DOI: 10.51634/2307-5201_2025_3_106
УДК 17.03; 340.12
ГРНТИ 02.51.15; 10.07.27
С.И. КОПЖАСАРОВА, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің, азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының докторанты (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы), e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі борышкердің мәмілелерін оңалту және банкроттық рәсімдерінде жарамсыз деп тану механизмдерін және оның құқықтық салдарын жетілдіру қажеттілігімен айқындалады. Мәмілені жарамсыз деп танудың құқықтық салдарын дұрыс қолдану мүліктік массаны толықтыруға, нәтижесінде оңалту және банкроттық процедурасын экономикалық тұрғыдан тиімді етуге мүмкіндік береді. Зерттеудің пәнін борышкердің оңалту және банкроттық рәсімдеріндегі мәмілелерін жарамсыз деп танудың арнайы негіздері, тәртібі мен құқықтық салдарын реттейтін құқықтық нормалар жиынтығы, сондай-ақ бұл мәселеге қатысты доктриналық көзқарастар мен Қазақстан Республикасының сот тәжірибесі және шет мемлекеттердің банкроттық заңнамасының құқықтық нормалары құрайды. Зерттеу мақсаты – борышкердің мәмілесін арнайы негіздер бойынша жарамсыз деп танудың құқықтық салдарларын зерттеу, шет елдердің заңнамасын салыстырмалы талдау, тиімді тұстарын анықтау. Зерттеу заңнаманы қолданудағы проблемалық аспектілерді анықтауға және құқықтық тәжірибені жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағытталған. Зерттеудің әдістемелік негізін формальды-логикалық, салыстырмалы-құқықтық, доктриналды, формальды-құқықтық тәрізді жалпы және жеке әдістер құрайды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – оңалту және банкроттық рәсімдеріндегі борышкердің мәмілелерін жарамсыз деп тану саласындағы құқықтық салдарларды кешенді түрде салыстырмалы-құқықтық тұрғыдан зерделеу арқылы, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіруге бағытталған тұжырымдар жасалуында көрініс табады. Зерттеу нәтижесінде банкроттық реституцияның классикалық реституциядан құқықтық табиғатының ерекшелігі қарастырылды. Сондай-ақ доктринадағы банкроттық рәсімінде борышкердің мәмілесі жарамсыз деп танудың құқықтық салдары ретінде тараптарды бастапқы қалпына келтірудің орнына, басқа тиімді тетіктерін қолдану бойынша мәселелер зерттелді.
Түйінді сөздер: оңалту және банкроттық, борышкер, кредитор, контрагент, мәміле жарамсыздығы, арнайы негіздер, реституция, банкроттық реституция, мүліктік масса, сальдо-өндіріп алу механизмі
Борышкер төлем қабілетсіздігі жағдайында болған кезде, кредиторлардың құқықтарын қорғау және активтерді әділ бөлуді қалпына келтіру үшін, борышкердің бұрын жасалған күдікті мәмілелерін жарамсыз деп тану қажеттілігі туындайды. Банкроттық рәсіміндегі борышкердiң мәмiлелерiн жарамсыз деп тану және мүлiктi қайтару кредиторлардың және өзге де мүдделі тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді құралдарының бірі болып табылады. Сондықтан банкроттық рәсіміндегі борышкердің мәмілелерін жарамсыз теп тану институты құқықтық жүйеде маңызды орын алады және ол тікелей борышкерлер мен кредиторлардың мүдделеріне әсер етеді.
Оңалту және банкроттық кезіндегі борышкердің мәмілелері жалпы және арнайы негіздер бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін. Мәміленің жарамсыз деп танылуы активтердің мүліктік массаға қайтарылуы, міндеттемелердің қайта бөлінуі және үшінші тұлғалардың мүдделерінің бұзылуы сияқты күрделі құқықтық және экономикалық салдарларға әкелуі мүмкін. Бұл процесте борышкердің қаржылық қиындықтары туралы хабарсыз болған адал ниетті контрагенттердің де мүдделері қозғалады. Алайда адал ниетті контрагенттердің мүдделерін қорғау мәселесі өз алдына жеке зерттеуді қажет ететіндіктен, бұл жұмыста ол жан-жақты қарастырылмайды.
Мәмілені жарамсыз деп танудың құқықтық салдарын дұрыс қолдану мүліктік массаны толықтыруға ғана емес, банкроттық процедурасын да экономикалық тұрғыдан тиімді етуге мүмкіндік береді. Егер мәмілені даулаудың нәтижесінде борышкердің активтері көбейетін болса, бұл кредиторлар алдындағы борыштарды өтеу мүмкіндігін арттырады, осылайша процедураны тиімдірек етеді. Мүліктік массаға қаншалықты көп активтер қайтарылса, кредиторлар арасында әділ бөлінетін қаражат соншалықты көбейеді. Бұл әсіресе борышкер өз міндеттемелерін орындауға жеткілікті активтері болмаған жағдайда маңызды. Яғни, мәмілелерді жарамсыз деп тану нәтижесінде тиімді құқықтық салдарды қолдану мүліктік массадағы қолжетімді ресурстарды арттырады, бұл оңалту және банкроттықты барлық қатысушылар үшін әділ және экономикалық тұрғыдан негізделген етеді.
Қазіргі жаһандану әсері және Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциясы заңнаманы халықаралық стандарттармен үйлестіруді талап етеді. Осы ретте шетелдік тәжірибені зерттеу, банкроттық контекстінде мәмілелер жарамсыздығының құқықтық салдарының тиімді тұстарын анықтауға және қолдануға мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғандар банкрот деп танылған борышкердің мәмілелерінің жарамсыздығының құқықтық салдарын зерттеудің өзекті және маңызды екендігін айқындайды. Себебі ол кредиторлар мен адал контрагенттердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы банкроттық рәсімдерінің тиімділігін арттыру бойынша маңызды міндеттерді шешуге көмектеседі.
Материалдар мен әдістер
Зерттеудің әдіснамалық негізін банкроттық рәсіміндегі борышкердің мәмілелерінің жарамсыздығына қатысты құқықтық салдарды зерделеуге мүмкіндік беретін формалды-логикалық, салыстырмалы-құқықтық, формальды-құқықтық және доктриналды әдістер құрайды.
Формальды-логикалық әдіс банкроттық кезіндегі мәмілелердің жарамсыздығының құқықтық салдарына қатысты нормативтік-құқықтық базаны талдау үшін пайдаланылды. Салыстырмалы-құқықтық әдіс арқылы банкроттықтағы борышкердің мәмілелелерінің жарамсыздығы саласындағы Ресей Федерациясы, Германия, Польша елдерінің тәжірибесін зерттеу жүргізілді. Доктриналды әдіс банкроттық реституцияға қатысты әртүрлі ғалымдар ұсынған ғылыми көзқарастарын талдау үшін пайдаланылды. Зерттеу жалпы азаматтық заңнамадағы классикалық реституция мен банкроттық рәсіміндегі реституцияға қатысты ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Формальды-құқықтық әдіс Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңының баптарын түсіндіру үшін пайдаланылды. Зерттеу мәмілелерді жарамсыз деп танудың құқықтық негіздерін анықтауға, олардың кредиторлар мен борышкерлердің құқықтарына әсерін бағалауға, сондай-ақ нормалардың нақты құқықтық тәжірибеде қолданылу тиімділігін анықтауға мүмкіндік берді.
Зерттеудің теориялық негізіне Ресей Федерациясының, Германия ғалымдарының еңбектері және Ресей Федерациясы, Германия, Польша елдерінің қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілері алынды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық саласындағы тиісті нормативтік актілерінің нормалары талданды.
