• Главная
  • Архив
  • № 3 (108), 2025
  • Оразбаева А.А. Конституциялық бірегейлік – ұлттық бірліктің құқықтық негізі: салыстырмалы-құқықтық талдау

Оразбаева А.А. Конституциялық бірегейлік – ұлттық бірліктің құқықтық негізі: салыстырмалы-құқықтық талдау


 DOI: 10.51634/2307-5201_2025_3_14

УДК 342.4
МРНТИ 10.15.23

А.А. Оразбаева, Maqsut Narikbayev University Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, Жоғары құқық мектебінің жария құқық кафедрасының профессоры(Астана қ., Қазақстан Республикасы), e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

Жаһандану, цифрлық трансформация және мемлекеттің құндылық бағдарларының рөлі күшейген қазіргі жағдайда конституциялық бірегейлік құқықтық әрі саяси тұрақтылықтың өзегіне айналып отыр. Зерттеу пәні конституциялық бірегейлікті құқықтық категория ретінде түсіну. Бұл бір жағынан егемендікті қорғау құралы болса, екінші жағынан қоғамды біріктіру тетігі болып табылады. Мақаланың мақсаты Қазақстанның конституциялық бірегейлік үлгісінің қалыптасу ерекшеліктерін анықтап, оны шетелдік тәжірибемен, ең алдымен Германия үлгісімен, сот практикасы мен доктриналық көзқарастар контексінде салыстыру. Әдістемелік негізі салыстырмалы-құқықтық, формальды-юридикалық және тарихи-құқықтық тәсілдер. Бұл әдістер конституциялық бірегейліктің әмбебап қырларын да, ұлттық ерекшелігін де айқындауға мүмкіндік берді. Жаңалығы Қазақстанның конституциялық бірегейлігі 2025 жылы қабылданған Конституциялық Соттың бірқатар шешімдері арқылы көрсетіліп, конституциялық бірегейлік пен құқықтық бірегейліктің арақатынасы нақтыланады және конституциялық бірегейлік доктринасын әзірлеу ұсынылады. Негізгі тұжырымдар мынада: конституциялық бірегейлік тек оны институционалдық тұрғыда бекітіп, әмбебап құндылықтар мен ұлттық ерекшелікті ұштастыра отырып практикалық мазмұнмен толықтырған жағдайда ғана мемлекеттің легитимдігін және тұрақтылығын қамтамасыз ететін тиімді қайнар көз бола алады.

Кілтті сөздер: Қазақстан Республикасы, Конституциялық Сот, конституциялық бірегейлік, құқықтық бірегейлік, конституциялық құндылықтар, ұлттық бірлік, сот тәжірибесі, Германия.

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі цифрлық жаңғырудан бастап геосаяси ауысуларға дейінгі жаһандық трансформациялар жағдайында мемлекеттер өздерінің құқықтық тіректерін де, бірегейлігін де қайта қарастыруға мәжбүр болуымен түсіндіріледі. Институционалдық реформаларды іске асырып, мемлекеттік құрылымның негіздерін қайта қарау кезеңіндегі Қазақстан үшін конституциялық бірегейлік мәселесі теориялық қана емес, практикалық тұрғыдан да шешуші маңызға ие.

Конституциялық бірегейлікті талдай отырып, Негізгі заң нормаларының өзара үйлесімділігін айқындайтын өлшемдер қандай деген сұрақ алдымыздан шығады. Бұл орайда «бірегейлік» («идентификация») терминінің бастауын психология ғылымынан алғанын еске салған жөн: мысалы, З. Фрейдтің идентификация теориясы немесе Э. Эриксонның «бірегейлік дағдарысы» тұжырымдамасы. А.А. Троицкаяның «бірегейлік» ұғымы жеке тұлғаға қатысты, өйткені ол сананың белгілі бір қызметін талап етеді деген тұжырымымен келіспеу қиын [1,14-бет]. Алайда 1980-жылдардан бастап «бірегейлік» ұғымының әмбебаптық сипаты күшейіп, пәнаралық бөгеттерді еңсеру үрдісі айқын көріне бастады [2].

Қазақстан Конституциясы 1995 жылы қабылданғаннан кейін, 1996 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасының мемлекеттік бірегейлігін қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжатта мемлекеттік бірегейлік кез келген қоғам мен халықтың дамуы үшін басты алғышарт ретінде алғаш рет нормативтік деңгейде айқындалды.

