DOI: 10.51634/2307-5201_2026_1_6
УДК 340.12
Ж.С. Сандыбаев, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Мaqsut Narikbayev University, Ислам және қазақ құқығы орталығының аға ғылыми қызметкері (Қазақстан Республикасы, Астана қ.), e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.
А.К. Сабдин, Мaqsut Narikbayev University Ислам және қазақ құқығы орталығының директоры, исламтану докторанты (Қазақстан Республикасы, Астана қ.), e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.
Мақалада Ислам құқығында параның (ришуә) тыйым салынуының құқықтық және теологиялық негіздері кешенді түрде қарастырылады. Зерттеу барысында Құран аяттары, Сүннет (хадистер), сондай-ақ классикалық фиқһ ғұламаларының еңбектері мен қазіргі құқықтық нормалар талданды. Әт-Табаранидің «Әл-Кабирі», әс-Суютидің «Әд-дурр әл-мансуры», Ибн Касирдің «Әл-Бидая уә ән-Ниһаясы», Ибн Қудама әл-Мақдисидің «Әл-Муғниі», әл-Жассастың «Ахкәм әл-Қураны» және өзге де беделді еңбектерге сүйене отырып, парақорлықтың шариғаттағы құқықтық бағасы анықталды. Ислам құқығы тұрғысынан пара беруші, алушы және делдалдың барлығы күнәға да, құқықтық жауапкершілікке де тартылатыны дәлелденді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі пара алу, беру және делдалдық жасауға қатысты баптармен салыстырмалы талдау жүргізіліп, екі құқықтық жүйенің үндестігі көрсетілді. Зерттеу нәтижесінде парақорлықтың қоғамдық әділеттілікті бұзатын, билік пен халық арасындағы сенімге нұқсан келтіретін әлеуметтік дерт екені анықталды. Мақала құқықтық және теологиялық көзқарастарды ұштастыра отырып, парамен күресудің әмбебап қағидаттарын айқындайды.
Түйінді сөздер: Ислам құқығы, ришуә (пара), шариғат, хадис, Құран, фиқһ, теология, әділет, сыбайлас жемқорлық, құқықтық жауапкершілік.
Кіріспе
Парақорлық (ришуә) – адамзат өркениетінің барлық кезеңінде әлеуметтік әділеттілікке, құқықтық қатынастардың тұрақтылығына және қоғамдық сенімге қауіп төндірген келеңсіз құбылыс. Бұл құбылыс құқықтық жүйенің іргетасы болып табылатын әділдік пен теңдік принциптерін бұзып, қоғамдық қатынастардың моральдық және құқықтық тұтастығына нұқсан келтіреді. Ислам құқығы (шариғат) ришуә мәселесін тек заңдық тұрғыдан ғана емес, діни және этикалық қырынан да қарастырады. Құран мен Сүннетте параны беру мен алуға қатаң тыйым салынып, мұндай әрекет зұлымдық пен әділетсіздікке апаратын жол ретінде айыпталған.
Ғылыми әдебиеттерде пара ұғымы құқықтық категория ретінде сыбайлас жемқорлықтың көрінісі, ал қазіргі қылмыстық-құқықтық доктринада ерекше қауіпті қылмыс түрі ретінде сипатталады. Дегенмен ислам құқық теориясында (усул әл-фикһ) ришуәнің тыйым салынуы тек құқықтық нормаларға ғана емес, сонымен қатар діни-теологиялық және моральдық негіздерге сүйенеді. Бұл тұрғыда классикалық ғалымдар – Әбу Хамид әл-Ғазали, Әбу Заһра Мухаммад, Мустафа әз-Зәрқа және қазіргі заман зерттеушілері мәселені жан-жақты талдап, парақорлықтың адам мен қоғам үшін келтіретін рухани және құқықтық зардаптарын анықтаған.
Ислам құқық жүйесі мен философиясы тұрғысынан парақорлық – қоғамның рухани, этикалық және құқықтық тепе-теңдігін бұзатын ең ауыр әлеуметтік дерттердің бірі. Ол әділет (әл-әдл) және аманат (сенім мен жауапкершілік) қағидаттарына қайшы келіп, жеке мүддені қоғамдық игіліктен жоғары қою арқылы қоғамдық құрылымның үйлесімін бұзады. Ислам ілімі бойынша, пара (ришуа) – заңсыз жолмен материалдық пайда табу ғана емес, сонымен қатар адамның нәпсісін биліктің, байлықтың немесе ықпалдың құралына айналдыруы болады. Мұндай әрекет қоғамдық әділеттілік (әл-әдл әл-ижтимағи) мен құқықтық тұрақтылықты (низам) әлсіретіп, зұлымдық пен сенімсіздіктің таралуына жол ашады.