Нәтижелер және оларды талқылау
Қазақстан Республикасында оңалту және банкроттық рәсіміндегі мәмілелерді жарамсыз деп тану жалпы негізде азаматтық құқық заңнамасына сәйкес және арнайы негізде оңалту және банкроттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Жалпы негіздер бойынша мәмілелердің жарамсыздығы Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық Кодексімен (әрі қарай – ҚР Азаматтық Кодексі) [1], арнайы негіздер Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 наурыздағы «Оңалту және банкроттық туралы» Заңында (әрі қарай – ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңы) [2] қарастырылған. Аталған Заңның 7-бабының, 1-тармағына сәйкес мәмілелер, егер оларды борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және осы заңда көзделген негiздер болған кезде оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасасқан болса, жарамсыз деп танылады. 7-баптың 2-тармағында мәмілені жарамсыз деп тану негіздері қарастырылған:
1) жасалған мәміле бағасының және (немесе) өзге де жағдайлардың, салыстырмалы мән-жайларда ұқсас мәмілелер жасалатын кездегі бағадан және (немесе) өзге де жағдайлардан борышкер үшін айтарлықтай нашар жағына қарай өзгеше болуы;
2) мәміленің борышкердің Қазақстан Республикасының заңдарымен, құрылтай құжаттарымен шектелген қызметіне сәйкес келмеуі не жарғыда айқындалған құзырет бұзылып жасалуы;
3) мүліктің өтеусіз (оның ішінде уақытша пайдалануға) не салыстырмалы экономикалық жағдайлар кезінде ұқсас немесе біртекті тауар бағасынан борышкер үшін айтарлықтай нашар жағына қарай өзгеше болатын бағамен не беру үшін негіздер болмай, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып берілуі;
4) егер оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін алты ай ішінде жасалған мәміле белгілі бір кредиторлардың талаптарын басқаларының алдында артықшылықпен қанағаттандыруға алып келсе;
5) борышкердің мүлкін сыйға тарту шарттары, егер мұндай мәміле оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін бір жыл бұрын жасалған мәмілелерден айтарлықтай өзгеше болса;
6) осындай мәміле бойынша тиісті құқықтық салдарлар туғызу ниетінсіз, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып жасалса.
Жоғарыдағы негіздердің бірі бойынша мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда құқықтық салдар туындайды. Қазақстан Республикасында мәміле жарамсыздығының жалпы салдары азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. ҚР Азаматтық Кодексінің 157-1 бабының, 3-тармағына сәйкес, мәміле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы – екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмағанда (оның ішінде, алынғандар мүлікті пайдалану, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет түрінде болғанда) қайтарылуға жататын мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшалай өтеуге міндетті. Яғни, екі жақты реституция орын алады. Жалпы ереже бойынша тараптарды жарамсыз мәміле орындалғанға дейінгі мүліктік жағдайға қайтаруды білдіреді.
«Реституция» термині Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында қолданылмайды. Реституцияның құқықтық табиғаты – даулы мәселе болып табылады [3, 465-б.].
Мәміле жарамсыздығының арнайы салдары банкроттық заңнама аясында жүзеге асады. Банкроттық рәсімінде мәмілелерді даулаудың мақсаты – мүліктік массаны толықтыру және кредиторлардың талаптарын кезектілік пен пропорционалдық принциптеріне сай мүмкіндігінше толық қанағаттандыру болып табылады. ҚР «Банкроттық туралы» заңының 7-бабының, 4-тармағында былай делінеді: «Мәміле жарамсыз деп танылған кезде, егер мәміле жарамсыздығының өзге де салдарлары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделмесе, жауапкер мәміле бойынша алынғандардың барлығын қайтаруға, заттай қайтару мүмкін болмаған кезде – қайтарылуға жататын мүлік құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшалай өтеуге міндетті». Бұл ретте жауапкер ретінде банкрот деп танылған борышкермен жасасқан мәміле бойынша мүлікті иеленген тұлға қарастырылады.
Жоғарыда аталған норманы келесідей талқылауға болады, яғни мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда келесідей құқықтық салдарлар туындайды:
Бұл норма, егер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде мәмілелердің жарамсыздығының нақты жағдайлары үшін өзге де салдарлар көзделмесе қолданылады.
Cәйкесінше жауапкер де борышкерге талап қою құқығына ие болады, ол ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 100-бабының 5-тармағына сәйкес қанағаттандырылуға жатады. Жауапкердің талап ету құқығы кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың белгіленген кезектілігіне сәйкес, яғни төртінші кезекте қанағаттандырылуға жатады. Жауапкер кредиторлар тізіліміне енгізіледі және оның талаптары басқа кредиторлармен тең қаралады.
Ұқсас құқықтық механизм Ресей Федерациясының заңнамасында да көзделген. «Төлем қабілетсіздік (банкроттық) туралы» Федералдық заңның III.1-тарауына сәйкес, мәміленің жарамсыз деп танылуы осындай мәміле бойынша алынған барлық мүлікті конкурс массасына қайтару міндетін туындатады. Бұл ереже борышкердің өзі немесе оның есебінен берген мүлікке, сондай-ақ борышкер алдындағы міндеттемелерді орындау ретінде берілген мүлікке қатысты қолданылады. Егер мүлікті заттай қайтару мүмкін болмаса, оны иеленуші мүлікті алған сәттегі нақты құнын, сондай-ақ мүліктің құны өзгеруінен туындаған шығындарды өтейді. Бұл талаптар Ресей Федерациясының Азаматтық кодексіндегі негізсіз байыту туралы нормаларға сәйкес реттеледі [4].
Яғни, жоғарыда қарастырып өткен нормалардан байқайтынымыз Қазақстан Республикасында да, Ресей Федерациясында да банкроттық рәсімі шеңберіндегі мәмілені жарамсыз деп тану салдары жалпы азаматтық салдардан сәл өзгеше болып келеді. ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» заңға сәйкес мәміле жарамсыз деп танылған кезде, мүлікті немесе орындалған міндеттемелерді қайтару тек борышкердің пайдасына жүзеге асырылады. Осылайша борышкерге қайтарылған мүлік, мүліктік массаны толықтырады. Ал борышкерге мүлікті қайтарған жауапкер (контрагент) өз активтерін (ақшасын не мүлкін) бірден қайтара алмайды. Оның орнына борышкерден талап ету құқығына ие болады, ол кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, яғни барлық банкроттық рәсімдерінен кейін және белгіленген кезектілік тәртібімен ғана төленеді. Сол себептен доктринада банкроттық рәсіміндегі мәміле жарамсыз деп танылғанда екі жақты реституция емес бір жақты реституция орын алады деген пікірді ұстанғандар да бар. В.Н. Ткачевтың пікірінше бұл жағдайда реституцияның түрленуін байқаймыз: кредитор борышкерден алуға тиістіні бірден емес және толық емес көлемде қайтарады, ал конкурс өндірісі шеңберінде ең ықтимал жағдай – тек ішінара, тіпті мүлде ештеңе алмау қаупі жоғары жағдайда алады [5, 59-б.].
Борышкердің пайдасына мүлікті қайтарудың осындай біржақты сипатына байланысты заңгерлер арасында пікірталас туындады. Олар мұндай механизмді классикалық мағынадағы реституция деп атауға бола ма, әлде банкроттық рәсімдеріне тән нақты құқықтық институт па деген мәселені талқылады [6].
Т.К. Иванова банкроттық шеңберінде борышкердің мәмілесі жарамсыз деп танылғанда арнайы «банкроттық» реституция орын алатындығын айтады. Яғни, ол өзінің сипаты бойынша екі жақты реституция және бір жақты реституция ортасындағы аралық орынды алады. Банкроттық реституцияның ерекшелігі борышкерден жарамсыз мәміле бойынша алынғанды конкурстық массаға қайтару қажеттілігімен және қайтарылғаннан кейін борышкердің контрагенті кредиторлардың талап қою тізіліміне енгізіліп, борышкерден талап ету құқығына ие болатындығымен түсіндіріледі [7, 115-б.].