Сонымен қатар құжатта «бірегейлік» ұғымының қолданылу ауқымы нақтыланып, оның жеке тұлғаға да, әлеуметтік топқа да, этносқа да, тіпті мемлекетке дейін қатысты болуы мүмкін екені көрсетілді. Бірегейліктің мазмұны оны айқындайтын негізгі белгіге қарай өзгеріп отырады. Осылайша, әңгіме этникалық, мәдени, діни, менталдық немесе мемлекеттік бірегейлік туралы болуы ықтимал [3]. Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы ұлтты ұйыстыратын құндылықтарды – қазақстандық бірегейлік пен бірліктің іргетасын – нақтылап бекітті. Тұжырымдамада көзделген жүйелі шаралар, ең алдымен, ішкі сан қырлылығын сақтай отырып, жаңа сападағы «Біртұтас Ұлт» ретінде қалыптасып жатқан Қазақстан халқына бағытталған [4].

Қоғам мүдделерін әртүрлі салада қорғап, іске асыруға бағытталған мемлекеттің көпқырлы қызметі тек нормативтік актілерді ғана емес, сондай-ақ бағдарламалық және стратегиялық құжаттарды қабылдауды да қажет етеді. В.А. Малиновскийдің пайымдауынша, мемлекеттің конституциялық функциясы үнемі алдыңғы қатарда тұрады әрі мазмұны, бағыт-бағдары мен қызмет түрлері жағынан үздіксіз жаңарып отырады. Мемлекеттік этносаясаттың ажырамас бөлігі – оның құқықтық қамтамасыз етілуі. Бұл орайда негізгі құқықтық негіз ретінде 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген ережелер мен нормалар алынады [5, 123-б.].

Конституциялық Сотты қайта құру, азаматтық қоғамның рөлін күшейту және ұлттық саясат стратегиясын жаңарту – осының барлығы ұлттық бірлік пен тұрақтылықтың қандай құқықтық құндылықтарға негізделетінін дәл айқындауды талап етеді. Мұндай жағдайда конституциялық бірегейлік жай ғана ұғым емес, қоғам мен мемлекет арасындағы құқықтық бірігу мен диалогтың пәрменді құралына айналады.

Конституциялық бірегейлік – мемлекеттiлiк пен қоғамның тұтастығын заңды түрде растайтын конституциялық құндылықтар, нормалар мен сот практикасының жиынтығы. Бұл феномен терең тарихи өзгерістерді бастан өткерген мемлекеттер үшін айрықша маңызды. Қазақстан да конституциялық реформалар мен эволюция жолынан өтті; бұл үдеріс Германияның (Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі және бірігу кезеңі) және Оңтүстік Кореяның (демократияға өту кезеңі) тәжірибесіне ұқсас. Саяси әрі құқықтық жүйелердегі айырмашылықтарға қарамастан, аталған елдерде Конституция тек құқықтық негіз ғана емес, символдық мағына да иеленді.

Материалдар мен әдістер

Мақаланың әдіснамалық негізі – жүйелік және салыстырмалы-құқықтық көзқарастар. Олар конституциялық бірегейліктің эволюциясы мен мазмұнын кешенді ашуға мүмкіндік берді. Зерттеу барысында:

-формальды-құқықтық әдіс – конституциялық мәтіндер мен нормативтік-құқықтық актілерді құрылымдық талдауға;

-тарихи-құқықтық әдіс – сот тәжірибесін оның тарихи контексімен байланыстыра зерделеуге қолданылды;

-доктриналық көзқарастарды пайымдау үшін контенттік талдау элементтері пайдаланылды.

Негізгі дереккөздер ретінде Қазақстан мен Германия Конституцияларының нормалары, осы елдердің конституциялық соттарының жекелеген қаулылары, сондай-ақ ұлттық бірегейлік пен құқықтық сәйкестікке арналған ғылыми еңбектер, стратегиялық құжаттар мен тұжырымдамалар алынды.

Талқылау

Қазақстандағы ұлттық бірегейлік этномәдени дәстүрлерді, кеңестік құқықтық құндылықтарды және қазіргі демократиялық мемлекеттің институттарын тоғыстырған интегративті құрылым ретінде қалыптасты. 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы ұлттың азаматтық үлгісін айқындап, мемлекетке қатыстылық өлшемін этностық емес, саяси принципке негіздеді. Бұл қазақстандық бірегейлікті ашық әрі инклюзивті ретінде танытуға мүмкіндік берді.

Соған қарамастан, таяу уақытқа дейін «конституциялық бірегейлік» ұғымы ғылыми-құқықтық категория ретінде анық түзіліп, құқықтық доктрина дәрежесінде бекітілген жоқ. В.И. Павловтың пайымдауынша, конституциялық бірегейлік тұжырымдамасы құқықтың әмбебап әрі трансұлттық реттеу тетігі болып саналатын «құқық үстемдігі» (rule of law) идеясын баламалайтын ұғым ретінде маңызға ие [7, 39-бет].

