Альберт Венн Дайси және құқық үстемдігі

DOI꞉
10.51634/2307-5201_2021_1_6
УДК
342.7
ГРНТИ
10.11.01

J.R. Temіrbekov,
PhD, M.S. Nárіkbaev atyndaǵy KAZGUU
Ýnıversıtetіnіń Jarııa quqyq
departamentіnіń aǵa oqytýshysy

Мақалада атақты ағылшын заңгер ғалымы Альберт Венн Дайсидің (Albert Venn Dicey) «Rule of law» («Құқық үстемдігі») концепциясы жайында ойлары қарастырылады. А.В. Дайси «құқық үстемдігі» концепциясын алғаш рет XIX ғасырдың екінші жартысында негіздеген. Мақала авторы Дайсидің құқық үстемдігі концепциясының үш мәнінде тоқталады. Біріншіден, «құқық үстемдігі» – дискрециялық билікке қарама-қайшы келетін және бассыздық, айрықша өкілеттіктер немесе тіпті мемлекеттік биліктің кең өкілеттіктерінің болуын жоққа шығаратын жалпы құқықтың өктемдігі немесе үстемдігі. Екіншіден, «құқық үстемдігі» дегеніміз – бұл заң алдындағы теңдік немесе соттар қолданатын, елдегі жалпы құқыққа барлық таптардың бірдей бағынуы. Үшіншіден, Англияда, конституциялық кодекстің табиғи бөлігін құрайтын ережелер мен конституциялық құқық адамдардың құқықтарының қайнар көзі емес, керісінше – олар сот анықтаған және қолданатын адамдардың құқықтарының нәтижесі. Сонымен бірге, мақалада «құқық үстемдігі» концепциясын негізін қалауда және жетілдіруде ағылшын соттарының орны белгіленеді, Британ конституциясының кейбір негізгі қағидаттарының мәнін ашуға әрекет жасалады.

Кілтті сөздер: Альберт Венн Дайси, құқық үстемдігі, ұлықтылық, құқықтық мемлекет, конституция, заң, жалпы құқық, сот, Британ конституционализмі, конституциялық қағидалар.

Алғаш рет «Rule of law» («Құқық үстемдігі») сөз тіркесін 1875 жылы Альберт Венн Дайси (Albert Venn Dicey) ағылшын конституциясының ерекшелігін сипаттау мақсатымен конституциялық құқық бойынша дәрістер жинағында («An Introduction to the Study of the Law of the Constitution») қолданған (аталған еңбек он жылдан кейін ғана басылып шығарылды). Автордың өзі белгілегендей, бұл жинақты жарыққа шығарудың негізгі мақсаты – құқықты зерттеушілерге АҚШ пен Француз Республикасының конституционализмімен салыстырғанда ағылшын конституционализмінің принциптерін көрсететін нұсқаулық дайындау болды.

Ғалым және оның еңбектері

Альберт Венн Дайси (1835-1922) – британдық заңгер және конституциялық құқық теоретигі. Дайси Оксфордтағы Баллиол Колледжін тәмамдады, кейін Оксфорд университетінде ағылшын құқығының профессоры және өз заманының конституциялық құқығының жетекші теоретигі болды. Дайси ең алғаш 1885 жылы жарияланған «Конституциялық құқық ғылымына кіріспе» («An Introduction to the Study of the Law of the Constitution») еңбегінің авторы ретінде белгілі. Аталған еңбекте сипатталған қағидалар қазіргі Британ конституциясының бөлігі болып саналады.

Дайсидің кейбір белгілі еңбектері: «Conflict of Laws» (1896), «A Leap in the Dark, or Our New Constitution» (1893).