Сондықтан шариғат философиясы (мақасид аш-шариға) тұрғысынан парақорлық дінді, өмірді, ақылды, ұрпақты және мал-мүлікті қорғау сияқты бес негізгі мақсатқа тікелей қайшы келеді. Осы себепті ислам құқық жүйесі параны - құқықтық әрі діни тұрғыдан қатаң тыйым салынған (харам) әрекет деп таниды және оған жол бермеуді қоғамның құқықтық тұрақтылығы мен рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты ретінде қарастырады.
Материалдар мен әдістер
Мақалада бірқатар ғылыми әдістер кешенді түрде қолданылды. Компаративтік-құқықтық талдау әдісі арқылы Ислам құқығындағы параға қатысты нормалар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 366–368-баптармен салыстырылып, екі құқық жүйесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымдарының өзара үндестігі анықталды. Дінтанулық-теологиялық талдау барысында Құран аяттары мен хадистерге сүйене отырып, ришуәнің (параның) қатаң тыйым салынған екендігі негізделді. Бұл тұста әс-Суютидің «әд-Дурр әл-Мансур» еңбегі мен әт-Табаранидің «әл-Кабирі» негізгі теологиялық дәйектер ретінде пайдаланылды.
Сонымен қатар тарихи-құқықтық әдіс арқылы Ислам тарихындағы парақорлыққа қатысты көзқарастар зерделеніп, Ибн Касирдің «әл-Бидая уә ән-Ниһая» және Ибн әл-Әсирдің «Ән-Ниһая фи ғариб әл-хадис уәл-әсар» еңбектері негізге алынды. Аталған деректер парақорлықтың қоғамдық әділетке тигізетін ықпалына тарихи тұрғыдан баға беруге мүмкіндік берді. Бұған қоса интерпретациялық-құқықтық талдау әдісі қолданылып, фиқһ ғұламаларының еңбектеріндегі құқықтық тұжырымдар сараланды.
Мәселен, Ибн Қудама әл-Мақдисидің «әл-Муғниі» мен әл-Жассастың «Ахкәм әл-Құраны» негізінде параға тыйым салудың құқықтық және теологиялық өлшемдері айқындалды. Осы әдістердің үйлесімді қолданылуы нәтижесінде Ислам құқығындағы параға тыйым салудың құқықтық әрі теологиялық сипатының кешенді түрде ашып көрсетілуіне қадам жасалды.
Нәтижелер және оларды талқылау
Негізінде ислам құқығында пара (ришуә) сөзінің тілдік мағынасы «الرشاء – әр-рашәә» көпше түрі «أرشية – әршия» – жіп, арқан деген мағынаға саяды. Суға қол жеткізу үшін қолданылатын шелекке байланған арқанға «الرشاء – әр-рашәә» деп айтылады. Мәселен: تقطع الرشاء و سقط الدلو – арқан үзіліп, шелек (құдыққа) құлап/түсіп кетті [1, 235-б.].
«الرشاء – әр-рашәә» сөзін түсіндіру барысында оның суға қол жеткізудің құралы шелекке байланатын арқан екендігі арасында мағыналық байланыс бар. Бұған қатысты тіл ғалымдары былай дейді: «الرشاء – әр-рашәә» сөзінде арқан мен шелектің байланысып келу себебі, ол екеуі арқылы су тартып алынады. Дәл сол секілді адам заңсыз түрде пара беру арқылы қалаған нәрсесіне жеңіл қол жеткізеді.
Ал енді пара (ришуә) сөзінің терминдік мағынасына қатысты ислам құқығында бірнеше анықтама бар:
- Жеке мүдде үшін біреуге жасырын түрде берілетін ақы, ауызбастырық;
- Белгілі бір мәселе өз тарапына тиімді шешілу үшін қолында мүмкіндігі бар лауазымды адамға берілген ақша, бағалы қағаздар, мүлiктік игіліктер, мүлiкке құқық, лицензиялар, келісімдер және мүлiк сипатындағы т.б. пайда түрлері;
- Заңсыз әрекетке (әрекетсіздікке) жол берілу үшін біреуге заңсыз қамқорлық қылу, қызметке тағайындау, әкімшілік қызметтерді жеделдету немесе ұзарту, жазадан босату, жауапкершіліктен қашуға мүмкіндік жасау секілді т.б. мақсатта жеке өзі яки делдал арқылы адамдардан ақша, бағалы қағаздар, мүлiктік игіліктер, мүлiкке құқық, лицензиялар, келісімдер және мүлiк сипатындағы т.б. пайда түрiнде пара алу [2, 105-б.].
