Өз ісінің шебері, еліміздің көрнекті заңгер-ғалымы туралы

DOI 10.51634/2307-5201_2022_3_124
УДК 340 (038)
ГРНТИ 10.09.01

Г.Г. Галиакбарова,
PhD, Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
азаматтық, еңбек және экологиялық
құқық кафедрасының доценті м.а.
(Астана, Қазақстан),
e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

Бұл мақалада өткен жылы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткен және осымен тақырыбымыз өзектендірілетін, еліміздің көрнекті ғалым-заңгері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның құрметті заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев туралы сөз қозғалады және ғалымның шығармашылық өмір жолы зерттеудің пәні болып табылады. Зерттеудің мақсаты – ғалымның ғылыми-педагогикалық, білім және ғылым саласында және мемлекеттік қызметте еңбек ету барысында қоғамымыздың дамуына қосқан үлесін, ғалымдар мен әріптестерінің пікірлерін зерттеу болып табылады. Осы мақаланы әзірлеуде жалпы ғылыми және жеке-ғылыми, тарихи және салыстырмалы құқықтық зерттеу әдістері қолданылды.
Мақаланы дайындау барысында ғалым туралы қалыптасқан ортақ ой, мәселен, Е.Ә. Оңғарбаевтың еліміздің заңнамасы мен отандық білім және ғылымның дамуына сіңірген ерен еңбегі, оның Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық-процестік жүргізу және қылмыстық-атқару заңнамасын және басқа да заңдарды қалыптастыруда көрініс тапқан ғылыми жетістіктері мен еңбектері зерттеудің нәтижесі болып табылады.
Тірек сөздер: Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев, көрнекті заңгер-ғалым, қылмыстық құқық, қылмыстық құқық ғалым-заңгерлерінің мектебі, білім саласы, ғылым саласы, жоғары құқық білімі, мемлекеттік қызмет, ғылыми еңбектер, қоғам.

Кіріспе
Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев 1961 жылы 3 қыркүйекте Шымкент облысы, Созақ ауданы, Шолақ-Қорған ауылында дүниеге келген. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің түлегі, РСФСР ІІМ Мәскеу университетінің адъюнктурасында оқыған, және кейін Ресей ғылым академиясының мемлекет және құқық институтында докторлық диссертациясын сәтті қорғаған болатын.


Заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Ә. Оңғарбаев

Е.Ә. Оңғарбаевтың кәсіби қызметі КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде басталды десек те болады. Атап айтқанда, комсомол комитетінің хатшысы, оқытушы, аға оқытушы, доцент, бөлім басшысы, басшының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерінде 1990-1999 жылдар аралығында жұмыс атқарды. Одан кейін көптеген беделді жерлерде қызмет етті, мәселен, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті оқу орындарының басқармасы (басқарма басшысы, 1999-2000 жж.); ҚР Парламенті Мәжілісі (төраға кеңесшісі, 2000-2003 жж.); «КазГЮУ» Университеті (оқу, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор, бірінші проректор, академиялық мәселелер жөніндегі вице-президент, 2003-2007 жж.); ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті (төраға, 2007-2010 жж.); «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ (басқарушы директор – басқарма мүшесі, 2010 ж.); «Астана» Университеті (ректор, 2011-2012 жж.); Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (заң факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректор, 2013-2015 жж.); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы (бірінші проректор, 2015-2016 жж.); Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті (төраға, 2017-2018 жж.), «Отандастар қоры» КЕАҚ (басқарушы директор, 2019-2020 жж.).
2020 жылдың қаңтарынан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, ал қазіргі кезде Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректор лауазымында жұмыс атқаруда.