Дайсидің рөлі: тарих және қазіргі заман

Ричард Косгрув өзінің «Құқық үстемдігі: Альберт Венн Дайси, Викториандық заман заңгері» (The rule of law: Albert Venn Dicey, Victorian jurist (1980)) жұмысында «Конституциялық құқық ғылымына кіріспе» жинағын жоғары бағалайды. Р. Косгрув Дайсиді ағылшын жалпы құқығының қалыптасуы мен дамуын жан-жақты зерттеген ғалым ретінде сипаттайды.1 Аталған жұмысында Косгрув XIX-шы ғасырдың аяғында Англиядағы «құқық үстемдігі» және бостандық дәстүрінің қалыптасуы жалпы құқықтың дамуының нәтижесінде болды деген Дайсидің пікірін қолдайды.2

Революцияға дейінгі орыс әдебиетінде құқық үстемдігі құбылысын С.А. Котляревский сияқты көрнекті ғалым зерттеген. Атап айтқанда, ол ағылшынның құқықтық жүйесінде бар «құқықтық рухтың өктемдігі» құбылысын сипаттайды (Дайси концепциясына сәйкес, бұл – «құқық үстемдігі» терминінің үш мағынасының біреуі). «Ол (Англия – J.T.) жазбаша конституцияны пайдаланбайды: оның негізгі заңдары туралы юридикалық емес, тек тарихи мағынада айтуға болады. Негізгі заңдар қатарына келесі актілерді жатқызуға болады: 1215 жылғы «Ұлы Еркіндік Хартиясы», 1297 жылғы «Парламенттің келісімінсіз салықтарды төлемеу туралы ереже», 1628 жылғы «Құқықтар туралы петиция», 1689 жылғы «Құқықтар туралы билль». Бұл актілер ағылшын жария құқығының негізгі қағидаларын бекітеді. Ал ағылшын жария құқығының негізгі қағидалары ағылшын конституциясынан алынбайды, керісінше, ағылшын конституциясының өзі сол қағидалардың тұрақты әрекетінің нәтижесі, олар толығымен салт-дәстүрге негізделген. Дәл осы жағдай, яғни конституцияның, бір рет қана оқып шығуға мүмкін, біртұтас зерттелетін нақты актіде емес, салт-дәстүрлерде болуы, оған белгілі шындықты білдіретін жаңа конституцияларда жоқ мистикалық ізді қамтамасыз етеді».3

Дайсидің еңбектері қазіргі ғылыми әдебиетте де жоғары бағаланады. Мысалы, О.Е. Лейст Дайсидің «Конституциялық құқық ғылымына кіріспе» еңбегі мемлекет пен жеке адамның қарым-қатынасын жан-жақты зерттейтіндіктен саясаттану ғылымына үлкен үлес қосады деген пікірде.4

Халықаралық құқық мамандары Р.А. Каламкарян және Ю.И. Мигачев Альберт Дейсиді құқық үстемдігі концепциясының негізін қалаушы деп санайды. Олар Халықаралық Сот өз қызметінде құқық үстемдігі концепциясының қағидаттарын ұстануының маңыздылығын атап өтті: «Халықаралық құқық жүйесінің тұтастығы мен толықтығын түсінуге негізделген құқық үстемдігі концепциясы барлық потенциалды мемлекетаралық дауларды сот-арбитраж арқылы реттеуді көздейді. Сондықтан да, құқық үстемдігі, даудың юридикалық емес сипатына байланысты істі қарау үшін қабылдаудан бас тарту мүмкіндігін жоққа шығарады».5

Құқық үстемдігі түсінігінің үш аспектісі

Дайсидің пікірі бойынша, Англияның саяси институттарының басты ерекшелігі құқықтың үстемдігі [«rule»], басымдылығы [«predominance»] немесе өктемдігі [«supremacy of law»]».6 Дайсидің айтуынша, Англияға келген шетелдіктер бұл елде құқық үстемдігінің жоғары деңгейде құрметтелуіне таң қалған болатын.

Дайсиге сәйкес, «құқық өктемдігі немесе үстемдігі» деген сөз тіркесі, ағылшын конституциясының өзіне тән белгісі ретінде, бір бірімен байланысты, бірақ үш түрлі мәндерді қамтиды. Бірінші мәніне сәйкес, егер субъектінің заң бұзғаны дәлелденбесе ол зорлық-зомбылыққа және жазаға ұшырамауы қажет.