- Жалғанды ақиқат, ақиқатты жалған етіп көрсету үшін берілген зат;
- (Біреуге) әділетсіз үкім шығарту немесе (өз танысына) билік тізгінін ұстату мақсатында лауазымды тұлғаны заңсыз әрекетке (әрекетсіздікке) итермелеу арқылы оның жеке өзіне немесе делдал арқылы берілген зат [3, 87-б.];
- Біреуге әділетсіз үкім шығарту немесе қалаған нәрсеге қол жеткізу мақсатында ақиқатты жалған етіп көрсету үшін берілген зат [4, 109-б.].
Ислам құқығы саласында танымал ғалымдардың бірі Али Хайдар да «Дурәр әл-ахкәм» кітабында: «Кімде-кім сыйлық берілмейінше (жауапкершілігіндегі) жұмысты атқармаса, (алғаны) пара болып есептеледі», - деп анықтама берген [5, 112-б.]. Жоғарыдағы анықтамалар негізінде, егер мемлекеттік қызметкер заңды не заңсыз әрекетке ықпал ету мақсатында қолма-қол немесе заттай ақша алса, бұл парақорлық болып табылатынын көреміз. Демек жұмыс немесе лауазымға қол жеткізу мақсатында ұсынылған зат пара болып саналады [6, 34-б.]. Оған қоса, мәміле үшін яки тендер ұтып алу үшін берілген зат та параға жатады [7, 61-б.].
Пара алу мен пара беру және парақорлыққа делдал болу – ең қауіпті заңсыздықтардың бірі. Ислам құқығында парақорлықтың негізгі құрамы:
- Пара (ришуә) алу/сұрау (өзі үшін немесе үшінші тұлға үшін);
- Пара (ришуә) беру (тікелей немесе делдал арқылы);
- Пара алушы мен пара беруші арасында делдалдық қылуға (яғни заңсыз пайдаға қызмет көрсетуге) келісу сынды әрекеттерден тұрады.
Бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366, 367 және 368-баптарында да анық көрсетілген. Мәселен, ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша, пара алу – лауазымды адамның өз қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып немесе ықпал ету мүмкіндігін қолдана отырып, белгілі бір әрекет (немесе әрекетсіздік) жасағаны үшін өзіне не басқаға материалдық пайда (ақша, мүлік, құқық және т.б.) алуы болып табылады [8]. ҚР Қылмыстық кодексінің 367 бабында пара беруге қатысты: Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға не оған теңестірілген адамға немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға не лауазымды адамға, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамына жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беру [8]. ҚР Қылмыстық кодексінің 368 бабында парақорлыққа делдал болуға қатысты: Парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушыға және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге немесе оны iске асыруға ықпал ету [8].
Жоғарыдағы анықтамалардан байқағанымыздай пара алу әрекетіне – жауапты қызмет атқаратын әрі қолында мүмкіндігі бар адамның лауазымды қызметін қолдана отырып заңсыз әрекетке (әрекетсіздікке) жол берілу үшін немесе біреуге заңсыз қамқорлық қылу мақсатында жеке өзі яки делдал арқылы адамдардан ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде пара алуы жатады.
Пара беруші – пара алушы лауазымды тұлғаны заңсыз әрекетке (әрекетсіздікке) итермелеу арқылы оның жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беріп, өз қажетіне заңсыз қол жеткізуді көздеген адам. Парақорлыққа делдал болушы деп, пара беруші мен пара алушының ортасында жүріп, оларға пара алу мен пара беру келісіміне қол жеткізуге ықпал етуші адамды айтамыз. Негізінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексініде көрсетілген пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу туралы нормалар мен Ислам құқығындағы (фикһ және усул әл-фикһ ілімдеріндегі) ришуә (пара) ұғымының тыйым салынуы арасында мазмұндық және құқықтық ұқсастықтар айқын байқалады.