Бұл пікірді Т.П. Шишмарева да ұстанады, ол банкроттық процедураларында қолданылатын механизмді реституция деп мойындайды, бірақ оған тән екі жақты байланыстың жоқ екенін атап өтеді: «Төлем қабілетсіздігі (банкроттық) процедураларында мәмілені немесе әрекетті жарамсыз деп тану мәміленің жарамсыздығының жалпы салдары ретінде екі жақты реституцияны қолдануды білдірмейді, өйткені бұл конкурстық құқықтың негізгі принципі — кредиторлардың талаптарын тең қанағаттандыруға қайшы келер еді» [8, 96-б.]
И.М. Шевченко мәмілелердің жарамсыздығының салдарының реституциялық сипаты туралы, банкроттық заңнамасында қарастырылған мәмілелердің жарамсыздығы институтының Азаматтық кодексте қарастырылған мәмілелердің жарамсыздығы институтынан ешқандай ерекше табиғаты жоқ екендігін айтады. Автор банкроттық туралы заңдағы мәмілелердің жарамсыздығы туралы нормалар Азаматтық кодекстегі нормалармен салыстырғанда қандай да бір жаңа қағидаттар немесе ерекшеліктер енгізбейтінін, тек бар механизмдерді бейімдей отырып, банкроттық процедураларына сәйкестендіретінін атап көрсетеді, мұнда негізгі назар конкурс массасын қалпына келтіруге және кредиторлардың мүдделерін қорғауға аударылады [9].
Мәселен, Д. Суворов банкроттық рәсімдерінде мүліктің конкурс массасына қайтарылуына байланысты борышкердің несие берушілері мәміле контрагентінің есебінен заңсыз байып кететіндіктен, екі жақты реституцияны қолдану орындырақ болар еді деп санайды [10].
Д.А. Рыковтың пікірі бойынша, азаматтық заңнамада қарастырылған екі жақты реституция банкроттық рәсімінде әрқашан орынды бола бермейді. Мәмілелерді даулаудың басты мақсаты тараптарды бастапқы жағдайына қайтару емес, борышкердің шеккен шығындарын өтеу болып табылады. Бұл ретте борышкердің контрагенттері қолайсыз жағдайда қалуы мүмкін, өйткені олардың талаптары тек кезектілік тәртібімен қанағаттандырылады, бұл шығындарға әкелуі мүмкін. Д.А. Рыков мұндай механизм контрагенттердің құқықтарын жиі бұзатынын атап көрсетеді, сондықтан екі жақты реституция жүйесі банкроттық рәсімдерінде «таза күйінде» қолдануға жарамсыз дейді [11, 146].
Біздің ойымызша банкроттық үрдісіндегі реституция екі жақты да бір жақты да реституцияның элементтерін біріктіреді: мүлік мүліктік массаға қайтарылады, бірақ мүлікті қайтарған контрагент өз активтерін қайтара алмайды. Оның орнына ол борышкерге талап қою құқығына ие болады, ол талаптар кредиторлар реестріне енгізіледі. Бұл талап қою құқығы тек барлық банкроттық рәсімдер аяқталғаннан кейін, кезектілікке және қаражаттың болуына байланысты қанағаттандырылуы мүмкін. Осылайша, банкроттық реституция таза екі жақты болып табылмайды, өйткені контрагент өз активтерін қайтара алмайды, бірақ ол бір жақты реституция да емес, себебі контрагентте талап қою құқығы қалады.
Сонымен, банкроттық реституцияның басты мақсаты борышкердің жалпы мүлкін (мүліктік массаны) және барлық кредиторлардың мүдделерін қорғау екенін көрсетеді. Мәміле жасасқан контрагент кредиторлардың біріне айналады және оның талаптары борышкерде қалған активтердің мөлшеріне қарай жалпы негізде қанағаттандырылады. Бұл механизмнің классикалық реституциядан айырмашылығы, контрагент өз талаптарының толық қанағаттандырылуына кепілдік алмайды, өйткені борышкердің мүлкі барлық кредиторлардың арасында пропорцианалды бөлінуі тиіс.
Сонымен қатар доктринада банкроттық рәсімінде борышкердің мәмілесі жарамсыз деп танудың құқықтық салдары ретінде тараптарды бастапқы қалпына келтірудің орнына, басқа тиімді жолдарын іздеу бойынша мәселелер де талқыланды.
Ресей Федерациясының бірқатар ғалымдары банкроттық кезіндегі реституция мәселесіне қатысты мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда, контрагенттің негізсіз байып кетуіне қатысты ғана салдарларды жою қажеттілігі туралы тұжырымдаманы қолдаған болатын. Оған сәйкес егер контрагент борышкерден ақысыз негізде мүлік алса немесе өз міндеттемесінен артық мөлшерде ақылы негізде мүлік алған болса, сол артық бөлігін ғана қайтаруға міндетті делінеді.
Е.А. Останина осындай көзқарасты қолдап, оны «сальдо-өндіріп алу практикасы» (практика сальдо-взыскания) деп атады. Бұл дегеніміз, реституция мәміленің толық құнын емес, тек бір тараптың шынымен байып кетуіне әкелген бөлігін ескеруі тиіс [12, 13-б.].
Мысалы, «сальдо-өндіріп алу механизміне» келесідей жағдайды мысал ретінде қарастыруға болады: Компания X компания Y-ке нарықтық құны 1 000 000 евро тұратын жылжымайтын мүлікті 600 000 евроға сатады делік. Біраз уақыттан кейін компания Х банкрот деп жарияланады және сатып алу-шарты нарықтық құнынан төмен бағамен жасалғандықтан сот ол шартты жарамсыз деп таниды. Егер «сальдо-өндіріп алу механизмі» қолданылса, сот компания Y-ке жылжымайтын мүліктің нарықтық құны мен төленген сома арасындағы айырманы, яғни 400 000 евроны (1 000 000 – 600 000) қайтаруға міндеттейді. Осылайша, жылжымайтын мүлік компания Y-те қалады, ол тек жетпеген соманы ғана мүліктік массаға қайтарады.
Мұндай тәсіл кредиторлар мен борышкердің контрагенттері арасындағы тәуекелдерді әділ бөлуге мүмкіндік береді және контрагенттің алған мүлкін де, төленген ақшасын да жоғалтпайтын жағдайды болдырмауға бағытталған. Мұндағы негізгі идея – контрагенттің артық мөлшерде алғанын қайтаруға негізделген ішінара реституция тетігін енгізу, бұл екі тараптың шығындарын азайтып, негізсіз байып кету немесе шығындарды болдырмауға мүмкіндік береді.
«Сальдо-өндіріп алу механизмін» Ресейде қолдану туралы алғашқы ұсыныстар 2010-жылдардың басында арбитраж соттарының шешімдерімен байланысты болды. Бұл тәсіл реституция нормаларын, әсіресе банкроттық контекстінде, телеологиялық түсіндіруге негізделді. Алғашқы мысалдардың бірі 2015 жылы Дальневосток округінің Арбитраж сотының № А51-17166/2012 ісі бойынша қаулысы болды [12, 13-б.]. Сот мүліктің нақты құнын анықтағанда, контрагенттің борышкерге бұрын төленген соманы ескеру қажеттігін атап өтті. Осылайша, сот тек мүліктің нарықтық құны мен бұрын төленген сома арасындағы айырмашылықты ғана өндіруді ұсынды. Бұл түсініктеме арбитраж соттарында тез танымал болып, кеңінен қолданылды. Алайда, бұл тәжірибе Ресей Федерациясының Жоғарғы Соты оны өз шешімдерінде жоққа шығарғанға дейін жалғасты.
Ресей Федерациясының Жоғарғы Соты «сальдо-өндіріп алу тәжірибесінен» бас тартуын келесі себептерге негіздеді:
1. Кредиторлар теңдігі принципі: Жоғарғы Сот сальдо-өндіріп алу бір кредиторды (жарамсыз мәміле бойынша контрагентті) басқа кредиторларға қарағанда артықшылыққа ие болуына әкеледі деп санады. Контрагент өз міндеттемесін қайтарылатын сомаға азайту мүмкіндігіне ие болады, ал басқа кредиторлар өз үлестерін тек конкурстық массасынан күтеді, бұл барлық кредиторлардың теңдігі қағидасына қайшы келеді.
