DOI 10.51634/2307-5201_2022_4_54
УДК 347.191.6
ГРНТИ 10.27.21
М.А. Естемиров,
PhD, М.С. Нәрікбаев атындағы
КАЗГЮУ Университеті
Жеке құқық департаментінің Teaching professor
(Астана, Қазақстан),
email: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.
Отандық банкроттық құқықтың жекелеген көкейкесті қырларын талдау осы мақаланың басты мақсаты болып табылады. Мақалада автор «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабының 8-тармағы 2)-тармақшасындағы ереженің Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы 1-тармағындағы ережеге сәйкестігі жайлы мәселе көтереді. Автордың пайымдауынша, «Оңалту және банкроттық туралы» қазіргі қолданыстағы заңды әзірлеу барысында жіберілген жүйелі қателіктер бұл жағдайдың шынайы себептері болып табылады. Мысалы, өзге көрші құқықтық жүйелерде (Ресей Федерациясы, Германия) банкроттық рәсімді жүргізуге қажетті қаражат болмаған не жеткіліксіз болған ретте банкроттық туралы істің басталуына рұқсат етілмейді немесе басталған іс тоқтатылады. Ал отандық заң шығарушы бұл сауалды мәжбүрлеу шарасы арқылы шешуге ұмтылған. Отандық құқықтық реттеудің осы тұсына автор сыни пікір білдіреді.
Банкроттық және оңалту рәсімдерін реттейтін барлық құқықтық ережелерді автор шартты түрде үш топқа жіктеп көрсетеді: 1) кодекс деңгейі: Азаматтық кодекс, Қылмыстық кодекс және т.б.; 2) заң деңгейі: «Оңалту және банкроттық туралы» және т.с.с.; 3) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, уәкілетті органның жекелеген актілері (ережелері, бұйрықтары) және отандық сот практикасы. Сот практикасын зерттеу қажеттілігін автор «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңының 50-бабы 1-тармағы 5)-тармақшасының мысалында көрсеткен. Атап айтқанда, мұнда оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап «борышкердiң акцияларын, жарғылық капиталындағы үлестерiн иелiктен шығаруға тыйым салынатындығы» бекітілген. Заңның 50-бабы 1-тармағы 5)-тармақшасының сот практикасындағы қолданысына талдау жүргізу бұл сауалға қатысты уәкілетті орган мен соттың ұстанымдарының арасында қайшылықтың бар екендігін және отандық сот практикасының жалпылай алғанда, «борышкердiң акцияларын, жарғылық капиталындағы үлестерiн иелiктен шығаруға тыйым салу» бағытында өрбіп жатқанымен, жекелеген жағдайларда борышқор қатысушыларының құрамындағы өзгеріске рұқсат ететіндігін көрсетуде. Сондай-ақ автор банкроттық рәсімді жалғыз кредитордың бастау мүмкіндігіне де мақалада назар аударған. Жалғыз кредиторға банкроттық рәсімді бастауға салынған тыйымның Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында болғанына қарамастан, сот практикасында жалғыз кредиторға банкроттық рәсімді бастауға рұқсат еткен істер кездеседі және бұл ұстанымның орындылығы Жоғарғы Сот тарапынан қуатталған еді.
Жоғарыда сипатталғандардан тыс мақалада борышқор мәмілесін даулау мерзіміне қатысты сауал да көтерілген. Мысалы, «Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 7-бабы 3-тармағында келесідей мазмұндағы ереже бекітілген: «Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар кезінде жасалған мәмілелер анықталған кезде әкімші, оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша, анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті». Осы ережеде көрсетілген он күндік мерзімді өткізіп алудың құқықтық салдары қандай? Бұл сауалға отандық сот практикасында бір-біріне кереғар екі жауап берілген. Бұл мәселеге де мақалада көңіл бөлінген.
Тірек сөздер: борышқор, банкрот, банкроттық рәсім, оңалту рәсімі, дәрменсіздік, төлем қабілетсіздік, жалғыз кредитор, коммерциялық емес ұйым, әкімші, уақытша және банкроттық басқарушы, уақытша әкімші және оңалтуды басқарушы, банкроттық рәсімнің салдары, мәмілені даулау мерзімі.
Кіріспе
Оңалту және банкроттық рәсімдер отандық зерттеушілер тарапынан жіті көңіл аударылмаған салалар санатына жатады. Ал, алысқа бармай өзімізбен көрші Ресейдің мысалына жүгінетін болсақ, онда бұл салада жұмыстардың толассыз жүріп жатқандығын көреміз. Мысалы, Мәскеу Мемлекеттік Университетінің құқық факультетінде магистратураның арнайы екі жылдық «Банкроттық құқық» бағдарламасы ашылып жұмыс істеуде. Осы университеттің кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау кеңесінде оңалту және банкроттық рәсімдерінің әралуан қырларына қатысты жылына кемінде бірнеше зерттеу еңбектері қорғалуда. «Банкроттық құқық» бағыты бойынша екі жылдық магистратура бағдарламасы Санкт-Петербург Университетінде де іске қосылған. Нарықтық экономикада ертеден келе жатқан батыс елдерінің мысалына қарар болсақ, тіпті, қарыштап алға шығып кеткеніне көз жеткіземіз. Банкроттық құқық тармағы бойынша неміс зерттеушілерінің жетістіктері тіпті, алпауыт. Осы жайттарды ескерер болсақ, отандық зерттеушілерге де қамсыз қалу жарамайды. Осы мақаланы әзірлеу барысында отандық банкроттық құқыққа қатысты тұманды аз да болса сейілтуге, сонымен бірге патша көңілді оқырман назарына оңалту және банкроттық рәсімдерге қатысты өзімізді толғандырып жүрген бірқатар сауалдарды ұсынуды көздедік.
