заңды тұлғаның жасасқан сыйға тарту шартының күшін жоюға бір жылдық кезеңнің қолданылатындығы жайлы қорытындылар жасалған. Мысалы, Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының 2010 жылдың 16 сәуіріндегі №2-125 шешімі.
Сыйға тарту шартының күшін жою салдарына қатысты да ҚР АК 512-бабы мен «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР заңының 7-баптарының қабыспайтын тұстары кездесіп қалуда. Мысалы, ҚР АК 512-бабының 5-тармағына сәйкес сыйға тарту шартының күші жойылған ретте сый алушы затты тек ол зат сақталынған жағдайда ғана сый берушіге кері қайтаруға міндетті екендігі бекітілген. Ал, «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР заңының 7-бабының 3-тармағы болса, сыйға тартылған мүлікті заттай кері қайтару мүмкін болмаса, мүліктік құнының өндірілуге жататындығын бекітеді. Бұл негіздің қолданылуы барысында туындайтын осы және өзге де сұрақтар бойынша біркелкі ортақ ұстаным қалыптастырылуы қажет.
(iv) сый берушi сый алушыдан ұзақ өмiр сүріп, сый берушінің шартты бұзу құқығы шартта көзделген болса
Бұл негіз бойынша сыйға тарту шартының күшін жою үшін келесідей алғышарттары орын алуы тиіс: біріншіден, бұл құқық сыйға тарту шартының өзінде көрсетілуі тиіс. Тиісінше, бұл құқық шартта қарастырылмаған болса, сый беруші сый алушыдан ұзақ өмір сүргенімен аталған шарттың күшін жою мүмкіндігінен айырылады13; екіншіден, сый беруші сый алушыдан ұзақ өмір сүруі тиіс. Отандық сот практикасындағы бұл негіздің қолданысына қатысты қандай да бір қайшылықтар біз тарапымыздан анықталмады.

ІІІ. Сыйға тарту шартының күшін жою салдары
Енді сыйға тартудың күшін жою салдарына назар аударсақ. Мысалы, қасақана дене жарақатын салу сәтіне дейін сый алушы сыйланған затты иелігінен шығарып үлгерген болса, мәселе қалай шешілмек? Сыйға тартушы сыйға тарту шартының күшін жоюды талап еткеннен не ұтпақ? Себебі, ҚР АК берілген комментарий мәтінінде мұндай жағдайда сый алушының заттың нарықтық құнын төлеуге не өзге затпен алмастыруға міндетті емес екендігі жайлы пікір білдірілген14. Демек, заттың жойылуымен сыйға тарту шартының күшін жоюдың қажеттілігі де қоса жойылады. Өзге құқықтық жүйелерде бұл мәселені келесідей жолмен шешуде. Мысалы, Германия Азаматтық жинағының 531-бабының 2-тармағына сәйкес сыйға тарту шартының күші жойылған ретте затты кері қайтару туралы талаптың негізсіз баю туралы тараудың ережелеріне сәйкес қойылатындығы бекітілген15. Осы мазмұндағы пікір ресейлік зерттеушілер тарапынан да білдіріледі16.

Талқылаулар
Кез-келген құқықтық реттеу жергілікті халықтың ерекшеліктерін ескеруі тиіс. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету көпұлтты Қазақстан халқына ортақ жақсы қасиеттердің бірі. Тіпті, бабаларымыз ата-анаға «туһ» деген кейіген кейіп көрсетпеуді өсиет етеді. Осы себепті, «жасалған жақсылықтың қадірін білмеудің» де сыйға тарту шартының күшін жою негіздерінің бірі ретінде бекітілгендігін құптаған болар едік. Себебі, өмірде сый алушы физикалық күш жұмсамай-ақ ауыр сөздермен балағаттау, күнделікті дау, жанжал шығару арқылы сый берушіні ауыр азапқа салу жағдайлары өкінішке орай, кездесіп қалып жатады. Жоғарыда көрсетілген негізді ендіру арқылы осындай өмірлік жағдайларды реттестіруге мүмкіндік ашылған болар еді.
Келесі тоқталатынымыз, «үлкен мүліктік емес құндылық» ұғымы болмақ. Біздің пайымдауымызша, мүліктік құны қымбат заттарда «үлкен мүліктік емес құндылық» бола алады. Осы себепті, «үлкен мүліктік емес құндылық» ұғымының аясына мүліктік құны қымбат болатын заттарды да ендіруге болады және отандық сот практикасындағы ортақ ұстаным осы идея төңірегінде топтасуы тиіс деп пайымдаймыз. Мұнымен қоса, сыйға тарту шартының күшін жою салдарына қатысты қазіргі құқықтық реттеудің кемшіл тұстары да бар деп пайымдаймыз. Сондықтан, сыйға тарту шартының күшінің жойылуының салдарына қатысты қазіргі ережелерді дамыта түсу қажет. Осы себепті, сыйға тарту шартының күшін жою салдарына қатысты ҚР АК 48-тарауының «Негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттемелер» ережесінің қолданылатындығын бекітуді ұсынамыз.