2. Банкроттық туралы заңды тікелей түсіндіру: РФ «Дәрменсіздік (банкроттық) туралы» Федералдық заңының 61.6-бабына сәйкес, жарамсыз мәміле бойынша алынған барлық мүлік толық көлемде конкурстық массаға қайтарылуы тиіс. Контрагент төлеген соманы есептен шығару заңның талаптарына қайшы келеді, өйткені мүлікті немесе оның құнын қайтару контрагент төлеген сомалар ескерілмей жүргізілуі керек.
3. Негізсіз байып кетуді болдырмау: Жоғарғы Сот контрагентке төленген соманы кредиторлар тізіміне қосу мүмкіндігі берілсе, бұл борышкердің негізсіз байып кетуін болдырмайды деп түсіндірді. Яғни, контрагент төленген соманы қайтаруды банкроттық аясында стандартты тәртіппен талап ете алады. Контрагенттің талаптарын кредиторлар тізіміне енгізу контрагенттің өз ақшасының бір бөлігін қайтарып алуын қамтамасыз етеді, және борышкер контрагенттің есебінен негізсіз байып кету мүмкіндігінен айырылады делінеді [12, 14-б.].
Осылайша, РФ Жоғарғы Соты «сальдо-өндіріп алу тәжірибесі» банкроттық процедурасында кредиторлардың теңдігін және бәсекелестікті бұзады деген қорытындыға келді, және жарамсыз мәміле бойынша алынған мүліктің толық құнын конкурс массасына қайтаруды талап етеді. Сондықтан қазіргі уақытта Ресейде бұл механизм қолданылмайды.
Польша Республикасының «Банкроттық туралы» Заңының 134-бабына сәйкес, борышкердің мәмілесін жарамсыз деп танудың келесідей құқықтық салдарлар қарыстырылады: «егер борышкердің мәмілесі заң бойынша жарамсыз болып табылса, онда осы мәміле нәтижесінде борышкердің мүлкінен шығарылған немесе оның мүлкіне кірмеген нәрсенің бәрі конкурс массасына берілуге жатады. Егер мүлікті табиғи түрде қайтару мүмкін болмаса, оның баламасы ақшалай түрде конкурс массасына аударылады. Судья-комиссардың келісімімен мәміленің екінші тарабы борышкердің міндеттемесінің мәміле жасалған күндегі нарықтық құны мен борышкердің алған міндеттемесінің құны арасындағы айырманы төлеу арқылы мүлікті конкурс массасына қайтару міндетінен босатылуы мүмкін» [13].
Аталған Заң бабының нормасынан «сальдо-өндіріп алу» тәжірибесіне ұқсас элементтің бар екенін байқауға болады. Бұл тәжірибеде мәміленің жарамсыздығының салдарын есептеу кезінде тек алынған мен берілген арасындағы айырмашылық – яғни нақты пайда немесе зиян ескеріледі. Бұл толық қайтарымның орнына тек нақты залалға тең соманы қайтаруға мүмкіндік береді. Яғни, Польшада «сальдо-өндіріп алу» элементтері бар модель қолданылып отыр деуге болады, бұл өз кезегінде жарамсыз мәмілелер жағдайында активтерді қайтару мен өтемақы төлеуге неғұрлым икемді тәсілді қамтамасыз етеді.
Германияда, жалпы даулау құқығы келесі негізгі қағидаға негізделеді: борышкердің мүлкінен шығарылғанның барлығы қайтарылуға жатады. Осы қағиданы жүзеге асыру шарттары мен ерекшеліктері Insolvenzordnung (InsO) 143-144 баптарында қарастырылған [14, 223-б.]. Insolvenzordnung (InsO) 143-бабының, 1-тармағына сәйкес, «борышкердің әрекетін даулау нәтижесінде конкурстық массасынан иеліктен шығарылған, берілген немесе жоғалған мүлік, конкурстық массаға қайтарылуға тиіс» [15]. Бұл ереже кредиторлардың құқықтарын бұзатын және қарыздарды өтеу үшін қолда бар активтерді азайтуы мүмкін кез-келген әрекетке қатысты қолданылады. Егер мүлікті қайтару мүмкін болмаса, контрагент оның құнын өтеуге міндетті. Бұл жағдайда негізсіз байып кету туралы азаматтық заңнаманың нормалары қолданылады.
Мүлікті өтеусіз беру: Insolvenzordnung (InsO) 134-бабы өтеусіз мәмілелерді даулауды реттейді. Маңыздысы, бұл жағдайда алушының пайдакүнемдік ниеттерін немесе оның хабардар болуын дәлелдеу талап етілмейді. Алайда, Германияның Азаматтық кодексінің § 818 ережесіне сәйкес, алушы, егер ол мүлікті әлі де иелігінде ұстап отырса, мүліктің тек сол бөлігін қайтаруға міндетті, ол сол кезде байыған мөлшерінде ғана қайтарылады. Германия заңнамасында негізгі назар негізсіз байып кетудің алдын алуға бағытталған.
Қайтару ережесі тек адал ниетті алушыларға (gutgläubiger) қолданылады, яғни мүлікті алған кезде кредиторларға зиян келтірілгені туралы білмеген тұлғаларға қатысты. Егер алушы «өрескел немқұрайдылық» танытса (мысалы, борышкердің қаржылық қиындықтарының анық белгілерін елемесе), ол адал емес тұлға (Bösgläubigkeit) ретінде қарастырылады және мүліктің толық көлемін қайтаруға міндетті. Егер мәміле адал контрагент үшін тиімсіз болса немесе ол борышкердің мәселелерінен хабарсыз болған жағдайда, оған толық жауапкершілік жүктелмейді.
Даулы мәміле нәтижесінде мүлікті беру үшін бастапқы құқықтық негіз өз күшін жоғалтпайды және жойылмайды, тек борышкердің мүлкінен алынғанды қайтару міндеттемесіне (Rückgewährverhältnis) түрлендіріледі. Мысалы, мүлікті сату шарты толығымен жоққа шығарылмайды (яғни, ол ешқашан болмаған деп саналмайды). Керісінше, бастапқы құқықтық қатынас (сату) сақталып, ол қайтару міндеттемесіне (Rückgewährverhältnis) айналады. Заң шығарушының мақсаты – белгілі бір құқықтық әрекеттерге санкция салу емес, керісінше, кредиторларға залал келтірмеу үшін борышкердің мүлкін қайта бөлу болып табылады.
Германияда жарамсыз деп танылған мәміле бойынша мүлікті қайтарудың құқықтық тәсілі кондикция болып табылады. Ресейде қолданылатын мағынадағы реституция қолданылмайды. Шын мәнінде, реституция ресейлік құқықта жарамсыз мәміле бойынша мүлікті қайтарудың дербес құқықтық тәсілі ретінде қарастырылады [16, 474-б.].
Басқаша айтқанда, Германияда жарамсыз мәміле бойынша мүлікті қайтару механизмі негізсіз баю (кондикция) институты шеңберінде жүзеге асырылады. Ал Ресей мен Қазақстанда жарамсыз мәміле бойынша мүлікті қайтару үшін реституция қолданылады, ол дербес құқықтық механизм болып табылады. Борышкермен жасасқан мәміле жарамсыз деп танылғаннан кейін, контрагенттерге банкроттық заңнама аясында арнайы реституция түрі қарастырылған. Бұл реституция екі жақтың бір-біріне қайтарудың болмауымен сипатталады: контрагенттен мәміле бойынша алынғанның барлығы конкурстық массаға қайтарылады, ал контрагенттің борышкерге талаптары кредиторлар кезектілігіне енгізіледі. Алайда, мұндай реституция тәсілі әрдайым тиімді болып табылмайды және заңгерлер арасында талқылау пәніне айналған болатын. Себебі адал ниеттті контрагенттің құқықтары шектеліп, ал бұл өз алдына азаматтық айналымның тұрақсыздығына әкелуі мүмкін. Осы тұрғыда Е.А. Останинаның пікірі тиімді болып көрінеді, ол контрагенттің тек шын мәнінде зиян келтірген залалды қайтару механизмін ұсынады, бұл бойынша контрагент жарамсыз мәміле бойынша берілген мүліктің нақты құнын, бұрын төлеген сомасын шегере отырып, өндіріп алады.