Мақаланың негізгі ережелері
Мақалада отандық банкроттық құқық жайлы егжей-тегжейлі толыққанды түсінік қалыптастыру үшін заңнаманы, уәкілетті органның әралуан ережелерін талдаумен қатар сөзсіз, отандық сот практикасын қоса талдау қажеттігі жайлы байлам жасалды. Бұдан тыс банкрот-ұйымды бір жеке тұлға құрып, ол тұлға қайтыс болған ретте банкроттық туралы заңның 40-бабының ережелерін орындаудың қиындығына, коммерциялық емес ұйымдарды банкрот деп тану мүмкіндігіне қатысты отандық және көрші елдер заң шығарушыларының арасында ұстаным ерекшеліктеріне, жалғыз кредитордың банкроттық рәсімді бастау мүмкіндігіне назар аударылды. Сонымен бірге, мақалада банкроттық туралы отандық заңның 12-бабының 8-тармағы 2)-тармақшасындағы «әкімші өкілеттіктерін орындаудан қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен артық бас тартқан» ретте әкімшіні еркінен тыс реестрден алып тастау мүмкіндігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының «еңбек еріктілігін» бекіткен 24-бабының 1-тармағына сәйкестігі мәселесі көтеріледі.
Зерттеуде қолданылған материалдар мен тәсілдер
Мақаланы әзірлеу барысында осы бағытта әзірленген зерттеу еңбектері мен отандық сот практикасына мейлінше талдау жүргізілді. Отандық сот практикасына талдау жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – ҚР ЖС) және bestprofi.kz порталдары қолданылды. Зерттеу барысында салыстырмалы-құқықтық, логикалық жəне өзге де жалпы ғылыми тəсілдер қолданылды.
Негізгі бөлім
1. «Банкрот» сөзінің мәні мен банкроттық рәсімнің мақсаты
«Банкрот» сөзінің шығу тегі көне итальян тіліндегі “banka rotta” яғни, “қираған үстел (мекеме)” сөзінен бастау алатындығы айтылып, бұл сөздің ақшалай төлемдер жасауға дәрменсіз банкирлерге қолданылғандығы жайлы деректер келтіріледі. Зерттеушілердің арасында «дәрменсіздік (несостоятельность)» және «банкроттық» сөздерінің мағыналық тұрғыдан мөлшерлес тепе-тең ұғымдар емес екендігі жайлы пікірлер бар. Атап айтқанда, «дәрменсіздік» ұғымының мазмұндық тұрғыдан алғанда ауқымдырақ екендігі, ал «банкроттықтың» дәрменсіздіктің бір көрінісі екендігі және «банкроттық» сөзінің борышқор өзін әдейі, қасақана төлем қабілетсіздігіне әкелген жағдайларды сипаттау үшін қолданылатындығы айтылады. Осы жайттан хабардар болғаннан кейін көрші ресейлік заң шығарушының не себепті, осы саладағы басты құқықтық актісін «О несостоятельности (банкротстве)» деп атағандығы ұғынықтырақ бола түседі. Ал, біздің жағдайда отандық заң шығарушы бұл ұғымдардың астарына терең үңіліп жатпай, қазіргі қолданыстағы отандық заңды «Оңалту және банкроттық туралы» деп атаған.
Ендігі бірер сөйлемді банкроттық рәсімнің мақсатына арнасақ. Банкроттық рәсімнің мақсатын сипаттауды «Дәрменсіздік туралы» неміс заңының 1-бабынан бастамақпыз. Аталған заңның бірінші бабы «§1. Дәрменсіздік рәсімінің мақсаты» деп аталып, келесі мазмұндағы ережені қамтиды: «Дәрменсіздік рәсімі борышқордың мүлкін сату (билік ету) және түскен қаражатты бөлу арқылы кредиторлардың талаптарын жаппай қанағаттандыруға не конкурстық жоспарға орай кәсіпорынды сақтап қалуға бағытталатын арнайы ережені мақұлдауға жұмыс істейді. Адал борышқорға өтелмей қалған міндеттемелерінен арылуға мүмкіндік беріледі». Осы ережеге сүйеніп, неміс оқулықтарында банкроттық рәсімнің келесідей екі мақсатты көздейтіндігі айтылады. Сонымен, банкроттық рәсімнің бірінші мақсаты - кредиторлардың талаптарын жаппай қанағаттандыру болса, келесі екінші мақсаты – адал борышқорға өтелмей қалған борышынан арылуға мүмкіндік беру. Мұндағы екінші мақсат әрине, жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты болмақ. Себебі, заңды тұлғалар банкроттық рәсім нәтижесінде қызметін мүлдем тоқтатып, реестрден алынып тасталады. Неміс құқығы кәсіпорында төлемқабілетсіздік белгілері айқындалған ретте осы ұйымның басқару органдарына банкроттық рәсімді кешеуілдетпей дереу бастау міндетін жүктейді.
Зерттеушілер тарапынан банкроттық рәсімнің мазмұнын түсіндіретін теориялардың ұсынылғандығына да тоқтала кету қажет. Мысалы, Р. Борк өзінің еңбегінде банкроттық рәсімнің мазмұнын ашу мақсатында зерттеушілер тарапынан «creditors bargain theory» немесе «кредиторлардың келісім теориясы» және «communitarian theory» не «ұжымдық теория» ұсынылғандығына тоқталады. «Кредиторлардың келісім теориясын» ұсынған Томас Джексонның пайымдауынша, кредиторлар борышқор банкроттыққа енген ретте өздерінің талаптарын әрбірі жеке жүгініп емес, бірлесе осы банкроттық рәсім аясында өндіруге алдын-ала келісім берген болып есептеледі. Алайда, Р. Борк бұл теорияның кредиторлар мүддесіне ғана басымдылық беретіндігін сынға алып пікір білдіреді. Ал, «ұжымдық теория» болса, банкроттық рәсімнің тек ғана кредиторлардың ғана емес, сонымен бірге көптеген өзге тұлғалардың да мүддесін қозғайтындығына тоқталады.