М. Кабазиев ұлттық бірегейлікке айрықша көңіл бөліп, оны ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Қазақстан қоғамын жаңғырту барысында классикалық батыс құндылықтары мен ұлттық құндылықтар бір-біріне қарсы келмей, керісінше, осы үдерісті ілгерілетуге оң ықпал ете алады [8, 222-бет].

Профессор К.К. Айтхожиннің пікірінше, конституциялық бірегейлік концептісі – ұлттық бірегейліктің мән-мағынасын Конституцияда айқын бейнелеумен қатар, халықаралық қатынастардың универсалдануы мен жаһандануы жағдайында Негізгі заң арқылы егемен мемлекеттің ұлттық мүдделерін көрсету қажеттігін көздейтін саяси доктрина ретінде де қарастырылуы мүмкін [9].

Бұл көзқарас қазір бұрынғыдан да өзекті, өйткені «бірегейлік мәселесінің белсенді саясилануы қазіргі либерал-демократиялық мемлекеттер үшін басты қатерлердің бірі болып тұр; егер адам қадір-қасиетінің ортақ түсінігіне қайта оралмасақ, қақтығыстың тоқтамауына өзіміз жол ашамыз» [10, 15-16-бет].

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде былай деп атап өтті: «Бізде әртүрлі мәдениеттердің дәстүрлері тоғысып, берік ұлттық бірегейлік қалыптастырған өзіндік өмір салты қалыптасты. Уақыт сынынан сүрінбей өткен осы айрықша бірегейлік қоғамның өзіндік санасының өзегіне айналды» [11].

Конституциялық бірегейлікті жаңаша пайымдау кезеңі авторитар-орталықтандырылған үлгіден неғұрлым теңгерімді әрі әділетті құқықтық координаттар жүйесіне көшу үдерісімен тығыз байланысты. Ғылыми әдебиеттерде Қазақстанның конституциялық бірегейлігі адам құқықтары, демократия және құқық үстемдігі сияқты құқықтық универсализм қағидаттарын, сондай-ақ үлкенді құрметтеу, этносаралық толеранттылық секілді ерекше тарихи-мәдени алғышарттарды ұштастыру арқылы қалыптасатыны атап көрсетіледі. Құқықтық және конституциялық бірегейлік мәселелері шетелдік зерттеушілердің еңбектерінде де жан-жақты зерделенген. Ауқымды ғылыми еңбектер ретінде М. Розенфельдтің 1994 жылы жарық көрген ұжымдық еңбегін [12], Г. Дж. Якобсонның 2010 жылғы кітабын [13] және А. фон Богдандидің 2011 жылғы мақаласын [14] атап өтуге болады. М. Розенфельд «The Identity of the Constitutional Subject: Selfhood, Citizenship, Culture, and Community» атты мақаласында конституциялық бірегейлік тек құқықтық өлшемдермен шектелмей, тарихи жад, ұжымдық ерік және мәдени үміттер секілді метаюридикалық қырларды да қамтитынын атап өтеді [15].

Ресейлік ғылыми әдебиетте бұл тақырыпты терең зерделеген зерттеушілердің бірі – О.С. Белослудцев. Ол конституциялық бірегейліктің шығу тегін түсіндіру зерттеушінің осы ұғымның табиғатын қалай қабылдайтынына тікелей тәуелді деп есептейді. Автордың пікірінше, генезиске екі түрлі тәсіл бар:  бір жағдайда ол сот доктриналары мен нақты істердің призмасы арқылы ашылады; екінші жағдайда сот практикасы мен конституциялық мәтіндер екінші қатарға ығысып, бірегейлік белгілі бір Конституция баптарынан тікелей пайда болмайды деп қарастырылады [16, 39-40-бет]. Зерттеушілердің атап өтуінше, «конституциялық бірегейлік туралы отандық доктрина оның одан әрі дамуына қатысты бірқатар мәселелерді терең теориялық пайымдауды талап етеді, әрі ғалымдар мен практиктер назарын осы доктринаның ішкі функциясына аудару маңызды» [17, 2-5-бет].

Қазақстандық бірегейлікке және оның нормативтік рөліне «Қазақстан – 2050» стратегиясы секілді стратегиялық құжаттарда да ерекше назар аударылады. Бұл саладағы негізгі нормативтік базаға Қазақстан Республикасының Конституциясы, сондай-ақ Президенттің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 522 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы – 2030» және 2021 жылғы 15 қазандағы № 674 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы» жатады. Аталған құжаттарда құқықтық мемлекеттің басты шарты ретінде құқықтық бірегейлікті нығайтудың маңыздылығы айқын көрсетілген [18].