Алғашқы мағынада, «құқық үстемдігі» ұғымына Альберт Дайси келесідей түсінік берді: биліктің жеке тұлғаға қатысты ерікті әрекеттеріне жол берілмеуі тиіс.

Дайсидің ойынша, Англияға қарағанда, дерлік барлық континенталды елдерде атқарушы билік ұстау, сотқа дейінгі қамауда ұстау немесе аумақтан шығарылу және т.б. мәселелерде өз қалауы бойынша кең әрекет ете алатындығына назар аударады. Еуропалық саясатты зерттей отырып, Дайси ағылшын азаматтарына ескерту ретінде, дискреция бар жерде бассыздыққа орын бар екенін,7 және биліктің кең өкілеттіктеріне байланысты республикадағы бостандық деңгейі монархиядағыдай деңгейде болуы мүмкін екендігін айтады.8 «Он сегізінші ғасырда континенттегі көптеген мемлекеттер деспоттықтан алыс болды, бірақ азаматтарды биліктің озбырлығынан қорғайтын бірде-бір континенталды ел болған жоқ» деп мәлімдеді Дайси.9 Ол келесі мысалды келтірді: «Вольтер Англияға келгенде, ол деспотизмнен құтылып кеткенін және заңдар қатал болуы мүмкін елге келгенін, бірақ адамдар қыңырлықтың емес, құқықтың үстемдігінде болғанын бірден сезді».10 Абсолютті монархия кезінде «корольдық бассыздықты» Дайси «француздық билік жүйесінің қасиеті» деп атады. Сондықтан, оның пікірінше, «француз монархиясы кезінде 1789 жылға дейін құқық үстемдігі сияқты нәрсе болды деп ойлау қате».11 Осыған байланысты, Еуропада Бастилияның құлауын құптайтын эмоциялар жарылысын оның заңсыз биліктің символы ретінде қабылданатындығымен түсіндіруге болады.12

Англияның өзіне тән белгісі ретінде «құқық үстемдігі» ұғымының мазмұнын ашу жолында, Дайсиға сәйкес, бұл құбылыстың екінші құндылығы – ешкімнің де заңнан жоғары болмауы.13 Англияда, заң алдындағы теңдік идеясы, Дайсидің пайымдауынша, жоғары деңгейде болды: «кез-келген шенеунік, жоғары деңгейде – премьер-министрден бастап, төменгі деңгейде – констебль немесе салық жинаушыға дейін, заңсыз жасаған әрекеті үшін кез келген басқа азаматпен бірдей жауап береді». Англия халқы құқық үстемдігі аясында болғандықтан Дайси бұндай жағдайды мүмкін деп санайды.14 Бұл жерде құқықтық теңдікті қамтамасыз етуде ағылшын сотының жоғары жағдайы басты рөл атқаратындығын атап өткен жөн.

Дайсидің пікірінше, ағылшын азаматы «құқық үстемдігін» (оның екінші мағынасында) барлық өркениетті қоғамдарға тән ортақ қасиет ретінде қабылдауы мүмкін. Бірақ бұндай болжамды Дайси қате деп санады, өйткені іс жүзінде барлық континентальдық елдерде барлық адамдар бірдей заңға бағынбайды, ал соттар мемлекеттік жүйеде жоғары орын ала бермейді.15 Мысал ретінде, Дайси Францияны келтірді, онда оның айтуынша, шенеуніктер (ол оларға «мемлекетте қызметтегі барлық адамдарды» жатқызады) «қызметтік жағдайына байланысты қарапайым соттардың юрисдикциясынан шығарылған және белгілі бір мөлшерде оларға мемлекеттік органдар қолданатын заң қолданылады»,16 яғни ондай заң соттармен емес, әкімшілік органдармен қолданылады.