2. Оңалту және банкроттық рәсімдерді реттейтін отандық заңнама
Оңалту және банкроттық рәсімдерді реттейтін отандық құқықтық базаны шартты түрде үш деңгейге бөліп көрсетуге болады. Бірінші, кодекс деңгейі: мысалы, ҚР Азаматтық кодексі (21, 21-1, 52-57 баптар), Қылмыстық кодекс (237-239 баптар), Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекс (176-182 баптар) және т.с.с; екінші, заң деңгейі: еліміз тәуелсіздік алған сәттен бүгінгі күнге дейінгі кезеңде осы саланы реттейтін төрт нормативтік құқықтық акті қолданыста болыпты. 2014 жылдың 07 наурызында қабылданған қазіргі қолданыстағы «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңы реттік нөмірі бойынша осы саланы реттеуге бағытталған төртінші заң болып табылады; үшінші, ҚР ЖС нормативтік қаулылары, уәкілетті органның әралуан ережелері келесі үшінші деңгейді құрайды. Мысалы, «Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» ҚР ЖС 2015 жылғы 2 қазандағы № 5 нормативтік қаулысы (бұдан әрі – ҚР ЖС банкроттық туралы нормативтік қаулысы), «Банкроттықты басқарушының негізгі сыйақысының ең төменгі және ең жоғарғы шегін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі № 344 бұйрығы, «Қалыптастырылған кредиторлар талаптарының тізіліміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 424 бұйрығы және т.с.с. Дәл осы үшінші деңгей қатарында атап өтілуі тиіс келесі бір қайнар көз, ол сот практикасы болып табылады. Себебі, заңнамада жауабы берілмеген даулы жағдайлар отандық сот практикасында жиі кездесіп қалып жатады. Осы ретте, банкроттық рәсім аясында туындаған дауды қараушы сот істі мазмұны бойынша шешіп, нақты позиция айтуы тиіс. Осы себепті, сот практикасы да отандық банкроттық құқықтың дамуына, кемелденуіне сүбелі үлес қосып жатқандығын сеніммен айта аламыз. Сондықтан, оңалту не банкроттық рәсімдердің құқықтық реттелуіне қатысты толыққанды ақпар алуды қалайтын тұлға сөзсіз отандық сот практикасында қоса талдауы тиіс. Сот практикасын талдау қажеттілігіне біз, өз тарапымыздан «лотос тәсілі» деген атауды енгізіп жатырмыз. Сонымен, қазақ банкроттық құқығы жайлы сауалдар туындаған ретте жоғарыдағы бөлікте сипатталған қайнар көздерден жауап таба аласыз.
3. Банкрот деп тану негіздері
Қазіргі қолданыстағы «Оңалту және банкроттық туралы» отандық заңның (бұдан әрі – банкроттық туралы заң) 5-бабының ережелеріне сәйкес банкроттық рәсімді қолдану туралы бастаманы борышқордың өзі, кредиторлар және белгілі-бір жағдайда прокурор (заңның 47-бабы) көтеруі мүмкін.
Борышқор өзіне қатысты банкроттық рәсімді қолдану бастамасын көтере алуы үшін орнықты төлем қабілетсіздігі орын алуы тиіс. Ал, заң шығарушы «орнықты төлем қабілетсіздігі» ұғымының өзін келесідей тәсілмен ашады. Атап айтқанда, банкроттық туралы заңның 5-бабының 1-тармағы екінші абзацында келесі идея тұр: біріншіден, борышқордың міндеттемелері оның мүлкінің құнынан асып кетуі тиіс (бұдан әрі – бірінші алғышарт); екіншіден, мерзімі тұрғысынан қойылатын талапқа жауап беруі тиіс. Мысалы, банкрот деп тану туралы өтініш жылдың үшінші тоқсанында берілсе, онда бірінші алғышарт жылдың басында болуы тиіс, ал банкрот деп тану туралы өтініш жылдың бірінші тоқсанында берілсе, онда бірінші алғышарты былтырғы жылдың басында болуы тиіс.
Процедуралық тұрғыдан борышқордың өз-өзін банкрот деп тану туралы өтінішіне қойылар талаптар банкроттық туралы заңның 40,41,42-баптарында айқындалған. Іскерлік айналымда қиындық туындатып жатқан бір мәселе ретінде бұл тұста мына жағдайға назар аударған жөн. Мысалы, банкроттық туралы заңның 40-бабында борышқордың сотқа өзін банкрот деп тану туралы өтінішпен жүгінуі үшін тиісті басқару органының шешімі қажет екендігі бекітілген. Демек, ұйымды бірнеше тұлға құрған жағдайда қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі, ал егер ұйымды бір тұлға құрған болса, онда жалғыз қатысушының шешімі сотқа қоса ұсынылуы тиіс. Ал, практикада келесі жағдай туындауда. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бір жеке тұлға құрған. Атқарушы органы ретінде келесі бір жеке тұлға тағайындалған. Арада біршама уақыт өткеннен соң ЖШС қатысушысы қайтыс болады. Енді, осы жағдайда бұл ұйым өзін банкрот деп тану туралы бастама көтере алады ма, деген сауал туындайды. Осы сауал туындаған нақты істе сот, жалғыз қатысушының банкроттық рәсімге жүгіну туралы шешімінің жоқтығын алға тартып және жалғыз қатысушының өмірден өткендігі, сол себепті, аталған шешімді ұсына алмағандығы жайлы атқару органының уәжіне назар аудармай, банкрот деп тану туралы өтінішті қанағаттандырусыз қалдырады. Біздің пайымдауымызша, осы тұстағы құқықтық реттеуді жетілдіру қажет.
4. Кімдерді банкрот деп тануға болады
Бұл сауалға заң шығарушы банкроттық туралы заңның 3-бабында жауап берген. Банкроттық рәсім бүгінгі таңда дара кәсіпкерге, жеке және заңды тұлғаға қолданылуы мүмкін. Жинақтаушы зейнетақы қорының, банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банкроттығы осы ұйымдар жайлы арнайы заңдарда реттеледі. Банкроттық рәсім мүлдем қолданылмайтын ұйымдық-құқықтық нысан санатына қазыналық кәсіпорын мен мекеме жатқызылған. Мекеменің мемлекеттік және жеке болып бөлінетіндігі мәлім. Отандық сот практикасына жүргізілген талдау банкроттық рәсімнің мемлекеттік те, жеке мекемеге де қолданылмайтындығын көрсетуде.