Мақаланың негізгі ережелері
Е.Ә. Оңғарбаев орасан зор тәжірибемен үйлесетін терең теориялық көзқарасы бар, жоғары кәсіби заң білімі мен заң ғылымының дамуына, заңдылықты нығайтуға және ұлттық заңнаманы жетілдіруге орасан зор үлес қосты және қосып келеді десек артық айтпағанымыз.
Қылмыстық құқықтың да, жалпы заң ғылымының да қазіргі жағдайын ғалымның еңбектерінсіз елестету мүмкін емес шығар. Мәселен, Е.Ә. Оңғарбаев 150-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде «Классификация преступлений и ее правовое значение», «Категория преступлений небольшой тяжести по уголовному праву Республики Казахстан», «Тяжкие преступления по уголовному праву Республики Казахстан» (өзге де авторлармен бірлесіп жазылған), «Теоретические основы классификации преступлений в уголовном законе» атты оқу құралы, «Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы» және т.б. сияқты қылмыстық құқық, криминология, құқықтың теориялық проблемалары, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметі мәселелері бойынша монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары да бар. «Тяжкие преступления по уголовному праву Республики Казахстан» монографиясында, профессор Ш.В. Тлепинаның пікірінше, ғалым ауыр ұғымдардың түсінігі мен мазмұнының теориялық негіздемесін жалпы жіктеу туралы және алдын-ала жіктеуді, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы мен Қазақ КСР-нің заңнамаларының салыстырмалы талдау негізінде жіктеу проблемасымен байланыстырады. Сонымен қатар, Е.Ә. Оңғарбаев өзінің ғылыми еңбектерінде қылмыстарды жіктеудің жалпы теориялық мәселелерін ғана емес, сонымен қатар қылмыстың әлеуметтік-құқықтық мәнін, генезисін, қылмыстық құқықтағы қылмысты жіктеу ұғымын зерттеді, қылмыстарды жіктеу мәселелері бойынша отандық және қылмыстық заңнамаға тарихи-құқықтық талдау жүргізді.
Е.Ә. Оңғарбаев алғаш рет Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық заңнамасында қылмыстарды санаттау проблемаларын кешенді әзірлеуді жүзеге асырды, оның ішінде қылмыстарды санаттау процесінің теориялық негіздерін айқындауға; қылмыстық іс-әрекеттер санаттарының жүйесін және оны қылмыстық заңның Жалпы және Ерекше бөлімдерінде іске асыруға бірінші кезекте назар аударды.
Ғылыми ортада Е.Ә. Оңғарбаев республикамыздың көлемінде ғана емес, сонымен қатар басқа да мемлекеттерде де танымал криминолог-ғалым болып есептеледі.

Көрнекті мемлекет қайраткерлері М.С. Нәрікбаев,
Қ.С. Сұлтанов, Л.Н. Гумилев ЕҰУ ректоры Е.Б. Сыдықовпен, 2014 ж.

Осылайша, Е.Ә. Оңғарбаев көптеген ғылыми еңбектерінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының заң ғылымының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты және әлі де қосуда.

Материалдар мен әдістер
Зерттеудің негізгі материалдары ретінде атақты қазақстандық ғалымдар Д. Қамзабекұлы, М.А. Сарсембаев, Ш.В. Тлепинаның және т.б. мақалалары қарастырылды. Олар өз мақалаларында Е.Ә. Оңғарбаевтың өмір жолын, оның ішінде еліміздің дамуына қосқан үлесін, ғалымның көзқарастары мен ұстанымдарын негізге алған. Сонымен қатар, осы мақаланы әзірлеуде жалпы ғылыми және жеке-ғылыми зерттеу әдістері, сондай-ақ тарихи және салыстырмалы құқықтық зерттеу әдістері қолданылды.

Зерттеу нәтижелері

1. Өз ісінің шебері, еліміздің көрнекті заңгер-ғалымы туралы
Мәскеу қылмыстық құқық ғалым-заңгерлерінің мектебі өкілдерінің бірі ретінде Е.Ә. Оңғарбаев өзінің қылмыстық құқық саласындағы қазақстандық ғылыми мектебін құра алды. Бұған дәлел – диссертацияларына жетекшілік еткен ғалымның шәкірттері (үш заң ғылымдарының докторы, он жеті кандидаты және екі PhD).
Сонымен қатар, тек қана қылмыстық құқық ғылымы емес, сондай-ақ Е.Ә. Оңғарбаевтың қоғамға, заң білімінің дамуына қосқан өзге де үлестері мол. Мәселен, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары болып саналатын Қазақ гуманитарлық заң университеті мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясының қалыптасуының басында болды. Көптеген заң тұжырымдамалары мен заң жобалары авторларының бірі. Атап айтқанда, Е.Ә. Оңғарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Заң тұжырымдамалары жобалары; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобалары; «Шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау және репатриациялау жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» тұжырымдамасы жобалары авторларының бірі болып келеді.