Дайсидің ойынша, «құқық үстемдігі» терминінің үшінші және мүлдем бөлек, ағылшын институттарының ерекше белгісі болып табылатын мағынасы бар. Бұл мағына ол «құқықтық рухтың өктемдігін» қамтиды.17 Осы тезистің негізінде автор түбегейлі маңызды тұжырым жасады: «Конституция, конституцияның жалпы қағидаттары (мысалы, жеке бас бостандығы немесе бірлесу бостандығы) сот қарастырған нақты істер бойынша тұлғалардың құқықтарын анықтау үдерісінде қабылданған сот шешімдерінің нәтижесі болып табылатындықтан, конституция құқық үстемдігіне қанық деп пайымдай аламыз».18 Ал көптеген шетелдік конституцияларға сәйкес, адам құқықтарына берілген кепілдік – конституцияның өзінің жалпы қағидаттарының нәтижесі.19

Англия Конституциясының ерекшеліктері

«Ағылшын конституциясы» – тұлғалардың құқықтарына қатысты соттарда қарастырылған даулардың жемісі. Сондықтан Дайси: «біздің конституциямыз, қысқаша айтқанда, судьялар құрған конституция және ол судьялар жасаған құқықтың барлық жақсы және негативті ерекшеліктеріне ие» деді.20 Дайси Англияның конституциясы мен көптеген шет елдердің конституциялары арасындағы сәйкессіздіктерді қарастырған. Ол мұндай айырмашылықтардың бірі ретінде, ағылшын конституциясында, шетелдік конституционалистер кең қолданатын, адам құқықтары туралы декларациялар мен анықтамалардың болмауына назар аударады. Сонымен қатар, ағылшын конституциясының қағидалары, өз қасиеті бойынша нормативті емес болып табылатын сот шешімдері немесе позицияларынан туындайтын қарапайым жалпылама тұжырымдар болып табылады. Немесе олар ерекше сипаттағы шағымдарды қанағаттандыру үшін шығарылатын, сот шешімдеріне ұқсайтын және мәні бойынша Парламенттің Жоғары Соты шығарған шешімдер болып табылатын Парламенттің актілерінен туындайды. Англияда жеке бас бостандығына құқық – конституцияның ажырамас бөлігі. Өйткені ол кеңейтілген түсіндірме негізінде немесе Habeas Corpus актілерінде қамтылған құбылыстарды растау негізінде қабылданған сот шешімдерімен қамтамасыз етілген.

1791 ж. Француз конституциясы ар-ождан бостандығын, баспасөз бостандығын, бірлесу бостандығын жариялады және билік басындағылардың жауапкершілігін белгіледі. Алайда, Дайсидің пікірінше, адамзат тарихында бұндай құқықтардың әрқайсысы бөлек немесе бірге соншалықты аз қорғалатын кез болған емес, тіпті – француз революциясының басталуы кезінде ол құқықтар мүлдем болған жоқ деуге болады. Дайси Француз Республикасындағы осы бостандықтар мен құқықтардың қорғалуының нәтижелілігіне күмән келтіріп, олардың қорғалу деңгейін (өз шығармасын жазып жатқан кезде де) ағылшын монархиясындағы деңгеймен салыстырды. Бұл мәселедегі ағылшын жүйесінің айырмашылығы, Дайсидің пікірінше, сот заңнамасының мықты негізін қамтамасыз ете, ағылшын конституциясы арқылы өтетін – құқықты жүзеге асыру құралдары мен құқықтың өзі арасындағы ажырамас байланыс. Сондықтан, «құқық бар жерде, оны қорғаудың құралдары да бар» ойы – бұл көзқарас тұрғысынан қарағанда қарапайым таутологиялық формуладан гөрі айтарлықтай маңызды. Мұндағы басты рөлді Habeas Corpus актілері ойнайды – олар қағидаларды жарияламайды және ешқандай құқықтарды анықтамайды, бірақ практикалық мақсаттар үшін жеке бас бостандығына кепілдік беретін жүздеген конституциялық баптарға лайық. Демек, «ағылшын институттарын қамтитын» «құқық рухы» – Habeas Corpus актілерінде.21

Қорытынды

Профессор Дайси анықтамасына сәйкес, ағылшын конституциясының негізгі қағидасы болып табылатын «құқық үстемдігі» концепциясының мазмұнын зерттеуді тәмәмдай келе, біз бұл құбылыстың үш мағынасы бар екенін көреміз.