Осы тұста отандық банкроттық туралы заңның көрші елдердің заңнамасынан бір өзгешелігі бар. Мысалы, көрші Ресей Федерациясының Азаматтық кодексінің 65-бабында банкроттық рәсімнің қазыналық кәсіпорынға, мекемеге, саяси партияға және діни бірлестікке қатысты қоланыламайтындығы бекітілген. Ал, келесі көршіміз Өзбекстан Республикасының «Төлем қабілетсіздігі туралы» заңының 1-бабына назар аударар болсақ, онда банкроттық рәсімнің тұтыну кооперативі мен қоғамдық қорды қоспағанда өзге коммерциялық емес ұйымдарға қолданылмайтындығы бекітілген. Қолданыстағы банкроттық туралы отандық заңда мекемеден басқа өзге барлық коммерциялық емес ұйымдарды да банкрот деп тануға болатындығы бекітілген. Діни бірлестікке қатысты банкроттық рәсімді қолдануға болмайтындығы жайлы ресейлік және өзбек заң шығарушыларының ұстанымдары бір болса, ал отандық заң шығарушы бұл мүмкіндікті теріске шығармайды және діни бірлестікке қатысты банкроттық рәсімді қолдану мүмкіндігінің барлығын отандық зерттеушілер де мойындайды. Бұл мәселені де шағын мақалаға емес, диссертация деңгейінде терең байыпты талдауға арқау болатын сауал санатына жатқызуға болады.
5. Жалғыз кредитордың банкроттық рәсімді бастау мүмкіндігі
ҚР ЖС банкроттық туралы нормативтік қаулысының 13-1-тармағында келесі ереже бекітілген: «Егер жалғыз кредитор өзге тұлға (салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор емес) болған жағдайда, берешекті өндіріп алу жөніндегі талаптар банкроттық рәсімі қолданылмай жалпы белгіленген сот тәртібімен шешілуге тиіс. Жалғыз кредитор болған кезде борышкердің мүліктік массасын заңнамада белгіленген тәртіппен кезектілікке сәйкес кредиторлардың арасында әділ бөлу қажеттілігі жоқ». Сонымен, ҚР ЖС ұстанымы бойынша егер, кредитор борышқордың жалғыз кредиторы болған ретте банкроттық рәсімді бастауға рұқсат етілмеуі тиіс. Дей тұрғанымен, отандық сот практикасына жүргізілген талдау ҚР ЖС өзі бұл ұстанымды дүркін-дүркін бұзып отырғандығын көрсетуде. Мысалы, ҚР ЖС 2016 жылдың 12 қазанындағы № 6001-16-00-3Г/8255 қаулысы, ҚР ЖС 2017 жылдың 25 қаңтарындағы № 6001-16-00-3гп/1110 қаулысы. Бұл істерде ҚР ЖС жалғыз кредитордың болуы борышқорға қатысты банкроттық рәсімді бастауға тосқауыл болмайтындығы жайлы байлам білдіреді. Осы бөлікте сипатталған мағлұматтардан бұл сауалға қатысты қайшылықтың бар екендігіне көз жеткіземіз. Бір жағынан, ҚР ЖС банкроттық туралы нормативтік қаулысы «жоқ, бастауға болмайды» деген жауапты ұсынса, ал екінші жағынан сот практикасы соның ішінде, ҚР ЖС деңгейінде «ия, бастауға рұқсат» деген мазмұндағы алғашқы ұстанымға кереғар даму бағыты бар. Бұл жағдайда, заңнама не дейді? Қолданыстағы банкроттық туралы заңда бұл сауалға айқын емес, тұманды жауап берілген. Атап айтқанда, заңда егер борышқордың жалғыз кредиторы болған ретте әкімшінің борышқордың қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны әзірлемейтіндігі айтылған (банкроттық туралы заңның 49-бабының 3-тармағы) және соттың банкроттық рәсімді қолданбау туралы шешімді уақытша басқарушының қорытындысын ескере отырып қабылдайтындығы бекітілген (58-баптың 1-тармағы). Заңның бұл редакциясы 2020 жылдың қаңтарынан бері қолданыста. Бұған дейінгі заңның редакциясында жалғыз кредитордың болуы, банкроттық рәсімді қолданудан бас тартуға жеткілікті негіз екендігі нақты жазылған еді. Айқын жазылған мәтіннен бас тартып, құқықтық норманы бұлыңғыр редакцияда берудегі заң шығарушының көздегені не? Жарайды, уақытша басқарушы «қаржылық орнықтылық туралы қорытындыны» әзірлемеді делік. Бұл автомат сот банкроттық рәсімді қолданудан бас тартады, дегенді білдіреді ме? Жоқ, білдірмеуі тиіс. Себебі, уақытша басқарушының қорытындысы іс бойынша жиналған өзге дәлелдемелермен қатар бағаланады. ҚР ЖС банкроттық туралы нормативтік қаулысының 13-тармағында «мұндай қорытындының сот үшін басқа дәлелдемелерден артықшылығы болмайтындығы» бекітілген.
Банкроттық рәсім әдетте, бірнеше кредиторлар болған ретте қолданылатын рәсім. Дегенмен, банкроттық рәсім аясында атқару өндірісі ұсынбайтын мүмкіндіктер бар. Мысалы, мәмілелерді даулау, субсидиарлық жауаптылыққа тарту және т.с.с. Осы тұрғыдан алғанда, жалғыз кредитор болған ретте де банкроттық рәсімге жүгінуге рұқсат етілуі тиіс деп пайымдаймыз.