Ислам құқығы қоғамның жан-жақты кемелденуіне басты тіректің бірі ретінде адал еңбек пен әділдікке негізделген қарым-қатынас жүйесін алға тартады және қай салада болмасын парақорлыққа тыйым салады. Осы тұста айта кететін маңызды мәселенің бірі – көп жағдайда парақорлық тек мемлекеттік лауазымды тұлғаларға қатысты деп қарастырылады. Алайда ислам құқығында парақорлықтың ауқымы бұдан әлдеқайда кең. Ислам құқығында парақорлықтың ауқымы мемлекеттік лауазымды тұлғалармен шектеліп қана қоймай, жеке секторларды да қамтып өтеді. Сондықтан пара алу, пара беру немесе оған делдалдық ету фактісіне қатысқан кез келген тұлға – мейлі ол мемлекеттік қызметкер, лауазымды адам немесе жеке кәсіпкер болсын – ислам құқығының нормалары бойынша құқықтық тұрғыдан құқық бұзушы (мухалиф ли әш-шариға), ал теологиялық және этикалық тұрғыдан күнәһар (әсим) болып табылады. Мұндай әрекет шариғаттың әділет (әл-‘адл), адалдық (әс-сидқ) және аманат (сенім мен жауапкершілік) қағидаттарына қайшы келетін, қоғамдық және моральдық тәртіпті бұзатын құқықтық және діни сипаттағы құқықбұзушылық ретінде бағаланады. Мәселен, бұл жағдайды жекеменшік ұйымның жабдықтаушысы (снабженец) мысалында қарастыруға болады. Ислам құқығының тұрғысынан мұндай тұлға сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне төменде көрсетілген құқыққа қайшы схемалар арқылы жол беруі мүмкін:
- Жеткізушіден (поставщик) сыйақы талап ету
Жабдықтаушы (снабженец) белгілі компаниямен жұмыс істей алуы үшін жеткізушіден ақшалай не басқа да мүлік түрінде сыйақы талап етеді. Керісінше жағдайда жеткізуші мені таңдағаныңыз үшін деп) жабдықтаушыға сыйақы береді. Бір сөзбен айтқанда жеткізуші сыйақы берумен басқалардың мүмкіндігін шектеп, жабдықтаушының қызметін өз мүддесіне сатып алады.
Тауар мен қызмет құнын нарықтағы бағадан артық көрсету
Жабдықтаушы мен жеткізуші арасында жасалған келісімшарт барысында фирмаға қажетті тауардың құны әдейі нарықтық бағадан жоғары етіп көрсетіледі. Ал нақты нарықтық баға мен келісімшарттағы көрсетілген баға арасындағы айырмашылық жасырын қайтарым (паралық үлес) ретінде бөлінеді. Мұндай қайтарым қолма-қол ақша түрінде, делдал фирмалар арқылы аударым жасау, сыйлық беру, шетелге демалыс жолдамасын ұсыну немесе өзге де материалдық игіліктер түрінде жүзеге асуы мүмкін.
Ислам құқығының нормаларына сәйкес, мұндай әрекет қаржылық айла-шарғы мен сенімге қиянат жасауға жатады және пара (ришуә) ретінде бағаланып, діни-этикалық әрі құқықтық тұрғыдан қатаң тыйым салынған (харам) іс болып саналады;
Тауардың бағасы мен сапасын әдейі алмастыру – сыбайлас сипаттағы құқықбұзушылықтардың кең тараған түрлерінің бірі. Бұл жағдайда келісімшарт пен бухгалтерлік құжаттарда қымбат әрі сапалы материал көрсетілгенімен, іс жүзінде арзан және сапасыз өнім жеткізіледі. Нарықтық және келісімшарттық құн арасындағы айырмашылық жасырын қайтарым (паралық үлес) ретінде тараптар арасында бөлінеді.
Мұндай әрекет экономикалық алаяқтық пен қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану нышандарын қамтып, тапсырыс берушіні материалдық шығынға ұшыратады және келісілген сападағы өнім алу құқығын бұзады. Ислам құқығы тұрғысынан бұл – алдау (ғишш) және зұлымдық (зулм) ұғымдарының көрінісі болып, әділ сауда мен аманат принциптерін бұзатын қатаң тыйым салынған (харам) әрекет ретінде саналады.
Жеткізу мерзімін әдейі бұрмалау және келісімшарттық жауапкершіліктен жалтару – қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану арқылы жасалатын парақорлықтың жасырын түрі болып табылады. Бұл жағдайда лауазымды тұлға немесе материалдық жауапты қызметкер құжаттарда тауардың мерзімінде жеткізілгенін жалған түрде көрсетеді не керісінше, жеткізушіден кешігу фактісін жасыру үшін пара алады.
Мұндай әрекет келісімшарттық міндеттемелердің бұзылуына, экономикалық шығынның туындауына және жалған есептілікке жол ашады. Құқықтық тұрғыдан ол пара алу және қызметтік жалғандық жасау құрамдарын біріктіреді, ал ислам құқығы көзқарасынан - алдау (тағрир) мен қиянат (хиянә) ұғымдарына сәйкес келетін, аманатқа қиянат және әділдік қағидатына қайшы келетін харам іс-әрекет болып саналады.