Қорытынды байламдар
Осы шағын талдаудың қорытынды бөлігінде келесідей байламдарға келуді мүмкін деп білеміз. Сыйға тарту шартының күшін жою негіздері мен салдары сипатталған ҚР АК 512-бабының отандық сот практикасындағы қолданысына қатысты бірқатар түйіткілді мәселелердің қордаланып қалғандығын аңғардық. Бұл мәселелердің кейбірі заң шығарушы тарапынан шешілуді талап етсе, ал, кейбірі отандық Жоғарғы соттың белсенді әрекеттеріне мұқтаж. Заңнаманың сапасы, туындап жатқан қоғамдық қатынастарды толықтай қамтуы және сот практикасындағы әралуан сауалдар бойынша алшақтыққа жол берілмей, ортақ ұстанымның болуы түптеп келгенде, отандастарымыздың заңға, сот билігіне де құрметінің артуына әкелері сөзсіз. Осы себепті, мақалада сипатталған ұсыныстарды заң шығарушы мен отандық сот корпусы алдағы жұмыстары барысында ескереді деп үміттенеміз.


М.А. Естемиров, старший преподаватель Департамента частного права АО «Университет КазГЮУ имени М.С. Нарикбаева», доктор PhD: Применение оснований отмены договора дарения в отечественной судебной практике.
В статье проанализировано применение оснований отмены договора дарения в судебной практике. Основания отмены договора дарения, закрепленные в отечественном Гражданском кодексе, определены в качестве предмета исследования. Цель исследования – провести анализ применения оснований отмены договора дарения в отечественной судебной практике, определить наличие либо отсутствие противоречий в судебной практике, при определении противоречий в судебной практике, подготовить конкретные рекомендации по формированию единой судебной практики, разработать предложения направленные на дальнейшее совершенствование института отмены договора дарения.
Отсутствие единой позиции в отечественной судебной практике по применению отдельных оснований отмены договора дарения, необходимость дальнейшего совершенствования института отмены договора дарения определяют актуальность данного исследования. В результате проведенного анализа отечественной судебной практики автором сделаны следующее выводы. Во-первых, для отмены договора дарения по основанию п.1 ст.512 ГК РК необходимо наличие установленного факта привлечения одаряемого к уголовной либо административной ответственности за совершение действий, описанных в вышеуказанном пункте. Однако возможны ситуации, когда одаряемый, не совершая покушения на жизнь дарителя либо на жизнь кого-либо из членов его семьи или близких родственников или не причиняя умышленные телесные повреждения дарителю, в то же время своими действиями, например, регулярно выражаясь нецензурными выражениями и т. д., может причинить душевные страдания дарителю. Жизненные ситуации такого рода не охвачены действующей редакцией ст. 512 ГК РК. Для восполнения пробела в этом вопросе автор предлагает рассмотреть возможность дополнения содержанию п.1 ст.512 ГК РК новым основанием отмены договора дарения, как «неблагодарность дарителя». Во-вторых, определено наличие двух противоречивых позиции в судебной практике по применению п.2 ст.512 ГК РК, т.е. на сегодняшний день присутствуют две позиций относительно возможности отнесения ценного имущества к категориям имущества, «представляющего для дарителя большую неимущественную ценность». Автор приходит к выводу о том, что ценное имущество также в состоянии представлять для дарителя большую неимущественную ценность. В-третьих, автором было предложено закрепить применение положения главы 48 ГК РК к последствиям отмены договора дарения.
Ключевые слова: договор дарения, отмена договора дарения, даритель, одаряемый, умышленное причинение телесного повреждения, совершение покушения на жизнь, большая неимущественная ценность, банкротство, законодатель, судебное решение, гражданский кодекс, судебная практика, последствия отмены договора дарения.