Бұл құжаттар қоғамды құндылықтар негізінде топтастырудың маңызын айқындай отырып, теңдік, бостандық және әлеуметтік әділет қағидаттарын тірек етеді. Дәл осы бағдарлар негізінде Қазақстандық бірегейліктің құқықтық қырлары қалыптастырады. Алдағы уақытта құқықтық плюрализм мен орнықтылық рухында қазақстандық конституциялық бірегейліктің негізгі қағидаттары мен шектерін рәсімдейтін ресми доктриналық құжат қабылдау перспективасы маңызды бағыт болмақ.

Салыстырмалы талдау мынаны айғақтайды: тұрақты демократиялық құқықтық жүйелер өз бірегейлігін абстрактілі түрде емес, нақты сын-қатерлерге жауап ретінде қалыптастырады. Бұл орайда «конституциялық бірегейлік» пен «құқықтық бірегейлік» ұғымдарын ажыратып қарастыру аса маңызды. Конституциялық бірегейлік, әдетте, мемлекеттің Конституциясында бекітілген, өзгермейтін базалық құндылықтар мен қағидаттар жүйесімен ұштасып, құқықтық құрылымның бірегейлігі мен өзгерістер шегін айқындайды. (мысалы, Германия Федеративтік Республикасының Негізгі заңының 79-бабының 3-тармағы) [19]. Ол егемендік, демократия, адам құқықтары, құқық үстемдігі қағидаттарын, сондай-ақ рәміздік пен институционалдық сабақтастықты қамтиды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 2-тармағында мемлекеттің тәуелсіздігі, унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығы, басқару формасы, мемлекеттің негізгі қызмет қағидаттары, Президенттің жеті жыл мерзімге сайланатыны және бір адамның екі реттен артық Президент болып сайлана алмайтыны өзгермейтін нормалар ретінде бекітілген.

Құқықтық бірегейлік – ауқымы кең ұғым; ол конституциялық негіздермен шектелмей, тарихи, мәдени және нормативтік қырларды, жалпы құқық жүйесі мен сот тәжірибесін, азаматтар мен институттардың құқықтық мінез-құлқын да қамтиды. Бұл ұғым белгілі бір қоғамның құқықты, оның легитимдігін және іске асу тетіктерін қалай қабылдайтынын зерделеуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, құқықтық бірегейлік конституциялық бірегейлікті өз ішіне сыйғызғанымен, онымен шектелмейді.

Қазақстандық ғылыми-құқықтық дискурста бұл ұғымдар көбіне синоним ретінде қолданылғанымен, доктриналық әрі нормативтік тұрғыдан оларды нақты ажырату қажет. Конституциялық бірегейлік – құқықтық бірегейліктің өзегі; оған этникалық нормалар, әдет-ғұрып, позитивтік заңнама мен соттық түсіндірмелер сияқты өзге құқықтық қабаттар «тізбеленіп» қосылады. Демек, Қазақстандағы конституциялық бірегейлік – құқықтық іргетас қана емес, ұлттық құқықтық дәстүрдің сан қырлы құқықтық және социомәдени элементтерін тоғыстыратын интеграциялық түйін.

Өз кезегінде конституциялық соттар тек конституциялық бақылау институты емес, құқық тілін қалыптастыратын моральдық бедел ретінде танылуы тиіс. Сондықтан бірегейлікті терең пайымдауға негізделген құқықтық ғылымды дамыту, ұлттық дәстүрлер мен құқықтық нормаларды ұштастыра алатын доктриналарды қалыптастыру аса маңызды.

Конституциялық бірегейлікті қорғаудың құқықтық тетіктері талқылаудың маңызды қыры болып табылады. Германияда бұл қағида «қорғанысқа қабілетті демократия» (wehrhafte Demokratie) ұғымы арқылы көрініс тапқан: Негізгі заңның 79-бабы 3-тармағы мемлекеттің түбегейлі қағидаттарын қайта қарауға қатаң тыйым салады. ФРГ Конституциялық сотының практикасында аталған тұжырымдама Германияның конституциялық бірегейлігіне қатер төнген жағдайларда Еуропалық одақ өкілеттіктерін шектеуге бағытталған шешімдерінде нақты көрініс тапты.