6. Әкімші мәртебесі
Оңалту және банкроттық рәсімдер аясында маңызды рөл атқаратын тұлғалардың бірі әкімші тұлғасы екендігі даусыз. Банкроттық туралы отандық заңның 1-бабында келесі мазмұндағы анықтама берілген: «3) әкімші – істі сотта қарау, сондай-ақ оңалту рәсімін және банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде осы Заңға сәйкес өкілеттіктерді жүзеге асыратын уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар». Әкімші тұлғасына қойылар талаптар, төленетін сыйақы және т.с.с. өзге де сауалдар банкроттық туралы заңның 12, 13 баптарында сипатталған. Бұдан тыс заңның бірқатар өзге де баптарында әкімшінің атқарар қызметтері тізбеленіп көрсетілген. Әкімші борышқордың өкілі ме, әлде кредитордың өкілі ме не мүліктік массаны күзетуші ме, деген сияқты зерттеушілердің арасында пікірталастар бар. Бұл пікірталастың практикалық маңызын мына мәселеден аңғарсаңыз болады. Атап айтқанда, қазіргі қолданыстағы ҚР АК 185-бабында талап қою мерзімін қалпына келтіруге жол берілетін жағдайлар сипатталған. Банкроттық басқарушы ҚР АК 185-бабының ережелеріне сүйеніп, талап қою мерзімін қалпына келтіре ала ма? Осы тұста, жоғарыдағы пікірталас мәселе яғни, әкімші кімнің өкілі деген сауал маңызды сипат алады. Отандық сот практикасында банкроттық басқарушының борышқор (заңды тұлғаның) мүддесінде әрекет ететіндігіне назар аударылып, талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тартқан жайттар кездеседі.
Әкімші мәртебесі жайлы сөз қозғағанда назар аударылуы тиіс өзекті мәселе ретінде банкроттық туралы отандық заңның 12-бабының 8-тармағы 2)-тармақшасында сипатталған ережені атауға болады. Атап айтқанда, бұл ережеде «әкімші өкілеттіктерін орындаудан қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен артық бас тартқан» ретте әкімші қызметін жүзеге асыруға құқылы тұлғалар тізімінен әкімшіні алып тастауға болатындығы бекітілген. Тек, үлестес (аффилиирленген) тұлға болса ғана екі реттен артық бас тартуға рұқсат етіледі. Осы ретте, аталған ереженің әркімнің еңбек бостандығына кепілдік берген ҚР Конституциясының 24-бабының 1-тармағының ережелеріне сәйкестігі жайлы сауал туындайды.
7. Банкроттық (оңалту) рәсімді ендіру салдары
Банкроттық рәсімнің басталуы белгілі-бір құқықтық салдарларға әкеледі. Енді бұл салдарларды сипаттауда заң шығарушы келесі тәсілге жүгінген. Банкроттық туралы заңның 50-бабында салдарлары жалпылай көрсетіліп, ал оңалту (68 бап) не банкроттық (87 бап) рәсімдер жайлы арнайы тарауларда қайта көрсетілген. Осы ретте жалпы салдарлары көрсетілген 50 баппен кейінгі арнайы тарауларда көрсетілген 68, 87 баптардың өзара үйлесімділігі жайлы мәселе туындайды. Атап айтқанда, банкроттық туралы заңның 50-бабының 1-тармағы 5)-тармақшасында «5) борышкердiң акцияларын, жарғылық капиталындағы үлестерiн иелiктен шығаруға тыйым салынады» деген мазмұндағы ереже бекітілген. Алайда, оңалту рәсіміне арналған 68 баптың мазмұнында мұндай салдар қарастырылмаған. Осы себепті, оңалту рәсімі қолданылып жатқан заңды тұлғаның қатысушылары (акционерлері, мүшелері) өздерінің үлестерін сата ала ма, деген сауал іскерлік айналымда туындауда. Уәкілетті орган осы сауалға берген өзінің жауабында заңның 50-бабының 1-тармағы 5)-тармақшасындағы тыйымның тек, іс сотта қаралып жатқан кезде ғана қолданылатындығын, ұйымға оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімі шыққан сәттен былайғы кезеңде заңның 68-бабының ережелері басымдыққа ие болатындығын, ал заңның 68 бабында мұндай тыйымның жоқтығын алға тартып оңалту рәсімі қолданылып жатқан ұйымның қатысушыларының өз үлестерін сата алатындығы жайлы байламын білдірді. Бірақ, сот практикасы қарсы бағытта дамуда. Мысалы, Алматы қалалық сотының апелляциялық сот алқасының 2017 жылдың 11 қазанындағы № 2а – 7201/2017 қаулысында сот «оңалту рәсімі қолданылып жатқан акционерлік қоғамның акционерінің өз акциясын сата алмайтындығы» жайлы байлам жасалған. Банкроттық рәсім аясында да үлесті сатуға тыйым салынатындығы жайлы отандық сот практикасында байламдар жасалған. Сонымен бірге, заңның 50-бабының 1-тармағы 5)-тармақшасындағы «...иеліктен шығаруға тыйым салынады» ережесінің нені білдіретіндігіне қатысты сауалда бар. Мысалы, отандық сот практикасында ‘оңалту рәсімі қолданылып жатқан ұйымның қатысушысы қайтыс болып оның мұрагері қатысушылар құрамына қосуды талап еткен’ іс қаралған болатын. Сот осы істе үлестің мұрагерлік тәртіппен ауысу жайттарына жоғарыдағы «...иеліктен шығаруға тыйым салынады» сөздерінің қолданылмайтындығын алға тартып, оңалту рәсіміндегі ұйымға мұрагердің қосыла алатындығы жайлы байлам жасады. Бұл сипатталған бөліктен банкроттық туралы отандық заңның 50-бабының 1-тармағы 5)-тармақшасына қатысты отандық сот практикасының екі бағытта дамып бара жатқандығын аңғарамыз және отандық банкроттық құқық жайлы толыққанды түсінік қалыптастыру үшін қазақстандық сот практикасының сөзсіз қоса қаралуы керектігі туралы байлам жасаймыз. Бірінші бағыттағы істерде (үлес шарт арқылы иеліктен шығарылған жағдайларда) сот практикасы үлесті «...иеліктен шығаруға тыйым салынатындығын» алға тартып, ол шарттарды жарамсыз деп танып жатыр. Ал, екінші бағыттағы істерде (үлес мұрагерлік тәртіпте ауысқан жағдайларда) сот практикасы «қатысушылар құрамындағы өзгеріске жол берілетіндігі» жайлы ұстанымды ұстауда.