Біріншіден, «құқық үстемдігі – дискрециялық билікке қарама-қайшы келетін және бассыздық, айрықша өкілеттіктер немесе тіпті мемлекеттік биліктің кең өкілеттіктерінің болуын жоққа шығаратын жалпы құқықтың үстемдігі немесе өктемдігі. Дайси, сонымен бірге: «Британдықтар – тек құқық үстемдігі аясында. Бізде адам тек құқықты бұзғаны үшін жазалануы мүмкін және басқа нәрсе үшін жазалануы мүмкін емес» деп атап өтті.22

Екіншіден, «құқық үстемдігі» дегеніміз – бұл заң алдындағы теңдік немесе соттар қолданатын, елдегі жалпы құқыққа барлық таптардың бірдей бағынуы. Осы мағынада, «құқық үстемдігі» – «басқа азаматтармен бірге заңға бірдей бағынудан немесе қарапайым соттардың алдындағы жауапкершіліктен кез-келген жалтару идеясын жоққа шығарады». Сонымен бірге, Дайси Францияда сияқты «әкімшілік құқық» немесе «әкімшілік соттардың» болуы Англияда мүмкін еместігін көрсетеді. Бұл жерде, «әкімшілік құқық» түсінігінің мәні – үкіметке немесе оның қызметкерлеріне қатысты істердің немесе даулардың азаматтық соттардың қарауына жатпауын және арнайы ресми органдармен, яғни әкімшілік органдармен қаралуын білдіреді. 23

Үшіншіден, Дайсидің пікірінше, конституциялық кодекстің ажырамас бөлігін құрайтын ережелер мен конституциялық құқық – Англияда адамдардың құқықтарының қайнар көзі (кейбір шет елдерде тәрізді) емес, керісінше – олар сот анықтаған және қолданатын адамдардың құқықтарының салдары.

Қазіргі континентальдық еуропалық құқықтық жүйелердегі «құқық үстемдігі» туралы заманауи ғалымдардың көзқарасы англо-саксондық немесе еуропалық (Ұлыбритания), мұхиттың арғы жағындағы (Канада, АҚШ, Австралия) құқық жүйелерінің авторларының көзқарастарынан айтарлықтай ерекшеленбейді.

Бүгінгі таңда Дайси қалыптастырған «құқық үстемдігі» концепциясы «таза англо-саксондық құбылыс» болудан қалды. Бұл концепцияны 1948 жылы БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының және Еуропа Кеңесінің құжаттарының – ЕК Жарғысының (1947 ж.) және Адам құқықтары туралы Еуропалық конвенциясының (1950) авторлары атап өткен.

Ж.Р. Темирбеков: Альберт Венн Дайси и Верховенство права.

В статье рассматриваются размышления известного английского теоретика конституционного права Альберта Венн Дайси (Albert Venn Dicey) о концепции «Rule of law» («Верховенство права»), которую он впервые выдвинул во второй половине XIX века. Выделяются три особенности концепции «верховенства права» Дайси. Во-первых, «верховенство права» – это господство или верховенство общего права, которое противоречит дискреционной власти и исключает существование произвола, исключительных полномочий или даже широких полномочий государственной власти. Во-вторых, «верховенство права» означает равенство перед законом или равное подчинение всех классов в стране общему праву, которое применяется судами. В-третьих, в Англии, нормы и конституционное право являются не источником прав человека, а скорее наоборот, следствием прав людей, определенных и примененных судами. Также в работе отмечается роль и место английских судов в формировании и развитии концепции «верховенства права», предпринята попытка раскрыть сущность основных принципов Британской конституции.

Ключевые слова: Альберт Венн Дайси, верховенство права, господство, правовое государство, конституция, закон, общее право, суд, английский конституционализм, принципы конституции.