Осы тұрғыда Лиссабон шартының 4-бабы 2-тармағын ерекше атап өткен жөн: «Одақ шарттар алдындағы мүше мемлекеттердің теңдігін, сондай-ақ олардың ұлттық бірегейлігін – саяси және конституциялық іргелі құрылымдарын, өңірлік және жергілікті өзін-өзі басқаруды қоса алғанда – құрметтеуге тиіс» [20]. Зерттеушілердің атап көрсетуінше, «интеграциялық үдеріс барысында мемлекеттер өздерінің «айырмашылық құқығын»… ұлттық бірегейлік пен ұлттық егемендік құқығын сақтап қалғысы келетіні айқындалды» [21, 65-бет.].

Германия Федералдық Конституциялық Соты 2015 жылғы 15 желтоқсанда тұлға сотталу рәсіміне жеке қатыспай-ақ шығарылған үкім негізінде экстрадициялауды мүмкін ететін Еуропалық ұстау ордерін (EAW) қолдану жөніндегі конституциялық шағымды қарау кезінде мынадай тұжырым жасады. Жалпы қағида бойынша, Еуропалық Одақ құқығы Германия Негізгі заңы егемен өкілеттіктерді беруге рұқсат ететін шамада басымдыққа ие; мұндай беру шегі 23-баптың 1-тармағы (үшінші сөйлемі) мен 79-баптың 3-тармағында көзделген конституциялық бірегейлікпен шектеледі, оны конституциялық түзетулер де, еуропалық интеграция да өзгерте алмайды.

Identity review – конституциялық бірегейлікке сәйкестікті тексеру – өз реттелуі мен Конституцияның ЕО интеграциясына ашықтығы ескеріле отырып жүргізілетіндіктен, ЕО құқығының біркелкі қолданылуына елеулі қатер төндірмейді. Еуропалық Одақ – егемен мемлекеттердің, конституциялардың, атқарушы және сот биліктерінің қауымдастығы (т. б. «көпдеңгейлі конституционализм»). Адам қадір-қасиғына қол сұғылмайтын бөлік ретінде кінә қағидаты енеді, ал өз кінәсіздігін дәлелдеуге мүмкіндік беру – кінә қағидатының бөлінбес элементі.

Алайда бұл қағидаттар қаралып отырған істе ЕО құқығымен қайшылықта тұр дегенді білдірмейді әрі оның басымдығын төмендетпейді. Сондықтан «acte clair» доктринасына сәйкес, норма қолданудың дұрыстығы күмән тудырмайтын жағдайда ЕО Сотына алдын-ала сұрау салудың қажеті жоқ.

(«Acte clair» доктринасы: егер құқық нормасын қолдану барынша айқын болып, құқықтық дауды шешуде ешбір негізді күмән қалдырмаса, алдын-ала түсіндіру сұрауы жасалмайды) [21, 68-бет].

Қазақстанда конституциялық бірегейлік әзірге арнайы заңдық нормада айқындалған жоқ, дегенмен сот практикасында да, академиялық дискурста да қарқынды қалыптасу үстінде. Мәселен, Конституциялық Соттың 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 70-НП [22] қаулысында интернат мекемелеріндегі балалардың этникалық өзін-өзі айқындау құқығы талқыланды. Сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 65-бабы баланың ұлтын ата-анасының ұлтына ғана теліп, өмірде туындайтын түрлі жағдайларды ескермейтінін көрсетті: ата-анасының жеке басы белгісіз болуы; мата-анасының ұлтын растайтын құжаттардың немесе деректердің болмауы; баланың отбасына тәрбиелеуге берілуі не жетім балалар ұйымында өсіп, өзге ұлттық-мәдени орта әсерімен ата-анасының ұлтынан бөлек ұлтты таңдауы.

Сот «ұлттық тиесілілік» ұғымы формальді-биологиялық шеңберде шектелмей, тұлғаның абыройы мен мәдени өзін-өзі анықтау құқығына құрмет принциптеріне сүйене отырып тәпсірленуі тиіс деп тапты. Бұл шешім Конституцияны мәдени және әлеуметтік әділеттіліктің діңгегі ретінде танытатын, қазақстандық конституциялық бірегейлік тұжырымдамасын орнықтыруға бағытталған маңызды қадам саналады.