Банкроттық процедурасы кезінде мәмілелерді даулаған кезде мәміленің тек заңда белгіленген формалды жарамсыздық белгілеріне сәйкестігін ғана тексеру жеткіліксіз. Сонымен қатар, мәмілені жарамсыз деп танудың қаржылық тиімділігі мен борышкерге пайдасын да ескеру керек. Әлбетте мәмілені заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағалау керек, яғни ол кредиторлардың құқықтарын бұзды ма немесе кредиторлардан мүлкін жасыру үшін жасалды ма, оларды да анықтау қажет. Алайда заң талаптарына сәйкес болудан басқа, мәмілені жарамсыз деп тану арқылы борышкердің мүліктік массасын арттыруға, яғни активтерін көбейтуге болатынын талдау маңызды. Бұл активтер кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға пайдаланылуы керек. Яғни, мәмілені даулаудан бұрын оның заңдық жағын ғана емес, сонымен қатар оның кредиторлар үшін қаншалықты тиімді болатынын ойлап, соған сәйкес әрекет ету қажет.
Мәселен Еуропада мәмілелерді даулау ережелерінің себебін түсіндіретін бірыңғай теория қалыптаспаған, бірақ олардың негізінде айқын принциптер бар. Біріншіден, дәрменсіз борышкердің мүлкі заңнамалық схемадағы ережелерді ескере отырып, оның кредиторлары арасында әділ және пропорционалды түрде бөлінуі керек. Мәмілені даулау әрекеттері несие берушілер арасында ұжымшылдық пен әділеттілікке ықпал ету тәсілі ретінде қарастырылуы мүмкін, ал дауласу ережелерінің негізгі мақсаты әділеттілікті қамтамасыз ету болып табылады [17, 90-б.].
Яғни, мәмілені даулаудың басты мақсаты – мүліктік массаны қалпына келтіру және кредиторлардың талаптарын орындау. Егер мәміле кредиторларға зиян келтірмесе немесе оны даулаудан пайдасы болмаса, керісінше борышкер үшін тиімсіз болса онда оны даулаудың қажеті жоқ екендігін де ескеру маңызды.
Мысал ретінде банкроттық заңнамаға сәйкес, арнайы негіздердің бірі бойынша мәміле жарамсыз деп танылған жағдайдың құқықтық салдарын қарастырып көрейік. ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 7-бабының, 2-тармағының, 1-тармақшасына сәйкес: «жасалған мәміле бағасының және (немесе) өзге де жағдайлардың, салыстырмалы мән-жайларда ұқсас мәмілелер жасалатын кездегі бағадан және (немесе) өзге де жағдайлардан борышкер үшін айтарлықтай нашар жағына қарай өзгеше болуы» мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болып табылады. Қазақстан Республикасының сот тәжірибесіне шолу жасайтын болсақ осы негіз бойынша банкроттық рәсімінде борышкердің мәмілелері жиі дауланады.
Тәжірибеден мысал келтіретін болсақ, «Құндыз» ЖШС-нің банкроттық рәсімі шеңберінде банкроттық басқарушысы «Құндыз» ЖШС мен «Комфорт DIY» ЖШС арасында 2021 жылдың 14 мамырында жасалған автокөліктерді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Келісім-шарт бойынша үш автокөлік «Комфорт DIY» ЖШС-не олардың нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған [18].
Тәуелсіз бағалау компаниясының мәліметтеріне сәйкес, автокөліктердің нарықтық құны сол кезде келесі бағаны құраған: 1-ші автокөлік – 4 172 000 теңге, 2-ші автокөлік – 3 807 000 теңге және 3-ші автокөлік – 6 669 000 теңгені құраған, ал келісімшарт бойынша олар сәйкесінше 1-ші автокөлік – 2 000 000, 2-ші автокөлік – 800 000 және 3-ші автокөлік 2 500 000 теңгеге сатылған. Банкроттық басқарушы мәміленің кредиторлар мен мемлекеттік бюджет алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында жасалғанын, өйткені мәміле жасалған кезде «Құндыз» ЖШС-нің бюджет алдында айтарлықтай қарызы болғанын дәлелдеген. Сот ұсынылған дәлелдемелерді, оның ішінде сарапшының қорытындысын зерттей отырып, автокөліктердің нарықтық құны сатылым бағасынан әлдеқайда жоғары екенін анықтап, мәмілені жарамсыз деп танып, тараптар бастапқы жағдайға қайтарылсын деп шешкен. Яғни, «Комфорт DIY» ЖШС (жауапкер) автокөліктерді қайтарады, ал «Құндыз» ЖШС (борышкер) автокөліктер үшін алған сомманы 2 000 000, 800 000 және 2 500 000 теңгені, яғни барлығы 5 300 000 теңгені қайтаруы тиіс. «Комфорт DIY» ЖШСне аталған сомма бірден қайтарылады ма әлде «Комфорт DIY» ЖШС басқа кредиторлар тізіліміне енгізіліп, кезектілікпен қайтарылады ма деген сұрақ туындайды. Себебі сот мәмілені жарамсыз деп тануда Азаматтық Кодекстің де, ҚР «Оңалту және банкроттық туралы заңының» да нормаларын негізге алған.
Ал егер осы мысалға жоғарыда атап өткен Ресей Федерациясында орын алған «сальдо-взыскание механизмін» қолданатын болсақ «Комфорт DIY» ЖШС-нен автокөлікті (немесе оның құнын) толық қайтаруды талап етудің орнына, айырмашылық (сальдо) өндірілетін еді. Сот мәміле бойынша «Құндыз» ЖШС нақты қанша қаражат жоғалтқанын (мысалы, автокөліктің нарықтық құны мен төленген соманың арасындағы айырмашылық) анықтап, толық мүлікті қайтаруды немесе автокөліктің құнын толық өндіруді талап етудің орнына тек осы айырмашылықты ғана өндірген болар еді.
Яғни, адал ниетті кредитор борышкермен сатып алу-сату шартына отырып, берілген мүліктің нақты құнының бір бөлігін төлейді. Жоғарыда қарастырып өткен Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 7-бабының, 2-тармағының, 1-тармақшасындағы «айтарлықтай нашар жағына қарай өзгеше болуы» түсінігі нақтыланбаған. Бұл критерийдің нақты және айқын шекаралары болмаған жағдайда, бағасы нарықтық бағадан айтарлықтай ерекшеленбейтін, қалыпты мәмілелерді жарамсыз деп тану ықтималдығы жоғары болуы мүмкін [19, 149-б.].
Сондықтан «нарықтық құнынан ауытқудың», нақты құқықтық критерилерінің анықталмағандығын ескере отырып, контрагент борышкерге сол мүліктің елеулі бөлігін төлеген болуы мүмкін. Ал мәміле жарамсыз деп танылғаннан кейін, ол іс жүзінде тек мәміле бойынша иеленген мүліктен ғана емес, бұрын борышкерге төленген ақшадан да айырылады [20, 115].