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.А. Әзілханов, «Отандастар қоры» КеАҚ Президенті Н.Ә. Әбіқаев, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары З.Қ. Тұрысбековпен, 2019 ж.

Е.Ә. Оңғарбаев – қазақстандық ғылымның көрнекті топ-менеджерлерінің бірі. Мамандандырылған жоғары оқу орны бастығының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, диссертациялық кеңестің төрағасы, бейінді министрліктің ғылым комитетінің төрағасы, акционерлік қоғам басқармасының басқарушы директоры-мүшесі ретіндегі әкімшілік қызмет тәжірибесі кейінгі кәсіби және ғылыми-зерттеу қызметіне әсер етті.
Қазіргі уақытта Е.Ә. Оңғарбаев жоғары білім беру саласындағы басқарушы лауазымында қызмет атқара отырып, бүгінге дейін қалыптасқан классикалық канондармен үйлескен жаңа қашықтықтан оқытудың инновациялық әдістерін белсенді түрде насихаттауда. Бұған бірден бір дәлелі ретінде ғалымның БАҚ-та, отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жариялған еңбектері бола алады.
Ғалымның мемлекеттік дәрежедегі белсенділігінің бірден бір дәлелі елімізде болған соңғы өзгерістер. Нақты айтқанда, Е.Ә. Оңғарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды әзірлеуге жұмыс тобы мүшесі ретінде ат салысты және қазіргі кезде олардың мазмұнын қоғамға түсіндіруге белсенді қатысуда.


ҚР Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың
ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобы мүшелерімен кездесуі, 2022 ж.

Е.Ә. Оңғарбаев Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 6D030100 – «Құқықтану», 6D030200 – «Халықаралық құқық» мамандықтары бойынша докторлық диссертация қорғау, философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңесінің төрағасы (2015), сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясының философия докторы (PhD), «Құқықтану» және «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламаларының бейіні бойынша доктор дәрежесін беру үшін докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы (2015-2016) ретінде ғылыми кадрлар даярлау үшін көп жұмыс атқарды.
Еркін Әнуарұлы көптеген халықаралық және шетелдік деңгейде өтетін іс-шараларда еліміздің атынан жеткен жетістіктерімізді жоғары дәрежеде көрсетуде. Атап айтқанда, Париждегі ЮНЕСКО форумы, Бейжіңде өткен Жаһандану дәуіріндегі қылмыстық құқық мәселелері жөніндегі Халықаралық форумның жетінші сессиясы, сондай-ақ Мәскеу қаласында өткен «Ресей Федерациясындағы заңдылық: дәуір сын-қатерлері (Сухарев оқулары)» конференциясына қатысты. Сонымен қатар, «Отандастар қоры» КеАҚ-да жұмыс істеген кездері, ол репатриацияның құқықтық мәселелерін, шетелдегі отандастарды қолдаудың халықаралық тәжірибесін зерделеуге белсенді қатысып, Польша, Израиль, Оңтүстік Корея және т.б. елдердің мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары өкілдерімен кездесіп, тәжірибемен алмасты.
Профессор Е.Ә. Оңғарбаев әлемнің жетекші ғылыми және білім беру орталықтарында, атап айтқанда, Беркли қаласындағы Калифорния университетінде, Лондон экономика және саяси зерттеулер мектебінде, Сингапур менеджмент университетінде және т.б. ұйымдарда ғылыми тағылымдамалар мен біліктілікті арттырудан өтті.
Ғалымның құрметті атақтары мен марапаттары оның еңбегін мойындаудың жарқын мысалы болып табылады. Жоғары кәсібилігі үшін Е.Ә. Оңғарбаев «Құрмет» (2006) және «Парасат» (2021) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен (2011); келесідей мерейтойлық медальдармен – «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астана» (2006), «Астанаға 10 жыл» (2007), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2015), «Астанаға 20 жыл» (2018), «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» (2020); төс белгілерімен – «Қазақстан Республикасының білім сласының құрметті қызметкері» (2004); «ҚР ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2006); «Ы.Алтынсарин» (2008); «Мемлекеттік қызмет үздігі» (2018); «Қазақстанның құрметті заңгері» (2020); Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» жоғары марапаты (2021); «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» медалі (2021); Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының Әл-Фараби атындағы алтын медалі (2021); ҚР Судьялар одағының «Жеті жарғы» құрмет белгісімен (2021) марапатталған.