Конституциялық бірегейлікті орнықтырудың тағы бір айқын көрінісі – 2025 жылғы 7 ақпандағы № 66-НП [23] нормативтік қаулысы. Онда Конституцияға сай ма, жоқ па деген тұрғыда Әлеуметтік Кодекстегі «баланың күтіміне байланысты уақытты еңбек өтіліне тек жұмыссыз анаға ғана есептеу» нормасы қаралды. Конституциялық Сот ата-ана рөлдерінің теңдігін мойындау қажет екенін атап көрсетіп, бала күтімімен әке де айналыса алатынын, ал оны әлеуметтік қорғаудан шеттету Конституцияда бекітілген әділеттілік, теңдік және кемсітушілікке тыйым қағидаттарын бұзатынын мәлімдеді. Бұл іс алғаш рет отбасылық саясат, мемлекеттің әлеуметтік функциясы мен әкелік бірегейлікті азаматтық субъектіліктің құрамдас бөлігі ретінде құқықтық тану арасындағы байланысты нақты айқындап берді. Мұндай түсіндіру құқықтық теңгерімсіздікті жойып қана қоймай, конституциялық бірегейліктің негізінде жатқан құндылықтарды - адам қадір-қасиетіне құрметті, мүмкіндіктер теңдігін, әлеуметтік ынтымақтастықты көрсетеді.

Осындай шешімдер арқылы Конституция тек құқықтық акт емес, ұлттық бірлікті айқындайтын құндылықтар мен бірегейліктер жөніндегі консенсустың құқықтық шеңбері ретінде орнығып келеді. Айта кеткен жөн, қазіргі таңда Қазақстан Конституциялық Соты шетелдік конституциялық немесе халықаралық соттардың (ЕСПЧ, BVerfG) прецеденттеріне тікелей сілтеме жасаған тәжірибені әлі қалыптастырған жоқ. Дегенмен адам құқықтарын қорғау мен қоғамдық-жеке мүдделер тепе-теңдігін сақтау мәселелерінде конституциялық диалог пен салыстырмалы талдау доктринасын дамыта отырып, мұндай тәсілді енгізу алдағы маңызды қадамдардың бірі болуға тиіс.

Болашаққа бағдарланған маңызды қадам – конституционализм философиясын, этномәдени алуандылықты және заманауи сын-тегеуріндерді (цифрлық құқықтар, көші-қон, экологиялық қауіпсіздік т.б.) тоғыстыра алатын ұлттық құқықтық бірегейлік доктринасын әзірлеу. Мұндай доктрина мемлекеттік деңгейде бекітілетін тұжырымдамалық құжат түрінде рәсімделіп, конституциялық даму үдерісіндегі жүйеқұраушы бастаудың – бірегейліктің – құқықтық табиғаты мен функцияларын айқындауы тиіс.

Доктрина мыналарды қамтуы мүмкін: негізгі қағидаттар – адам қадір-қасиетінің басымдығы, алуандылықты құндылық ретінде тану, құқықтық сабақтастық пен бейімделгіштік; осы қағидаттарды заң шығару мен құқық қолдану тәжірибесінде, сондай-ақ қоғамдық саясатта іске асыру тетіктері.

Осылайша, ұлттық құқық жүйесінің тұрақтылығы мен үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін тұтас нормативтік-шешімдік база қалыптасады.

Қорытынды

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, конституциялық бірегейлік құқықтық легитимдік пен ұлттық келісімді қамтамасыз ететін негізгі ресурс болып табылады деген басты қорытынды жасауға болады.

Қазақстан өзіне ғана тән бірегейлік үлгісін қалыптастыра отырып, халықаралық тәжірибені де ескеру арқылы құқықтық дамудың жетілгендігін көрсетуде. Құқықтарды институционалдық тұрғыдан бекіту, білім беру бастамалары және азаматтардың құқықтық пікірталасқа белсенді қатысуы – құқықтық бірегейлікті одан әрі нығайтудың тірегі.

К.К. Айтхожиннің айтуынша, конституциялық бірегейлік – Негізгі заң аясында өзгертуге немесе толықтыруға болмайтын конституциялық нормалар жиынтығы. Осындай өзгерістерге бақылау жасау құзыреті Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүктелген, ол Негізгі заңға түзетулер енгізу кезінде пайда болуы ықтимал асыра пайдалану әрекеттерінен қорғауды қамтамасыз етеді [9].

Бұған қоса, конституциялық бірегейлік тұжырымдамасының көпқырлылығы мен күрделілігі осы ұғымды одан әрі дамыту үшін зерттеушілердің қосымша күш-жігерін талап етеді. О.С. Белослудцев атап өткендей, теориялық тұрғыдан пысықтауды қажет ететін маңызды міндеттердің бірі – конституциялық бірегейліктің дереккөздерін жан-жақты айқындап, оны анықтаудың әдістерін нақтылау [17, 4-бет.].