Мысалы, адал ниетті сатып алушы банкроттықтың алдында тұрған борышкермен автокөлікті сатып алу-сату шартын жасасады. Айталық, сатып алушы нарықтық құны 5 000 000 теңгені құрайтын автокөлікті 15% төмен бағаға, яғни 4 250 000 теңгеге сатып алды. Заңда «айтарлықтай нашар жағына қарай өзгеше болуы» критерийі нақтыланбағандықтан, сот аталған шартты жарамсыз деп тануы мүмкін. Мұндай жағдайда тараптарды бастапқы қалпына келтірсе, адал ниетті сатып алушы автөкөлікті қайтаруы тиіс және төлеген ақшасын да толық қайтара алатынына кепіл болмайды. Себебі ол борышкердің қаржылық жағдайының деңгейіне және басқа кредиторлардың алдындағы қарыздарына байланысты болады. Адал ниетті контрагенттер заңға сәйкес және адал әрекет еткенімен, тиімсіз жағдайда қалуы мүмкін.
Сондықтан, әділеттілік қағидасын негізге ала отырып, азаматтық айналымның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін банкроттық үрдісіндегі мәмілені жарамсыз деп танудың құқықтық салдарында барлық тараптар үшін тиімді механизмді қолдану қажет.
Жоғарыда қарастырған негіз бойынша мәмілені жарамсыз деп тану Германия заңнамасына сәйкес реттелетін болса, неміс заңнамасында «төмендетілген баға» немесе «нарықтық құнынан өзгешелік» туралы тікелей айтылмайды, бірақ борышкер үшін тиімсіз шарттармен жасалған мәмілелер, егер олар кредиторларға зиян келтірсе, даулануы мүмкін [21]. Егер мүліктің төмендетілген бағамен сатылуы кредиторларға зиян келтірсе, мәмілені банкроттық басқарушы даулауы мүмкін. Мәмілені жарамсыз деп танудың негізі – активтердің нарықтық құнынан айтарлықтай төмен бағада конкурс массасынан шығарылуы салдарынан кредиторлардың жағдайының нашарлауы.
Тағы да бір айта кететін мәселе Германия мемлекеті банкроттық кезіндегі кредиторлардың талаптарын пропорционалды қанағаттандыру идеясынан гөрі реституцияның екі жақты сипаты идеясына басымдық беретін елдердің қатарына жатады [22]. Басқаша айтқанда банкроттық құқықтың қағидасы (кредиторлардың мүдделері) мен заттық-міндеттемелік құқық (жарамсыз мәміле бойынша реституция) арасындағы нақтыланған тепе-теңдікті сақтайды.
Германияда міндеттемелік шарт (мысалы, сатып алу-сату) мен затты беру шарты – екі бөлек құқықтық әрекет. Егер мәміле жарамсыз деп танылса да, меншік құқығы берілуі мүмкін. Сондықтан, егер сатып алушы банкрот болса, ол заттың меншік иесі ретінде танылады (формалды түрде). Айталық келісім-шарт жарамсыз деп танылған жағдайда, формалды түрде екі тарап та мүлікке меншік құқығына ие болады: сатып алушы – тауарға, сатушы – ақшаға. Сондықтан, егер сатып алушы банкрот болса, ол сатып алған тауар оның конкурс массасына кіреді және оны қайтару (виндикация) мүмкін емес сияқты көрінеді. Ал сатушының бұл тауарды негізсіз байып кету ретінде қайтаруды талап етуі – ақшалай емес талап болғандықтан, әдетте қанағаттандырылмауы тиіс. Алайда, герман доктринасы мен сот тәжірибесі келесідей біржақты ұстанымды ұстанады: сатып алушы банкрот болса да, тіпті зат оның меншігінде болып, конкурс массасына енген күнде де, ол мүлік конкурс массасынан алынып, сатушыға қайтарылуы мүмкін [22]. Бұл жоғарыда айтылған екі жақты реституция қағидасына артықшылық берілетіндігіні айқын дәлелі болып табылады. Мәміле жасаған екінші тараптың (контрагенттің) мүдделерін тиімді қорғайды және оның негізсіз шығынға ұшырауына жол бермейді, тіпті ол конкурстық кредиторларының қатарында болмаса да.
Жоғарыда аталған ереже егер мәміле жалпы азаматтық емес банкроттық негізде дауланған жағдайда да қолданылады. Жарамсыз мәміле бойынша берілген мүлік, егер ол өзінің жеке белгілерін сақтап қалса (өзгермеген, бүлінбеген), конкурстық массадан шығарылуы мүмкін. Insolvenzordnung § 144-тің 2-тармағы банкроттық заңнамасы негізінде мәміле дауланса, онда қарсы тараптың берген нәрсесі (мысалы, мүлік немесе ақша) өзінің жеке сипаттарын сақтаса конкурстық массадан қайтарылуы тиіс екенін белгілейді. Егер мүлік немесе ақша өзінің жеке сипаттарын жоғалтса (мысалы, басқа активтермен араласып кетсе), мүлікті талап етуші контрагент кәдімгі кредиторға айналады, оның талабы жалпы кредиторлар тізіліміне енгізіледі.
А.В. Егоров өз еңбегінде осы мәселеге Төлем қабілетсіздігі туралы заңға Гамбургтің түсініктемесінен сілтеме жасай отырып, «қарсы ұсыну» (втречное предоставление) ретінде контрагенттің даулы мәміле бойынша айырбас ретінде берген кез-келген мүліктік құндылығы және ол нақты банкрот болған борышкердің мүлкіне түскен болып есептеледі дейді. Бұл міндеттеме «ағымдағы талап» деп аталады. Контрагент кредиторлар тізіліміне енгізбей-ақ «ағымдағы талабын» қоя алады, себебі ол талап конкурс массасының өзіне бағытталады. Кредиторлардың әдеттегі талаптарынан айырмашылығы, ол кредиторлардың жалпы тізілімінде тіркелуді қажет етпейді, өйткені ол борышкердің ағымдағы міндеттемелерінің бөлігі болып табылады. Контрагент жарамсыз мәміле бойынша алғанын, өз талабы конкурстық массадан толық қанағаттандырылғанша өзінде ұстап тұруға құқылы. Нақтырақ айтқанда, бұндай талаптардың орындалуы бір уақытта жүзеге асырылады [23].
Яғни Германияда жарамсыз деп танылған мәміле бойынша туындаған талаптар егер дау конкурс өндірісі ашылғаннан кейін болған жағдайда ағымдағы талап деп есептелуі мүмкін, ал Ресей Федерациясында ағымдағы талап деп тек борышкер банкрот болғаннан кейін пайда болған міндеттемелер саналады.
Егер осы мәміленің күшін жоюға бағытталған ақша міндеттемесі борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілгеннен кейін пайда болса, онда қалпына келтірілген талап ағымдағы төлемдерге жатады; оған РФ «Банроттық туралы Заңының» 61.6-баптың 2 және 3-тармақтары қолданылмайды. Ал егер мәміленің күшін жоюға бағытталған ақша міндеттемесі борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілгенге дейін пайда болған болса, онда қалпына келтірілген талап ағымдағы төлемдерге жатпайды және мұндай несие беруші борышкердің конкурстық несие берушісі болып табылады. Бұл ережелер борышкердің барлық несие берушілерінің мүдделерін тең әрі әділ қорғауды қамтамасыз етеді, себебі олар өз талаптарын конкурс массасы есебінен қанағаттандыруға үміткер және борышкердің мәмілесінің жарамсыздығын тану нәтижесінде қалпына келтірілген несие берушінің талаптарын артықшылықты қанағаттандыруға жол бермейді [24].
Тағы бір ерекшелік неміс заңнамасынан айырмашылығы ресейлік жүйе несие берушінің талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін алынған мүлікті ұстап тұру мүмкіндігін қарастырмайды. Мәміле жарамсыз деп танылғаннан кейін, мүлік немесе оның құны қайтарылуға тиіс.
Мәселен, жоғарыда қарастырып өткен негіз бойынша борышкер автокөлікті несие берушіге нарықтық құнынан төмен бағамен сатса, Германия заңнамасына сәйкес бұл мәміле жарамсыз деп танылса, оның салдары келесідей болуы мүмкін.