2. Ғалымдар ғалым туралы
Профессор Е.Ә. Оңғарбаевтың өмірлік және кәсіби жолы, еліміздің дамуына қосқан үлесі, оның көзқарастары мен ұстанымдарын көптеген ғалымдар өз мақалаларында атап өтуде. Сол себепті, ары қарай барлық пікірлерді келтірмесек те негізгі дегендерді теріп, осы жерде көрсету жөн көрдік.
Мәселен, заң ғылымдарының докторы, профессор Ш.В. Тлепина өз мақаласында, декан, оқу ісі жөніндегі проректор, бірінші проректор, академиялық мәселелер бойынша вице-президент, университет ректоры, ведомстволық білім беру мекемелері басқармасының бастығы бола отырып, Е.Ә. Оңғарбаев мамандарды даярлау сапасы мәселелеріне көңіл бөлді деген. Ол бұған дейін білім беру нарықтық терминология тұрғыда қарастырылмағандығын және қызмет көрсету ретінде танылмағандығын жазған. Оның жұмыстарында білім беру саласындағы бәсекелестік, мемлекеттік емес жоғары оқу орындары қызметінің дамуы жағдайларында қосымша қаржы құралдарын тарту, қаржыландырудың жаңа көздерін іздеу, білім беруге қызмет көрсетудің бір түрі ретінде қарау қажеттілігі атап айтылады.
Еркін Әнуарұлының елімізде ғылымның дамуына сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы қызметін атқарған кезде елімізде ғылыми жұмысты ұйымдастырудың жаңа талаптарын, соның ішінде ғылыми нәтижелерді және ғылыми-техникалық қызметті коммерциаландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызған Ғылым туралы заңның даярлануына ұйтқы болды.
Профессор Е.Ә. Оңғарбаевтың қылмыстық құқық теориясы саласындағы ғылыми жетістіктері тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын қалыптастыруда көрініс тапты және қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстерінің нормаларында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларында, Бас прокуратураның актілерінде, осы кодекстерге және басқа да заңдарға ғылыми-практикалық түсіндірмелерде іске асырылды. Ғылыми идеяларды іске асыру құқық қолдану практикасын жетілдіру векторымен, оларды заң шығару қызметіне енгізумен расталады. Оның басшылығымен және оның қатысуымен Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Парламент Мәжілісінде, Білім және ғылым министрлігінде, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде жұмыс істеген кезеңде көптеген заңнамалық актілерді әзірлеу маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Оның ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайында қазақстандық патриотизммен байланысты Қазақстан Республикасында жастар саясатын қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін атап өткен жөн. Профессор Е.Ә. Оңғарбаев құқық саласында жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау бойынша өзінің кәсіби қызметінде жастар саясатын іске асыруды жалғастыруда. Оның әртүрлі мемлекеттік органдарда, жоғары оқу орындарында басшы лауазымдардағы ұзақ жұмыс тәжірибесі, менеджер ретіндегі бірегей және көрнекті қабілеттері ғылыми-білім беру процесінің республикалық және халықаралық рейтингтерінде жоғары мәртебеге қол жеткізуде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметін ұйымдастыру және басқару жүйесінде қолданыс тапты деп есептейді А.Н. Ахпанов және Б.Р. Сембекова сынды ғалымдар.
Профессор М.А. Сарсембаевтің пікірінше, Еркін Оңғарбаев ғылыми элитаның ортасында керемет криминолог ретінде сипатталады. Бұл оның монографияларынан, кітаптарынан көрінеді. Оның ғылыми талантының жан-жақты қырлары тек ресейлік ғылыми мекемелерде ғана емес, сонымен қатар Берклидегі Калифорния университетінде, Лондон экономика және саяси зерттеулер мектебінде, Сингапур менеджмент университетінде және т.б. әлемнің жетекші ғылыми және білім беру орталықтарында тағылымдамадан өту кездерінде де шыңдалған.
Бүгінде елеулі де мерейлі кезеге шыққан Еркін Әнуарұлында отандық жоғары мектеп саласында, әсіресе заң білімі мен ғылымында білмейтін адам жоқ деуге болады дейді академик Д. Қамзабекұлы. Әрине, мұның бәрі – таза еңбекпен, талап пен жауапкершілікпен жеткен биіктер. Қарағанды жоғары милиция мектебі бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті оқу орындары басқармасының бастығы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің проректоры, бірінші проректоры, «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ басарушы директоры, «Астана» университетінің ректоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры, «Отандастар қоры» КеАҚ басқарушы директоры тағы басқа қадау-қадау қызметі Еркін Әнуарұлының өзін ғана емес, кәсіби дегейін тұлғаландырып тұрады. Ол бүгін де елордадағы көшбасшы ұлттық университеттің басқарма мүшесі-проректоры. Ел басшылығы жоғары білім саласына қойып отырған жаңашыл міндеттерді үйлестіруші. Мұның сыртында заң саласына қатысты қаншама мемлекеттік, қоғамдық комиссиялардың мүшесі. Зерттеу еңбектері, монографиялары, оқу құралдары – кітапхана сөрелерінде ғана емес, мың сан шәкірттерінің алдында.