8. Мерзімнің банкроттық рәсім аясындағы маңызы
Мерзім банкроттық рәсімдер бойынша өте-мөте маңызды рөл атқарады. Мысалы, банкроттық туралы отандық заңның 90-бабының 3-тармағында «Кредиторлар банкротқа қоятын талаптарын кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай мерзімде мәлімдеуге тиіс» деген мазмұндағы ереже бекітілген. Кредитор осы бір айлық мерзімде талабын мәлімдеп үлгермесе, онда кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айрылады (90-баптың 5-тармағы) және кредиторлар талаптары тізілімінің ең соңына қойылады (100-баптың 7-тармағы).
Банкроттық рәсім аясындағы мерзімнің қолданысына қатысты нақты айқын ұстанымды талап ететін тұманды тұстарда отандық сот практикасында жиі туындап жатады. Атап айтқанда, банкроттық туралы отандық заңның 7-бабының 3-тармағында келесі мазмұндағы ереже бекітілген: «Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар кезінде жасалған мәмілелер анықталған кезде әкімші, оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша, анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті». Осы ретте, әкімші банкрот деп танылған борышқордың даулану негіздері бар мәмілелерін айқындап, бірақ он күндік мерзім ішінде даулап үлгермесе, не болмақ? Осы он күндік мерзімді өткізіп алған әкімші мәмілені даулай ала ма? Бұған қатысты отандық сот практикасында бір-біріне кереғар екі ұстаным бар. Бірінші ұстаным бойынша бұл он күндік мерзімді өткізіп алған әкімші борышқор мәмілелерін даулай алмауы тиіс. Екінші ұстаным бойынша он күндік мерзімнің өтуі әкімшіні мәмілені даулау мүмкіндігінен айырмайды, тек бұл мерзімді өткізіп алу әкімшіні жауаптылыққа тартуға ғана негіз бола алады. Әрине, бір құқықтық нормаға қатысты елімізде қос практиканың болуы құптарлық жайт емес.
Талқылаулар
Банкроттық рәсімді қолдану туралы істі сотта қарау барысында тек бір ғана кредитор өз талаптарын мәлімдеген жағдайда борышқор тұлғаға қатысты банкроттық рәсімді қолдану мүмкіндігіне қатысты қазіргі отандық құқықтық реттеу нақты айқын емес. ҚР ЖС банкроттық туралы нормативтік қаулысында бұған тыйым салынатындығы айтылғанымен, ҚР ЖС деңгейінде бұл талаптың сақталынбай жатқандығын растайтын істер бар. Ал, біз кредитор жалғыз болған ретте де банкроттық рәсімді бастауға тосқауыл болмауы тиіс, деген ұстанымды қолдаған болар едік. Себебі, банкроттық рәсімді бастау борышқор мәмілелерін даулау, субсидиарлық жауаптылыққа тарту сияқты қосымша мүмкіндіктерге жол ашып, кредиторға өз талабын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Банкроттық туралы отандық заңның 12-бабының 8-тармағы 2)-тармақшасындағы «әкімші өкілеттіктерін орындаудан қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен артық бас тартқан» жағдайда әкімшіні еркінен тыс реестрден алып тастау мүмкіндігі қазіргі қолданыстағы ҚР Конституциясының 24-бабының 1-тармағының ережелеріне қайшы деп білеміз. Бұл мәселе 2023 жылы жұмысын бастайтын Конституциялық соттың қарауына ұсынылып, бұл сауал бойынша осы орган түпкі байламын білдіруге тиіс.
Қорытынды байламдар
Абай атамыздың «Әннің де естісі бар, есері бар...» деп келетін сөздерін қазіргі уақытта айтылып жүрген сыни пікірлерге де қолдануға болады. Сонымен, сынның да естісі бар, есері бар. Академиялық қауымдастық істерді дұрыс шешуге қажетті тиісті құралдармен (оқулық, монография, комментарийлер т.с.с.) отандық соттарды қамтамасыз етпей тұрып сот практикасындағы қайшылықтар үшін жалаң сот корпусын ғана кінәлау әділетсіз айыптау болған болар еді. Жалпы, жеке құқық саласында соның ішінде, банкроттық құқық тармағы бойынша да қордаланған сауалдарды шешуді отандық сот корпусы мен академиялық қауымдастық өзара тығыз пікір алмасу, ынтымақты іс-қимыл нәтижесінде ғана еңсере алмақ. Бұл үшін өзара риясыз пікір, тәжірибе алмасудың жаңа форматтары ұсынылғаны жөн.
М.А. Естемиров, PhD, Teaching professor Департамента частного права Университета КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева (Астана, Казахстан): Отдельные аспекты правового регулирования процедуры банкротства.
Анализ актуальных аспектов отечественной процедуры банкротства выступает главной целью настоящей публикации. В статье автором поставлен вопрос о соответствии положений пп. 2) п. 8 ст. 12 Закона РК «О реабилитации и банкротстве» к положениям п. 1 ст. 24 Конституции Республики Казахстан. По мнению автора, при разработке действующего закона «О реабилитации и банкротстве» допущена системная ошибка. Например, в зарубежных правопорядках (Российская Федерация, Германия) при недостаточности средств на покрытие расходов на ведение процедуры банкротства дело о банкротстве не может быть запущено либо дело подлежит прекращению, тогда как отечественный законодатель этот вопрос попытался решить с помощью принуждения, которое автор подвергает критике.