Германиядағы абстрактті шарттың сипатына байланысты мәміле жасалғаннан кейін, кредитор (сатып алушы) автокөліктің иесі, ал борышкер (сатушы) – ақшаның иесі болып табылады, тіпті мәміле жарамсыз деп танылса да. Осылайша, автокөлік формалды түрде несие берушінің меншігіне өтеді, ал ақша борышкерге тиесілі болады.
Ал егер сатып алушы банкротқа ұшыраса, автокөлік формалды түрде «сатып алушының конкурстық массасына» кіреді. Дегенмен, осыған қарамастан, доктрина және сот тәжірибесіне сәйкес, егер мәміле жарамсыз деп танылса, мүлік конкурстық массадан шығарылып, сатушыға қайтарылады. Insolvenzordnung § 144, 2-тармағына сәйкес, автокөлік өзінің жеке белгілерін сақтаған жағдайда (мысалы, сатылмаған немесе өзгертілмеген болса), ол сатушыға конкурстық массадан қайтарылуы тиіс, өйткені мәміле жарамсыз деп танылған. Бұл автокөлік басқа активтермен араласпағанша және оның жеке белгілері сақталғанша мүмкін болады. Егер автокөлік өзінің жеке белгілерін жоғалтса (мысалы, сатылып кеткен немесе пайдаланылған болса), сатушы автокөлікті қайтаруға талап қоя алмайды. Оның орнына, ол «жай кредиторға» айналады және автокөліктің эквивалентті құнын қайтару талабын конкурстық өндіріс аясында жасай алады. Егер мәміле жарамсыз деп танылса, сатушы негізсіз байытуды қайтаруды талап ете алады (бұл жағдайда – автокөлік). Мұндай қайтару талаптары тек мәміле дауланғаннан кейін пайда болуы мүмкін және олар банкроттық кезінде ағымдағы міндеттемелер болып танылады. Бұл дегеніміз, олар конкурсқа дейін пайда болған басқа талаптарға қарағанда артықшылыққа ие болады.
Егер мәміле жарамсыз деп танылса, сатушы мен сатып алушының қайтару талаптары бір мезгілде орындалады: сатушы алған ақшаны қайтарады, ал сатып алушы автокөлікті қайтарады. Бұл тараптардың арасында әділетті тепе-теңдікті қамтамасыз етеді және олардың мүдделерін қорғайды.
InsO § 143 (2) сәйкес, егер сатып алушы автокөлікті пайдаланудан пайда тапқан болса (мысалы, оны жалға беру арқылы), бұл пайдалар да конкурстық массаға қайтарылуы керек. Егер автокөліктің жағдайы нашарлаған болса, сатып алушы осыдан туындаған шығынды өтеуге міндетті.
§ 144 InsO сәйкес, егер сатып алушы автокөлік үшін төлем жасаған болса, ол өз талаптарын кредиторлар тізіміне қоса алады және басқа кредиторлармен бірге өз қаражатын қайтаруға талап қоя алады. Бұл сатып алушының ақшасы конкурстық массадағы қолжетімді сомалар шеңберінде ғана қайтарылатынын білдіреді [15].
Егер сатып алушының мәміленің кредиторларға теріс салдары туралы білгені дәлелденсе, § 143 (2) InsO сәйкес, ол адал емес деп танылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол мүлікті қайтару немесе оның құнын өтеу талаптарынан қорғана алмайды.
Сонымен Германияның банкроттық туралы заңнамасы, мәмілелерді жарамсыз деп танудың құқықтық салдарларының неғұрлым икемді және нақтылаған жүйесін ұсынады. Бұл кредиторлардың құқықтарын қорғауға да, адал ниетті контрагенттердің құқықтарына да қатысты. Қазақстандық нормалармен салыстырғанда германдық ережелер неғұрлым егжей-тегжейлі құқықтық базаға ие және күрделі істерді шешуде икемділік үшін көбірек мүмкіндіктер береді.
Қорытынды
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылайтын болсақ, банкроттықтағы мәмілені жарамсыз деп танудың құқықтық салдары теориялық және практикалық тұрғыдан маңызды. Себебі бұл үрдісті тиімді қолдану мүлікттік массаны толықтыруға, сол арқылы кредиторлардың талаптарын әділ қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Банкроттық үрдісінде борышкердің мәмілесін жарамсыз деп танылғанда табиғаты бойынша жалпы реституциядан сәл өзгеше құқықтық салдар орын алады. Бұл механизмнің классикалық реституциядан айырмашылығы, контрагенттің талаптары бірден орындалмайды, контрагент өз талаптарының толық қанағаттандырылуына кепілдік алмайды, өйткені борышкердің мүлкі барлық кредиторлардың арасында пропорцианалды бөлінуі тиіс. Яғни, банкроттық реституцяда екі жақты да бір жақты да реституцияның белгілері ұштасады.
Неміс заңнамасында борышкердің конкурс массасына активтерді қайтару рәсімдері нақты құрылымдалған. Егер мүлік немесе оның құны қайтарылмаса, өтемақы негізсіз баю жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл сот тәжірибесіндегі қиындықтарды болдырмауға және несие берушілердің мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының заңнамасында реституция нормалары қарастырылғанымен, мүліктік массаға актвтерді қайтару механизмі нақтыланбаған және ол активтерді мүліктік массасына қайтару процесін қиындатуы мүмкін.
Германияда мәмілелерді жарамсыз деп танудың салдары бойынша неғұрлым құрылымдалған, икемді және қорғалған жүйесін ұсынады. Бұл несие берушілердің де, адал сатып алушылардың да құқықтарын қорғауға қатысты. Қазақстандық нормалармен салыстырғанда, германдық ережелерде неғұрлым егжей-тегжейлі құқықтық база бар және күрделі істерді шешуде икемділікті қамтамасыз ететін көбірек мүмкіндіктер қарастырылған.
С.И. Копжасарова, докторант кафедры гражданского и трудового права Карагандин- ского университета имени академика Е.А. Букетова. (г. Караганда, Республика Казахстан): Правовые последствия признания сделки должника недействительной в процедурах реабилитации и банкротства: сравнительный анализ.
Актуальность темы исследования обусловлена необходимостью совершенствования механизмов признания сделок должника недействительными и их правовых последствий в процедурах реабилитации и банкротства. Правильное применение правовых последствий признания сделки недействительной способствует пополнению имущественной массы, что, в свою очередь, позволяет сделать процедуры реабилитации и банкротства более экономически эффективными. Предмет исследования составляет совокупность правовых норм, регулирующих специальные основания, порядок и правовые последствия признания сделок должника недействительными в рамках процедур реабилитации и банкротства, а также доктринальные подходы, судебная практика Республики Казахстан и нормы законодательства о банкротстве зарубежных государств. Целью исследования является анализ правовых последствий признания сделок должника недействительными по специальным основаниям, проведение сравнительного анализа зарубежного законодательства и выявление его наиболее эффективных элементов. Исследование направлено на выявление проблемных аспектов правоприменения и выработку предложений по совершенствованию юридической практики. Методологическую основу исследования составляют как общенаучные, так и частнонаучные методы, включая формально-логический, сравнительно-правовой, доктринальный и формально-правовой подходы. Научная новизна исследования заключается в том, что путем комплексного сравнительно-правового изучения правовых последствий в сфере признания сделок должника недействительными в процедурах реабилитации и банкротства, делаются выводы, направленные на совершенствование законодательства Республики Казахстан. В результате исследования рассмотрены особенности правовой природы банкротной реституции по сравнению с классической реституцией. Также были проанализированы подходы, представленные в доктрине, согласно которым в рамках банкротства вместо восстановления сторон в первоначальное положение применяются иные, более эффективные механизмы.
Ключевые слова: реабилитация и банкротство, должник, кредитор, контрагент, недействительность сделки, специальные основания, реституция, банкротная реституция, имущественная масса, механизм сальдо-взыскания
S.I. Kopzhassarova, PhD candidate, Department of Civil and Labor Law, Karaganda Buketov University (Karaganda, Kazakhstan): Legal Consequences of Declaring a Debtor’s Transaction Invalid in Rehabilitation and Bankruptcy Procedures: A Comparative Analysis.