Талқылау
Әрине, бір мақала көлемінде адамның өмірбаяны мен жеткен жетістіктерін айту мүмкін емес. Дегенмен, профессор Еркін Әнуарұлы Оңғарбаевтың жоғары деңгейдегі кәсібилігі мен ғылыми жетістіктері өзгелер үшін аз да болса да үлгі болар деген мақсатпен осы мақаланы жазған едік. Ғалымның кәсіби шеберлігі, кең ой-өрісі мен терең білімі, іскерлік және адами қасиеттері қоғамда құрметке ие екеніне де көз жеткіздік.

Қорытынды
Жоғарыда айтлығанды қортындылай келе бірнеше ой-пікір түйдік.
Біріншіден, Еркін Әнуарұлының тәуелсіз еліміздің заңнамасы мен отандық білім және ғылымның дамуына қосқан үлесі зор.
Екіншіден, профессор Е.Ә. Оңғарбаевтың қылмыстық құқық теориясы саласындағы ғылыми жетістіктері мен еңбектері Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамасын және басқа да заңдарды қалыптастыруда көрініс тапты.
Үшіншіден, Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев сынды тұлғалар туралы болашақ ұрпақтың санасы мен ойында өзіндік орын алу үшін олардың өмірбаяны болсын, қызметі болсын, айтуға тұрарлық және осындай зерттеулер өте маңызды. Ал ғалымның еңбектері қоғамның дамуына ат салысатыны және ғылыми мұра болып қалыптасатыны сөзсіз. Оған біз зерттеу нәтижелерінде көз жеткізуге тырыстық.