В статье правовую базу регулирующую процедуру банкротства и его реабилитации автор условно поделил на три группы: 1) кодексы: Гражданский кодекс, Уголовный кодекс и т.д.; 2) законы: «О реабилитации и банкротстве» и т.д.; 3) нормативные постановления Верховного Суда, отдельные акты (правила, приказы) уполномоченного органа и отечественная судебная практика. Необходимость изучения судебной практики автор демонстрирует на примере пп. 5) п. 1 ст. 50 Закона РК «О реабилитации и банкротстве», в котором закреплена норма о том, что с даты вынесения определения о возбуждении производства по делу о реабилитации или банкротстве «запрещается отчуждение акций, долей в уставном капитале должника». Изучение практики применения пп. 5) п. 1 ст. 50 вышеназванного закона показывает, что между позициями уполномоченного органа и суда имеются определенные расхождения, и в целом казахстанская судебная практика, подтверждая «запрет на отчуждение акций, долей в уставном капитале должника», в определенных случаях допускает возможность смены участников в составе должника. Автором в статье также уделено внимание возможностям инициирования процедуры банкротства единственным кредитором. Несмотря на то, что в нормативном постановлении Верховного Суда Республики Казахстан содержится запрет инициировать единственному кредитору процедуру банкротства должника, в судебной практике на уровне Верховного Суда были дела, в которых разрешалось единственному кредитору запускать процедуру банкротства должника.
Помимо вышеуказанного, в статье освещены сроки оспаривания сделок должника. Например, в п. 3 ст. 7 Закона «О реабилитации и банкротстве» содержится положение: «При выявлении сделок, совершенных при обстоятельствах, указанных в пунктах 1 и 2 настоящей статьи, администратор обязан, в том числе по ходатайству кредитора, выявившего сделку, в течение десяти рабочих дней со дня выявления обратиться в суд с заявлением о признании таких сделок недействительными». Каковы правовые последствия пропуска этого десятидневного срока? В отечественной судебной практике сложилась два взаимоисключающих ответа на данный вопрос, что также раскрывается в настоящей статье.
Ключевые слова: должник, банкрот, процедура банкротства, реабилитационная процедура, несостоятельность, неплатежеспособность, единственный кредитор, некоммерческое организация, администратор, временный и банкротный управляющий, временный администратор и реабилитационный управляющий, последствия процедуры банкротства, срок оспаривания сделки.
M.A. Yestemirov, PhD, Teaching professor of the Department of Private Law of M.S. Narikbayev KAZGUU University (Astana, Kazakhstan): Certain aspects of the legal regulation of the bankruptcy procedure.
The analysis of certain relevant aspects of the local bankruptcy procedure is the main purpose of this publication. In the article, the author raised the question of compliance of the provisions of paragraph 2) of paragraph 8 of Article 12 of the Law of the Republic of Kazakhstan "On Rehabilitation and Bankruptcy" with the provisions of paragraph 1 of Article 24 of the Constitution of the Republic of Kazakhstan. The true reasons for this situation, according to the author, is a systemic wrong position made during the development of the current law "On Rehabilitation and Bankruptcy". For example, in other neighboring legal systems (the Russian Federation, Germany), if there are insufficient funds to cover the costs of conducting bankruptcy proceedings, the bankruptcy case cannot be launched or the case is subject to termination. Local legislator tried to solve this issue with the help of coercion, which the author criticizes.
In the article, the author divided the entire legal framework regulating the bankruptcy and rehabilitation procedure into three groups: 1) codes: Civil Code, Criminal Code, etc.; 2) laws: "On Rehabilitation and Bankruptcy", etc.; 3) Regulatory explanation of the Supreme Court, individual acts (rules, orders) of the authorized body and local judicial practice. The author demonstrates the need to study judicial practice by the example of paragraph 5) paragraph 1 of Article 50 of the Law of the Republic of Kazakhstan "On Rehabilitation and Bankruptcy" in which the norm is fixed that from the date of the ruling on the initiation of proceedings on rehabilitation or bankruptcy, "alienation of shares, shares in the authorized capital of the debtor is prohibited." The study of law enforcement practice on pp. 5) paragraph 1 of Article 50 of the law shows that there are certain discrepancies between the positions of the authorized body and the court, and in general, Kazakh judicial practice confirms the "prohibition on the alienation of shares, shares in the authorized capital of the debtor" at the same time, in certain cases, allows for the possibility of changing participants in the debtor.
The author of the article pays attention to the possibilities of initiating bankruptcy proceedings by a single creditor. Despite the fact that the regulatory resolution of the Supreme Court of the Republic of Kazakhstan contains a ban on initiating the debtor's bankruptcy procedure to the sole creditor, in judicial practice at the level of the Supreme Court there were cases in which the sole creditor was allowed to launch the debtor's bankruptcy procedure.
In addition to the above, the article highlights the terms of contesting the debtor's transactions. For example, paragraph 3 of Article 7 of the Law "On Rehabilitation and Bankruptcy" contains the following provision: "When identifying transactions made under the circumstances specified in paragraphs 1 and 2 of this Article, the administrator is obliged, including at the request of the creditor who identified the transaction, to apply to the court within ten working days from the date of identification with a statement on the recognition of such transactions as invalid." What are the legal consequences of missing this ten-day deadline? In local judicial practice, there are two mutually exclusive answers to this question, which is also highlighted in this article.
Keywords: debtor, bankrupt, bankruptcy procedure, rehabilitation procedure, insolvency, sole creditor, non-profit organization, administrator, temporary and bankrupt manager, temporary administrator and rehabilitation manager, consequences of bankruptcy procedure, term of contesting the transaction.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
Естемиров М.А. «Банкроттық құқық» пәні бойынша практикум. Нұр-Сұлтан, 2021. URL: https://papers.ssrn.com/sol3/papers.cfm?abstract_id=4008340.
Естемиров М.А. Кредиторлар талаптарының тізіліміне құрылтайшылардың (қатысушылардың) талаптарын енгізудің құқықтық реттелуі // Право и государство. 2018. № 3-4 (80-81). – С. 102-110. URL: https://km.kazguu.kz/articles/articles/view/id/420.
Карелина С.А. Механизм правового регулирования отношений несостоятельности. М.: 2008. – 568 с.