The relevance of the research topic is driven by the need to improve the mechanisms for declaring a debtor’s transactions invalid and regulating their legal consequences within the procedures of rehabilitation and bankruptcy. The proper application of legal consequences resulting from the invalidation of a transaction contributes to the replenishment of the debtor’s estate, which, in turn, enhances the economic efficiency of rehabilitation and bankruptcy procedures. The subject of the research comprises the set of legal norms governing the specific grounds, procedure, and legal consequences of declaring debtor’s transactions invalid in the context of rehabilitation and bankruptcy proceedings, as well as doctrinal approaches, judicial practice of the Republic of Kazakhstan, and the bankruptcy legislation of foreign jurisdictions. The aim of the study is to analyze the legal consequences of invalidating debtor transactions based on specific grounds, to conduct a comparative analysis of foreign legislation, and to identify its most effective elements. The research is directed toward identifying problematic aspects of law enforcement and developing proposals for improving legal practice. The methodological basis of the study includes both general scientific and special legal methods, such as the formal-logical, comparative-legal, doctrinal, and formal-legal approaches. The scientific novelty of the study lies in the formulation of proposals for improving the legislation of the Republic of Kazakhstan, based on a comprehensive comparative-legal analysis of the legal consequences of declaring debtor transactions invalid in the context of rehabilitation and bankruptcy. As a result of the study, the specific features of the legal nature of bankruptcy restitution are examined in comparison with classical restitution. In addition, the study analyzes doctrinal positions suggesting that, within bankruptcy proceedings, alternative and more effective mechanisms are applied instead of restoring the parties to their original position.
Keywords: rehabilitation and bankruptcy, specific grounds, debtor, creditor, counterparty, invalid transaction, restitution, bankruptcy restitution, insolvency estate (debtor’s estate), netting (set-off) mechanism.
Қолданылған әдебиеттер:
References (transliterated)
1. Qazaqstan Respublikasynyn 1994 zhylgy 27 zheltoqsandagy № 268-HIII Azamattyq Kodeksі URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K940001000_ (11.07.2025).
2. Qazaqstan Respublikasynyn «Onaltu zhane bankrottyq turaly» 2014 zhylgy 7 nauryzdagy № 176-V Zany URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1400000176 (11.07.2025).
3. Grazhdanskij Kodeks Respubliki Kazahstan (Obshhaja chast'): Kommentarij (postatejnyj). V chetyreh knigah. Kniga 2. Stat'i 115-187. Izdanie chetvertoe, ispravlennoe i dopolnennoe, s ispol'zovaniem sudebnoj praktiki / Otv. red. M.K. Sulejmenov. Almaty, 2022. – 624 s.
4. Federal'nyj zakon Rossijskoj Federecii ot 26 oktjabrja 2002 goda №127-FZ «O nesostojatel'nosti (bankrotstve)» URL: https://base.spinform.ru/show_doc.fwx?rgn=3568 (11.07.2025).
5. Tkachev V.N. Nekotorye konkursno-pravovye posledstvija priznanija nedejstvitel'noj sdelki dolzhnika, v otnoshenii kotorogo osushhestvljaetsja proizvodstvo po delu o nesostojatel'nosti (bankrotstve). Teorija i praktika juridicheskoj nauki. // Vestnik Akademii prava i upravlenija. 2020. № 1 (58).
6. Cykunova A.A. Primenenie posledstvij nedejstvitel'nosti sdelki v ramkah zakonodatel'stva o bankrotstve URL: https://conf.siblu.ru/primenenie-posledstviy-nedeystvitelnosti-sdelki-v-ramkah-zakonodatelstva-o-bankrotstve (11.07.2025).
7. Ivanova T.K. Posledstvija nedejstvitel'nosti sdelki nesostojatel'nogo dolzhnika // PRAVOVOE GOSUDARSTVO: teorija i praktika. № 2(52), 2018.
8. Shishmareva T.P. Nedejstvitel'nost' sdelok i dejstvij v procedurah nesostojatel'nosti v Rossii i Germanii. M.: Statut, 2018. 239 s.
9. Shevchenko I.M. O primenenii posledstvij nedejstvitel'nosti sdelki v otnoshenii dolzhnika, nahodjashhegosja v procedure bankrotstva // Rossijskij sud'ja. 2020. № 2. S. 8.
10. Suvorov E.D. Bankrotstvo v praktike novogo Verhovnogo Suda RF za pervyj god raboty (2014–2015) : akty i kommentarii. M.: Statut, 2016. S. 118.
11. Rykov D.A. Nedejstvitel'nost' sdelok dolzhnika v dele o bankrotstve: grazhdansko-pravovye aspekty: dis. ...kand. jurid. nauk: 12.00.03 / Rykov Dmitrij Aleksandrovich I., 2018. – 185 s.
12. Ostanina E.A. Minima de malis: o restitucii pri bankrotstve Kommentarij k opredelenijam Sudebnoj kollegii po jekonomicheskim sporam VS RF ot 24.12.2015 № 303-JeS15-11427 (1) i № 303-JeS15-11427 (2) // Vestnik jekonomicheskogo pravosudija Rossijskoj Federacii, № 3/2016
13. Zakon Respubliki Pol'sha ot 22 fevralja 2003 goda «O bankrotstve i restrukturizacii» URL: https://pravo.hse.ru/data/2024/01/13/2102041336.pdf (11.07.2025).
14. Marenkov D. Germano-Rossijskaja associacija juristov, Sbornik statej o prave Germanii [Sammelband in russischer Sprache zum aktuellen deutschen Recht]. 2015. №1. URL:https://www.advant-beiten.com (11.07.2025).
15. «Insolvency regulations» (Insolvenzordnung InsO) 05.10.1994. URL: https://www.gesetze-im-internet.de/inso/ (11.07.2025).
16. Shishmareva T.P. Pravovye sredstva obespechenija jeffektivnosti procedur nesostojatel'nosti v Rossii i Germanii: dis. ...dokt. jurid. nauk: 12.00.03. Moskva. 2021. – 485 s.
17. Andrew Keay. Harmonisation of avoidance rules in European Union insolvencies: the critical elements in formulating a scheme. NILQ 69(2): 85–106.
18. Postanovlenie sudebnoj kollegii po grazhdanskim delam Vostochno-Kazahstanskogo oblastnogo suda ot 4 janvarja 2024 goda № 6399-23-00-2a/1037 Istochnik: Informacionnaja sistema «PARAGRAF".
19. Kopzhasarova S.I. Onaltu zhәne bankrottyq rәsіmіndegі boryshkerdіn mәmіlelerіn zharamsyz dep tanu negіzderі // Vestnik Karagandinskogo Universiteta. № 3(111)/2023 URL: https://doi.org/10.31489/2023L3/145-156 (11.07.2025).
20. Vtjurin V.D. Problemy primenenija zacheta v sluchae priznanija sdelki nesostojatel'nogo dolzhnika nedejstvitel'noj // Zakon i pravo. 2024. № 6. S. 113–117.
21. Belousov I. Osparivanie dogovorov darenija i obespechitel'nyh sdelok kak sdelok s neravnocennym vstrechnym predostavleniem v dele o bankrotstve // Civilistika Vypusk № 6 / nojabr'–dekabr' / 2022.
22. Egorov A.E. Restitucija po nedejstvitel'nym sdelkam pri bankrotstve // Vestnik Vysshego Arbitrazhnogo Suda Rossijskoj Federacii, № 12/2010.
23. Hamburger Kommentar zum Insolvenzrecht. 3 Aufl. 2009. § 144. Rn. 19, 21. S. 1448.
24. Lotfullin R.K. Osparivanie sdelok pri bankrotstve. 2-e izdanie, ispravlennoe i dopolnennoe. Saveliev, Batanov & Partners, 2022.