Г.Г. Галиакбарова, PhD, и.о. доцента кафедры гражданского, трудового и экологического права Евразийского национального университета имени Л.Н. Гумилева (г. Астана, Казахстан): О выдающемся ученом-юристе страны, мастере своего дела.
В данной статье повествуется о видном ученом-юристе Казахстана, заслуженном деятеле Республики Казахстан, почетном члене Национальной академии наук Республики Казахстан, академике Национальной академии естественных наук Казахстана, почетном юристе Казахстана, докторе юридических наук, профессоре Еркине Ануаровиче Онгарбаеве, который в прошлом году отметил свой 60-летний юбилей, чем и актуальна выбранная тема, а творческий жизненный путь ученого является предметом исследования. Целью исследования является изучение вклада ученого в развитие нашего общества, мнений ученых и коллег в процессе его работы в научно-педагогической, образовательной сферах и на государственной службе. При подготовке данной статьи были использованы общенаучные и частнонаучные, исторические и сравнительно-правовые методы исследования.
Результатом исследования является сложившееся в ходе подготовки статьи общее представление об ученом и его профессиональной деятельности, заслугах в развитии законодательства страны и отечественного образования и науки, научных достижениях и трудах, отраженных в формировании и становлении уголовного, уголовно-процессуального и уголовно-исполнительного законодательства Республики Казахстан и других законов.
Ключевые слова: Еркин Ануарович Онгарбаев, выдающийся ученый-юрист, уголовное право, школа ученых-юристов уголовного права, сфера образования, сфера науки, высшее юридическое образование, государственная служба, научные труды, общество.

G.G. Galiakbarova, PhD, Assistant professor of Department of the civil, labor and ecological law, L.N. Gumilyov Eurasian National University (Astana, Kazakhstan): About an outstanding legal scholar of our country, a master of his craft.
This article tells about a prominent legal scholar of Kazakhstan, an honored worker of the Republic of Kazakhstan, an honorary member of the National Academy of Sciences of the Republic of Kazakhstan, an academician of the National Academy of Natural Sciences of Kazakhstan, an honorary lawyer of Kazakhstan, Doctor of Law, Professor Yerkin Anuarovich Ongarbayev, who last year celebrated his 60th anniversary, which is why the chosen topic is relevant, and the scientist's creative life path is the subject of research.
The purpose is to study the contribution of the scientist to the development of our society, the opinions of scientists and colleagues in the process of his work in the scientific, pedagogical, educational fields and in the public service. In preparing this article, general scientific and private scientific, historical and comparative legal research methods were used.
The result of the study is the general idea of the scientist and his professional activities, the merits in the development of the country's legislation and domestic education and science, scientific achievements and works, reflected in the formation and development of the criminal, criminal procedural and penitentiary legislation of the Republic of Kazakhstan, formed during the preparation of the article. and other laws.
Keywords: Yerkin Anuarovich Ongarbayev, outstanding legal scholar, criminal law, school of legal scholars of criminal law, education, science, higher legal education, public service, scientific works, society.

Библиография:
1. Bekmanova G., Ongarbayev Ye. Flexible Model for Organizing Blended and Distance Learning // Computational Science and Its Applications – ICCSA 2020. 20th International Conference, Cagliari, Italy, July 1–4, 2020, Proceedings, Part II.
2. Ахпанов А.Н., Сембекова Б.Р. Ученый, организатор образования, государственный деятель // Вестник Евразийского национального университета имени Л.Н. Гумилева. Серия: Право. 2021. № 3(136). – С. 8-10.
3. Ким К.В. ОНГАРБАЕВ Еркин Ануарович // Видные ученые-юристы Казахстана ХХ – начала ХХI веков. Энциклопедический справочник. В трех частях. Ч. 1–3 (отдельными книгами) / Министерство образования и науки Республики Казахстан. Университет КАЗГЮУ / Под общей ред. д.ю.н., проф. С.Ф. Ударцева. Астана: Типография ДӘМЕ; ТОО «КазГЮУ Консалтинг», 2017. Часть 3. – 302 с.
4. Қамзабекұлы Д. Аманатқа адалдық // ASTANA AQSHAMY. Республикалық қоғамдық-саяси газет. №102-103 (4227). 02/09/2021.
5. Онгарбаев Е.А., Есмагамбетов К.Б. Тяжкие преступления по уголовному праву Республики Казахстан. Астана: Фолиант, 2001.
6. Оңғарбаев Е. Жаңа Қазақстан құрудың жарқын үлгісі // Egemen Qazaqstan. URL: https://egemen.kz/article/310544-zhanha-qazaqstan-qurudynh-dgarqyn-ulgisi.
7. Сақ Қ. Зиялылық заңғары // TÚRKISTAN. Халықаралық саяси апталық. №35 (1412). 2 қыркүйек, 2021 жыл.
8. Сарсембаев М. Видный юрист и опытный организатор // Казахстанская правда. URL: https://kazpravda.kz/n/vidnyy-yurist-i-opytnyy-organizator/.
9. Тлепина Ш.В. Видный ученый-юрист, организатор юридического образования и науки // Право и государство. 2016. № 4 (73). – С.115-120.
10. Тлепина Ш.В. Көрнекті ғалым-заңгер, заң білімі мен ғылымын ұйымдастырушысы // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. 2017. № 3 (118). – 425-431 бб.