Zh.R. Temirbekov: Albert Venn Dicey and the Rule of law.

In the article «Albert Venn Dicey and the Rule of law» considered reflections of the famous British constitutional law theorist Albert Venn Dicey about the concept of «rule of law», which he first put forward in the second half of the XIX century. The author notes three features of the concept of «rule of law» of Dicey. Firstly, the «rule of law» is the supremacy or rule of law, which contradicts discretion and excludes arbitrariness, exclusive powers, or even broad powers of state authorities. Secondly, the «rule of law» means equality before the law or equal subordination of all classes in the country to the common law that the courts apply. Thirdly, in England, the norms and constitutional law are not a source of human rights, but rather, on the contrary, a consequence of the rights of people determined and applied by the courts. Also in the paper notes the role and place of the English courts in the formation and development of the concept of «rule of law», an attempt is made to reveal the essence of general principles of the British Constitution.

Key words: Albert Venn Dicey, rule of law, supremacy, Rechtsstaat, constitution, law, common law, court, English constitutionalism, principles of the constitution.

Библиография

  1. Дайси А.В. Основы государственного права Англии: Введение в изучение английской конституции. М., 1907. – 208 с.

  2. История политических и правовых учений: Учебник Под ред. О.Э. Лейста. М.: Юридическая литература, 1997. – 539 с.

  3. Каламкарян Р.А., Мигачев Ю.И. Международное право: Учебник. М.: Изд-во Эксмо, 2004.

  4. Котляревский С.А. Конституционное государство. Опыт политико-морфологического обзора. М., 1907.

  5. Темирбеков Ж.Р. Альберт Венн Дайси и концепция «Rule of law» («верховенство права») // Право и государство. 2013, № 1(58). – С. 57-60.

  6. Ударцев С.Ф., Темирбеков Ж.Р. Концепции «Rule of law» (Верховенство права) и «Rechtsstaat» (Правовое государство): сравнительный анализ // Государство и право. 2015, № 5. – С. 5-16.

  7. Dicey A.V. Introduction to the Study of the Law of the Constitution. 10th ed., 1959.

  8. Richard A. Cosgrove, "Dicey, Albert Venn (1835-1922)", Oxford Dictionary of National Biography, Oxford University Press, 2004; online edn, Jan 2008 URL: http://www.oxforddnb.com/view/article/32811 (4.04.2020).

Bibliografiya

1. Daysi A.V. Osnovy gosudarstvennogo prava Anglii: Vvedeniye v izucheniye angliyskoy konstitutsii. M., 1907. – 208 с.

2. Istoriya politicheskikh i pravovykh ucheniy: Uchebnik Pod red. O.E. Leysta. M.: Yuridicheskaya literatura, 1997. – 539 с.

3. Kalamkaryan R.A., Migachev YU.I. Mezhdunarodnoye pravo: Uchebnik. M.: Izd-vo Eksmo, 2004.

4. Kotlyarevskiy S.A. Konstitutsionnoye gosudarstvo. Opyt politiko-morfologicheskogo obzora. M., 1907.

5. Temirbekov Zh.R. Al'bert Venn Daysi i kontseptsiya “Rule of law” («verkhovenstvo prava») // Pravo i gosudarstvo (KazGYUU). Astana: 2013, № 1(58). – S. 57-60.

6. Udartsev S.F., Temirbekov Zh.R. Kontseptsii «Rule of law» (Verkhovenstvo prava) i «Rechtsstaat» (Pravovoye gosudarstvo): sravnitel'nyy analiz // Gosudarstvo i pravo. 2015, № 5. – S. 5-16.

7. Dicey A.V. Introduction to the Study of the Law of the Constitution. 10th ed., 1959.

8. Richard A. Cosgrove, "Dicey, Albert Venn (1835-1922)", Oxford Dictionary of National Biography, Oxford University Press, 2004; online edn, Jan 2008 URL: http://www.oxforddnb.com/view/article/32811 (4.04.2020).