Сонымен қатар, конституциялық бірегейлікті жоғарыдан күштеп қалыптастыру мүмкін емес – ол үздіксіз диалогты әрі жүйелі құқықтық жұмысты талап етеді. Бұл оқу бағдарламаларын жаңартуды, азаматтық қоғамның нормативтік-құқықтық актілер жобаларын талқылауға белсене қатысуын, тәуелсіз соттардың пәрменді қызметін және конституциялық бақылау тетіктерін жетілдіруді қамтиды. Ғаламдық қатерлер дәуірінде Конституция қорғаныш қалқанымен қоса, құқықтық тәртіпті бекемдеп, бейімдеудің пәрменді құралына айналады.

Ал құқықтық бірегейлік негізгі заң мәтінімен ғана шектелмейді; ол сот шешімдерінде, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының қызметінде, сот төрелігінің қолжетімді болуында өмір сүреді. Бұл алуан түрлілік жағдайында тұрақтылық пен әділеттілікке ұмтылатын Қазақстан үшін ерекше маңызды. 

А.А. Оразбаева, Директор Института конституционных и политических исследований, Maqsut Narikbayev University, к.ю.н., профессор Департамента публичного права Высшей школы права (г. Астана, Республика Казахстан): Конституционная идентичность как правовая опора национального единства: сравнительно-правовой анализ.

В условиях глобализации, цифровой трансформации и возрастания роли ценностных ориентиров государства вопрос конституционной идентичности приобретает особую значимость для правовой и политической стабильности. Предметом исследования выступает понимание конституционной идентичности как правовой категории, которая одновременно служит инструментом защиты суверенитета и механизмом консолидации общества. Целью статьи является выявление особенностей формирования казахстанской модели конституционной идентичности и сопоставление её с зарубежным опытом, прежде всего германским, в контексте судебной практики и доктринальных подходов.

Методологической базой выступают сравнительно-правовой, формально-юридический и историко-правовой методы, которые позволили выявить не только, но универсальные и уникальные черты конституционной идентичности. Новизна заключается в том, что конституционная идентичность Казахстана показана через определенные решения Конституционного Суда, принятые в 2025 году, в статье уточняется соотношение конституционной идентичности с правовой идентичностью, предлагается разработка доктрины конституционной идентичности. Основные выводы заключаются в том, что конституционная идентичность может стать действенным источником легитимности и устойчивости государства, только при условии её институционального закрепления и практического наполнения, которое соединит в себе универсальные ценности с национальной спецификой.

Ключевые слова: Республика Казахстан, Конституционный Суд, конституционная идентичность, правовая идентичность, конституционные ценности, национальное единство, судебная практика, Германия.

A.A. Orazbayeva, Director of the Institute for Constitutional and Political Research, Maqsut Narikbayev University; Candidate of Legal Sciences; Professor, Department of Public Law, Higher School of Law (Astana, Republic of Kazakhstan): Constitutional Identity as a Legal Foundation of National Unity: A Comparative Legal Analysi.

In the context of globalization, digital transformation, and the growing importance of state value orientations, constitutional identity emerges as a key factor in ensuring legal and political stability. The subject of this study is the understanding of constitutional identity as a legal category: on the one hand, it serves as an instrument for safeguarding sovereignty, and on the other as a mechanism for consolidating society. The aim of the article is to identify the specific features of the formation of Kazakhstan’s model of constitutional identity and to compare it with foreign experience, primarily German, through the lens of judicial practice and doctrinal approaches. The methodological framework includes comparative-legal, formal-legal, and historical-legal methods, which made it possible to reveal both the universal and unique aspects of constitutional identity. The novelty lies in the fact that Kazakhstan’s constitutional identity is illustrated through several decisions of the Constitutional Court adopted in 2025, the article clarifies the relationship between constitutional and legal identity, and proposes the development of a doctrine of constitutional identity. The main conclusion is that constitutional identity can become an effective source of legitimacy and state resilience only if it is institutionally enshrined and substantively filled with practical content that integrates universal values with national specificity.

Keywords: Republic of Kazakhstan, Constitutional Court, constitutional identity, legal identity, constitutional values, national unity, judicial practice, Germany.

Қолданылған әдебиеттер:

1. Троицкая А.А. Конституционная идентичность и где она обитает // Вестник Московского университета. Серия 11. Право. 2023. № 2. С. 12–23.

2. Грицанов А.А., Румянцева Т. Г., Можейко М.А. История философии: Энциклопедия. Минск: Книжный дом, 2002.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 23 мамырдағы № 2995 өкімі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік бірегейлігін қалыптастыру тұжырымдамасы туралы» URL: https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=1005634 (20.07.2025).

4. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 147 Жарлығы «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» URL: https://adilet.zan.kz/rus/docs/U1500000147 (20.07.2025).