References (transliterated):
1. Bekmanova G., Ongarbayev Ye. Flexible Model for Organizing Blended and Distance Learning // Computational Science and Its Applications – ICCSA 2020. 20th International Conference, Cagliari, Italy, July 1–4, 2020, Proceedings, Part II.
2. Ahpanov A.N., Sembekova B.R. Uchenyj, organizator obrazovaniya, gosudarstvennyj deyatel' // Vestnik Evrazijskogo nacional'nogo universiteta imeni L.N. Gumileva. Seriya: Pravo. 2021. № 3(136). – S. 8-10.
3. Kim K.V. ONGARBAEV Erkin Anuarovich // Vidnye uchenye-yuristy Kazahstana HKH – nachala HKHI vekov. Enciklopedicheskij spravochnik. V trekh chastyah. CH. 1–3 (otdel'nymi knigami) / Ministerstvo obrazovaniya i nauki Respubliki Kazahstan. Universitet KAZGYUU / Pod obshchej red. d.yu.n., prof. S.F. Udarceva. Astana: Tipografiya DAME; TOO «KazGYUU Konsalting», 2017. CHast' 3. – 302 s.
4. Qamzabekūly D. Amanatqa adaldyq // ASTANA AQSHAMY. Respublikalyq qoğamdyq-saiasi gazet. №102-103 (4227). 02/09/2021.
5. Ongarbayev E.A., Esmagambetov K.B. Tyazhkie prestupleniya po ugolovnomu pravu Respubliki Kazahstan. Astana: Foliant, 2001.
6. Oñğarbaev E. Jaña Qazaqstan qūrudyñ jarqyn ülgısı // Egemen Qazaqstan. URL: https://egemen.kz/article/310544-zhanha-qazaqstan-qurudynh-dgarqyn-ulgisi.
7. Saq Q. Ziialylyq zaŋğary // TÚRKISTAN. Halyqaralyq saiasi aptalyq. №35 (1412). 2 qyrküiek, 2021 jyl.
8. Sarsembaev M. Vidnyj yurist i opytnyj organizator // Kazahstanskaya pravda. URL: https://kazpravda.kz/n/vidnyy-yurist-i-opytnyy-organizator/.
9. Tlepina Sh.V. Vidnyj uchenyj-yurist, organizator yuridicheskogo obrazovaniya i nauki // Pravo i gosudarstvo. 2016. № 4 (73). – S.115-120.
10. Tlepina Ş.V. Körnektı ğalym-zaŋger, zaŋ bılımı men ğylymyn ūiymdastyruşysy // L.N. Gumilev atyndağy EŪU Habarşysy. 2017. № 3 (118). – 425-431 bb.

№ 3 (96), 2022

В этом номере:

Учредитель:
АО Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева (Maqsut Narikbayev University).
Партнеры:

Журнал зарегистрирован в Комитете информации и архивов Министерства культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство № 7742-Ж.
ISSN: 2307-521X (печатная версия)
ISSN: 2307-5201 (электронная версия)