Подопригора Р.А. Комментарий к Закону Республики Казахстан «О религиозной деятельности и религиозных объединениях». URL: https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=31439222&pos=694;-34#pos=694;-34&sdoc_params=text%3D%25D0%25B1%25D0%25B0%25D0%25BD%25D0%25BA%25D1%2580%25D0%25BE%25D1%2582%25D1%2581%25D1%2582%25D0%25B2%25D0%25B0%26mode%3Dindoc%26topic_id%3D31439222%26spos%3D1%26tSynonym%3D1%26tShort%3D1%26tSuffix%3D1&sdoc_pos=0.
Тай Ю.В. Правовые проблемы арбитражного управления. Дисс. на соискание ученой степени к.ю.н. Москва, 2005.
Юхнин А.В. Правовые проблемы организации деятельности арбитражных управляющих. Дисс. на соискание ученой степени к.ю.н. Москва, 2005.
Anfechtung in der Verbraucherinsolvenz. Eine rechtstatsächliche Untersuchung zur Tätigkeit des Treuhänders im Spannungsfeld der Gläubigerinteressen / Christian Matiebel. 1 Auflage, 2017
Basiswissen Insolvenz. Schneller Einstieg in Insolvenzprävention und Risikomanagement / Bernd Heesen., Vinzenth Wieser-Linhart. Springer, 2018.
Beruf und Berufsrecht des Insolvenzverwalters. Kollisionen und Spannungsfelder / Andreas Kästner. Nomos Verlagsgesellschaft, Baden-Baden, 2018.
Corporate insolvency law. A comparative textbook. Reinhard Bork, 2020.
Das europäische Kollisionsrecht der Insolvenzanfechtung. Eine Untersuchung zur Auslegung des Art. 16 EuInsVO / Monika Frevel. 1 Auflage, 2017.
Die Funktion des Insolvenzrechts im Wettbewerb der Rechtsordnungen – kritische Bemerkungen zur fortschreitenden Rezeption einer Sanierungskultur U.S.-amerikanischer Provenienz / Michael Heese. Nomos Verlagsgesellschaft, Baden-Baden, 2018.
German Insolvency Code. Article by article commentary. Editor Dr. Eberhard Braun. Second Edition. Beck Verlag, 2019.
Insolvenz. Fehler vermeiden, Ansprüche sichern. / Dirk Schulz, Ulrich Bert, Holger Lessing. 2 Auflage, 2013.
Insolvenzrecht. Grundkurs für Wirtschaftswissenschaftler. Ralph Kramer., Frank K. Peter. 3 Auflage, 2014.
Insolvenzrecht. Schnell erfasst / Hermann Fenger. Springer Verlag, 2005.
References (transliterated):
Yestemirov M.A. «Bankrottyk kukyk» panі boyynsha praktikum. Nur-Sultan, 2021. URL: https://papers.ssrn.com/sol3/papers.cfm?abstract_id=4008340.
Yestemirov M.A. Kreditorlar talaptarynym tіzіlіmіne kuryltayshylardym (katysushylardyn) talaptaryn yengіzudin kukyktyk retteluі // Pravo i gosudarstvo. 2018. № 3-4 (80-81). – S. 102-110. URL: https://km.kazguu.kz/articles/articles/view/id/420.
Karelina S.A. Mekhanizm pravovogo regulirovaniya otnosheniy nesostoyatel'nosti. M.: 2008. – 568 s.
Podoprigora R.A. Kommentariy k Zakonu Respubliki Kazahstan «O religioznoy deyatel'nosti i religioznyh ob"yedineniyah». URL: https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=31439222&pos=694;-34#pos=694;-34&sdoc_params=text%3D%25D0%25B1%25D0%25B0%25D0%25BD%25D0%25BA%25D1%2580%25D0%25BE%25D1%2582%25D1%2581%25D1%2582%25D0%25B2%25D0%25B0%26mode%3Dindoc%26topic_id%3D31439222%26spos%3D1%26tSynonym%3D1%26tShort%3D1%26tSuffix%3D1&sdoc_pos=0.
Tay Yu.V. Pravovyye problemy arbitrazhnogo upravleniya. Diss. na soiskaniye uchenoy stepeni k.yu.n. Moskva, 2005.
Yuhnin A.V. Pravovyye problemy organizatsii deyatel'nosti arbitrazhnyh upravlyayuschih. Diss. na soiskaniye uchenoy stepeni k.yu.n. Moskva, 2005.
Anfechtung in der Verbraucherinsolvenz. Eine rechtstatsächliche Untersuchung zur Tätigkeit des Treuhänders im Spannungsfeld der Gläubigerinteressen / Christian Matiebel. 1 Auflage, 2017
Basiswissen Insolvenz. Schneller Einstieg in Insolvenzprävention und Risikomanagement / Bernd Heesen., Vinzenth Wieser-Linhart. Springer, 2018.
Beruf und Berufsrecht des Insolvenzverwalters. Kollisionen und Spannungsfelder / Andreas Kästner. Nomos Verlagsgesellschaft, Baden-Baden, 2018.
Corporate insolvency law. A comparative textbook. Reinhard Bork, 2020.
Das europäische Kollisionsrecht der Insolvenzanfechtung. Eine Untersuchung zur Auslegung des Art. 16 EuInsVO / Monika Frevel. 1 Auflage, 2017.
Die Funktion des Insolvenzrechts im Wettbewerb der Rechtsordnungen – kritische Bemerkungen zur fortschreitenden Rezeption einer Sanierungskultur U.S.-amerikanischer Provenienz / Michael Heese. Nomos Verlagsgesellschaft, Baden-Baden, 2018.
German Insolvency Code. Article by article commentary. Editor Dr. Eberhard Braun. Second Edition. Beck Verlag, 2019.
Insolvenz. Fehler vermeiden, Ansprüche sichern. / Dirk Schulz, Ulrich Bert, Holger Lessing. 2 Auflage, 2013.
Insolvenzrecht. Grundkurs für Wirtschaftswissenschaftler. Ralph Kramer., Frank K. Peter. 3 Auflage, 2014.
Insolvenzrecht. Schnell erfasst / Hermann Fenger. Springer Verlag, 2005.