5. Малиновский В.А. Национальная идея и конституционная идентичность Республики Казахстан: эволюция доктрины и практики. URL: file:///D:/natsionalnaya-ideya-i-konstitutsionnaya-identichnost-respubliki-kazahstan-evolyutsiya-doktriny-i-praktiki.pdf (20.07.2025).

6. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған). URL: https://adilet.zan.kz/rus/docs/K950001000_ (20.07.2025).

7. Павлов В. И. Конституционная идентичность и верховенство права как две различные парадигмы современного конституционализма / В. И. Павлов // Право.by. 2022. № 5 (79). С. 36–42.

8. Кабазиев М.Ш. Формирование национальной идентичности Республики Казахстан: особенности и противоречия // Современная Европа. 2022. № 7. С. 221‒231

9. Айтхожин К.К. Конституционная идентичность Республики Казахстан . URL:  https://mysl.kazgazeta.kz/news/16446 (20.07.2025).

10. Фукуяма Ф. Идентичность: Стремление к признанию и политика неприятия. М.: ООО «Альпина Паблишер», 2019. – 198 с.

11. Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты. Тоқаев, Қ.-Ж. (2024). «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында сөйлеген сөзі. Қолжетімді: URL:https://www.akorda.kz/ (20.07.2025).

12. Constitutionalism, Identity, Difference, and Legitimacy: Theoretical Perspectives / ed. by M.Rosenfeld. Durham, NC : Duke University Press, 1994.

13. Jacobsohn G.J. Constitutional Identity. Cambridge, MA :Harvard University Press, 2010.

14. Von Bogdandy A., Schill S. Overcoming Absolute Primacy: Respect for National Identity Under the Lisbon Treaty // Common Market Law Review. Vol. 48. 2011. No.5. P. 1417–1453.

15. Michel Rosenfeld «The Identity of the Constitutional Subject: Selfhood, Citizenship, Culture, and Community», October 2009. URL: https://www.researchgate.net/publication/292851615_The_Identity_of_the_Constitutional_Subject_Selfhood_Citizenship_Culture_and_Community?utm_source=chatgpt.com (20.07.2025).

16. Белослудцев О. Теоретико-правовая природа концепции конституционной идентичности // Сравнительное конституционное обозрение. 2021. № 3 (142). С. 39–62.

17. Белослудцев О. Современные подходы к реализации концепции конституционной идентичности // Конституционное и муниципальное право. 2024. № 02/2024. С.2-5

18. Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 522 Жарлығы** «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасын 2030 жылға дейін бекіту туралы». Қолжетімді: [https://adilet.zan.kz/rus/docs/U2100000522] Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 15 қазандағы № 674 Жарлығы «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын бекіту туралы». Қолжетімді: [https://adilet.zan.kz/rus/docs/U2100000674].Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», Астана, 14 желтоқсан 2012 жыл. Қолжетімді: [https://adilet.zan.kz/rus/docs/K1200002050] (20.07.2025).

19. Основной Закон Федеративной Республики Германия. Нeмeцкo-pyccкoe издaниe тeкcтa Peдaктиpoвaниe pyccкoгo тeкcтa: Штeфaни Зoлoтых. URL:http://www.recht-harmonisch.de/GG-russisch.pdf (20.07.2025).

20. Treaty of Lisbon amending the Treaty on European Union and the Treaty establishing the European Community, signed at Lisbon, 13 December 2007. URL:https://unterm.un.org/unterm2/en/view/unog/dfb7ceab-9bad-4e4b-adee-762f0cced603 (20.07.2025).

21. Блохин П. Конституционная идентичность: продолжение дискуссии. Судебная доктрина конституционной идентичности: генезис, проблемы, перспективы // Сравнительное Конституционное Обозрение. 2018. № 6 (127). С. 62-81.

22. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 70-НП нормативтік қаулысы «Қазақстан Республикасы Конституциясына 2011 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасы Кодексінің 65-бабын сәйкестік тұрғысынан қарау туралы».Қолжетімді: [https://online.zakon.kz/Document/?doc\_id=36272773] (20.07.2025).

23. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 7 ақпандағы № 66-НП нормативтік қаулысы «2023 жылғы 20 сәуірде қабылданған Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 208-бабы 1-тармағы 8) тармақшасының Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестігін қарау туралы». Қолжетімді: [https://adilet.zan.kz/rus/docs/S2500000066] (20.07.2025).

Учредитель:
АО Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева (Maqsut Narikbayev University).
Партнеры:

Журнал зарегистрирован в Комитете информации и архивов Министерства культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство № 7742-Ж.
ISSN: 2307-521X (печатная версия)
ISSN: 2307-5201 (электронная версия)