M.A. Yestemirov, Lecturer of the Department of Private Law of JSC "M.S. Narikbayev KazGUU University", PhD: Application of grounds for cancellation of the gift agreement in the local judicial practice. The article analyzes the application of the grounds for cancellation of the gift agreement in judicial practice. The grounds for the cancellation of the gift agreement fixed in the Kazakh Civil Code are defined as the subject of research. The purpose of the study are to analyze the application of the grounds for cancellation of the gift agreement in local judicial practice, to determine the presence or absence of contradictions in judicial practice, in cases determining of contradictions in judicial practice, to prepare specific recommendations for the formation of a unified judicial practice, to develop proposals aimed at further improving the institution of cancellation of the gift agreement.
The lack of a unified position in local judicial practice on the application of certain grounds for the cancellation of the gift agreement, the need for further improvement of the institution of cancellation of the gift agreement shows the relevance of this study. As a result of the analysis of local judicial practice, the author made the following conclusions. Firstly, in order to cancel the gift agreement on the basis of paragraph 1 of Article 512 of the Civil Code of the Republic of Kazakhstan, it is necessary to have an established fact of bringing the donee to criminal or administrative responsibility for committing the actions described in the above paragraph. However, there may be situations when the donee, without attempting for murdering of the donor or any of his family members or close relatives, or without causing intentional bodily injury to the donor, at the same time, by his actions, for example, regularly using obscene expressions, etc., can cause mental suffering to the donor. This kind of situations are not covered by the current version of Article 512 of the Civil Code of the Republic of Kazakhstan. To fill the gap in this issue, the author suggests considering the possibility of supplementing the content of paragraph 1 of Article 512 of the Civil Code of the Republic of Kazakhstan with a new basis for canceling the gift agreement, as "ingratitude of the donor". Secondly, the existence of two contradictory positions in judicial practice on the application of paragraph 2 of Article 512 of the Civil Code of the Republic of Kazakhstan has been determined, i.e. there are two positions regarding the possibility of assigning valuable property to the categories of property "representing great non-property value for the donor". The author comes to the conclusion that valuable assets are also able to represent a great non-material value for the donor. Thirdly, it is proposed to consolidate the application of the provisions of Chapter 48 of the Civil Code of the Republic of Kazakhstan to the consequences of the cancellation of the gift agreement.
Keywords: gift agreement, cancellation of the gift agreement, donor, donee, intentional causing of bodily injury, attempting for murder, great non-property value, bankruptcy, legislator, court decision, civil Code, judicial practice, consequences of cancellation of the gift agreement.

Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Гарсиа Гарридо М.Х. Римское частное право: казусы, иски, институты / Перевод с испанского; Отв. ред. Л.Л. Кофанов. – М.: Статут, 2005.
2. Paul de Plessis, Andrew Borkowski. Borkowski’s textbook on Roman law. Oxford, 2010.
3. Дайағашшы : Эссе, әңгіме, мақалалар / Нұрғалымұлы, Ұларбек. – Астана: Фолиант, 2018. – 240 б. // https://www.6alash.kz/kz/article/dayagashshi.html#gsc.tab=0.
4. Брагинский М.И., Витрянский В.В. Договорное право. Книга вторая. Договоры о передаче имущества. – М.: «Статут», 2003. – 800 б
5. Гражданский кодекс Республики Казахстан (Особенная часть). Комментарий (постатейный): В двух книгах. Книга 1 / Отв. ред.: М.К: Сулейменов, Ю.Г. Басин. – Алматы, 2006.
6. Palandt: Bürgerliches Gesetzbuch (BGB), 75. Auflage, 2016. Verlag C.H.Beck 80791 München, 2016.

References (transliterated):
1. Garsia Garrido M.H. Rimskoe chastnoe pravo: kazusy, iski, instituty / Perevod s ispanskogo; Otv. red. L.L. Kofanov. – M.: Statut, 2005.
2. Paul de Plessis, Andrew Borkowski. Borkowski’s textbook on Roman law. Oxford, 2010.
3. Dajagashshy : Esse, angіme, mahalalar / Nurgalymuly, Ularbek. – Astana: Foliant, 2018. – 240 b. // https://www.6alash.kz/kz/article/dayagashshi.html#gsc.tab=0.
4. Braginskij M.I., Vitryanskij V.V. Dogovornoe pravo. Kniga vtoraya. Dogovory o peredache imushchestva. – M.: «Statut», 2003. – 800 b.
5. Grazhdanskij kodeks Respubliki Kazahstan (Osobennaya chast'). Kommentarij (postatejnyj): V dvuh knigah. Kniga 1 / Otv. red.: M.K: Sulejmenov, YU.G. Basin. – Almaty, 2006.
6. Palandt: Bürgerliches Gesetzbuch (BGB), 75. Auflage, 2016. Verlag C.H.Beck 80791 München, 2016.

Учредитель:
АО Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева (Maqsut Narikbayev University).
Партнеры:

Журнал зарегистрирован в Комитете информации и архивов Министерства культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство № 7742-Ж.
ISSN: 2307-521X (печатная версия)
ISSN: 2307-5201 (электронная версия)