1 Қара.: Richard A. Cosgrove. "Dicey, Albert Venn (1835-1922)", Oxford Dictionary of National Biography, Oxford University Press, 2004; online edn, Jan 2008 // URL: http://www.oxforddnb.com/view/article/32811 (4.04. 2020).

2 Idem.

3 Котляревский С.А. Конституционное государство. Опыт политико-морфологического обзора. М., 1907. С. 46.

4 Қара.: История политических и правовых учений: Учебник. Под ред. О.Э. Лейста. М.: Юридическая литература, 1997. – 539 с.

 

5 Каламкарян Р.А., Мигачев Ю.И. Международное право: Учебник. М.: Изд-во Эксмо, 2004. С. 46.

6 Басылымның орыс тіліне аудармасында – «заңның ұлықтылығы, өктемдігі немесе үстемдігі». – Қара: Дайси А.В. Основы государственного права Англии: Введение в изучение английской конституции. М., 1907. – 208 с.

7 Ағылшын тілінен «discretion» – «іс-әрекет бостандығы», «өз қалауы бойынша әрекет ету».

8 Басылымның орыс тіліне аудармасында «legal freedom» («юридикалық» бостандық) ағылшын фразасы «заңмен орнатылған бостандық» ретінде дұрыс аударылмаған. – Қара: Дайси А.В. Основы государственного права Англии: Введение в изучение английской конституции. М., 1907. – 211 с.

9 Қара: Dicey A.V. Introduction to the Study of the Law of the Constitution. 10th ed., 1959. Р. 189.

10 Ibidem. Р. 189-190. Осыған байланысты Дайсидің айтуы бойынша «бұл айырмашылықты сезу үшін Вольтерде жеткілікті негіздер болған: 1717 жылы он мәтінін жазбаған, авторын білмеген және мазмұнымен келісе қоймайтын поэма үшін тұтқындалып, Бастилияға жіберілген болатын».

11 Ibidem. Р. 191.

12 Қара: Ibidem. Р. 192.

13 Қара: Ibidem. Р. 192-193.

14 Қара: Ibidem. Р. 193.

15 Қара: Ibidem. Р. 194. Орыс тіліндегі басылымда автордың ойы дәл берілмеген: Дайси «мемлекеттегі соттардың жоғары орынға ие» [«the courts are supreme throughout the state»] екендігі туралы айтады. Ал аударымда «соттар мемлекетте шексіз билікке ие» деп аударылған. Соттардың «жоғары орында» болуы (Дайси айтқандай, оларға да елдегі құқық міндетті болып табылады) мен «шексіз билікке» ие болуы сөз тіркестері арасында диаметралды қарама-қарсы болмаса да, үлкен айырмашылық бар екендігін дәлелдеу қажет емес. – Қара: Дайси А.В. Основы государственного права Англии: Введение в изучение английской конституции. М., 1907. С. 218.

16 Dicey A.V. Introduction to the Study of the Law of the Constitution. 10th ed., 1959. Р. 195.

17 Орыс тіліндегі басылымда – «заңдылық рухының өктемдігі». – Қара: Дайси А.В. Основы государственного права Англии: Введение в изучение английской конституции. М., 1907. С. 219.

18 Dicey A.V. Introduction to the Study of the Law of the Constitution. 10th ed., 1959. Р. 195.

19 Қара: Ibidem. Р. 196.

20 Ibidem. Р. 196.

21 Орыс тіліндегі басылымда «заңдылық рухы» сөз тіркесі қолданған. – Қара: Дайси А.В. Основы государственного права Англии: Введение в изучение английской конституции. М., 1907. С. 224.

22 Dicey A.V. Introduction to the Study of the Law of the Constitution. 10th ed., 1959. Р. 202.

23 Қара: Idem.

№ 1 (90), 2021

В этом номере:

Учредитель:
АО Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева (Maqsut Narikbayev University).
Партнеры:

Журнал зарегистрирован в Комитете информации и архивов Министерства культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство № 7742-Ж.
ISSN: 2307-521X (печатная версия)
ISSN: 2307-5201 (электронная версия)