Жалған тендер ұйымдастыру және жеткізушіні заңсыз артықшылыққа ие ету – парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың күрделі нысандарының бірі болып табылады. Мұндай жағдайда жабдықтаушы ресми конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен әділдігін әдейі бұрмалап, жалған тендер ұйымдастырады немесе бәсекелестерге тең мүмкіндіктер бермей, өзіне ыңғайлы жеткізушіні таңдайды.
Көп жағдайда мұндай жеткізуші – жеке танысы немесе алдын ала келісілген фирма болып, жабдықтаушы сол үшін заңсыз сыйақы (пара) алады. Бұл әрекет мемлекеттік сатып алу саласындағы бәсекелестікті шектеу, әділдік принципін бұзу, әрі қоғамдық мүддеге нұқсан келтіру сипатында бағаланады.
Құқықтық тұрғыдан ол пара алу мен қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану құрамдарын қамтиды, ал ислам құқық жүйесінде мұндай іс-әрекет әділетсіз мәміле (ғиш) мен алдау (тағрир) ретінде қарастырылып, қоғамдық сенім мен аманат қағидасына қайшы келетін ауыр күнә деп есептеледі.
Аталған мәселеге қосымша мысал ретінде емтихан барысында жоғары баға қою мақсатында ұстаз тарапынан студенттерден пара немесе сыйақы алу әрекетін де келтіруге болады. Мұндай іс-әрекет білім беру саласындағы адалдық пен әділдік қағидаттарын өрескел бұзатын құқықбұзушылық ретінде бағаланады.
Ислам құқық жүйесінде бұл құбылыс тек заңсыз табыс (мәл әл-харам) ретінде ғана емес, сонымен қатар аманатқа қиянат жасау, әділетсіздікке жол беру және қоғамдық сенімге нұқсан келтіру сипатындағы ауыр моральдық және діни қылмыс болып саналады.
Шариғат нормаларына сәйкес, мұндай әрекеттер құқықтық тұрғыдан қатаң тыйым салынған (харам) және этикалық әрі теологиялық тұрғыдан опасыздық пен әділетсіздікке тең деп есептеледі, себебі ол білімнің қадірін түсіріп, әділет пен еңбектің құнын бұрмалайды.
Ислам құқықтанушылары Құран мен Сүннет, ижмағ және логикалық дәлелдерге сүйене отырып параның қатаң тыйым салынған (харам) екендігіне бір ауыздан келіскен. Себебі Құранда:
وَلَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُوا بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُوا فَرِيقًا مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالْإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ
«Бір-біріңнің мал-мүлкін (ұрлау, тонау, жемқорлық, қиянат жасау, өсім белгілеу және құмар ойындары секілді) харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ оларды (яғни мал-мүліктеріңді) өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың мал-дүниесінің бір парасын біліп тұрып күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар», – деп параға тиым салынған [9, 2:188].
Әр-Рази (1150-1210) аятты тәпсірлеу барысында бірнеше бағытты баяндай келе: «...аятта халық қазынасына қол сұғу немесе көпшіліктің ақысын жеу секілді арам пиғылмен басшыларға пара бермеңдер деген үкім бар», – деп түсіндіреді [10, 103-б.]. Имам Қуртуби (1204-1273) да аяттың бірнеше мағынаны қамтитындығын алға тартып: «Сендер билеушілерді ақшамен күтесіңдер. Алайда мақсаттарың – пара беру арқылы одан да көп ақшаға ие болу» деп тәпсірлеген [11, 128-б.].
Ибн Атияның (1088 – 1146) пікірінше, Имам Қуртубидің параға қатысты түсіндірмесі орынды, өйткені басшылар арасында пара алу қаупі өте жоғары, ал Алланың қорғауымен нәпсісін тізгіндей алған санаулы адамдар ғана мұндай күнәдан аман қалады. Ол «ришуә» (пара) сөзінің түбірі «ришәә» – қауға шелектің жібі деген сөзден шыққанын атап өтеді. Адам қауғаны суды алу үшін пайдаланғаны сияқты, пара да адам өз мұқтажын өтеу үшін қолданатын құрал іспетті. Осыған сүйене отырып, Ибн Атия параны – қажеттілік кезінде пайда табу мақсатында жасалатын әрекет деп түсіндіреді [12, 247-б.].
Сүннетте де параның (ришуә – харам) қатаң тыйым салынған екендігіне айқын дәлелдер келтірілген. Мысалы, Амр ибн әл-Ас есімді сахаба риуаят еткен хадисте былай делінеді:
لعن الله الراشي والمرتشي والرائش
«Алла Тағала пара берушіні, пара алушыны және арадағы делдалды лағынеттеді» [13,103-б.]. Риуаят етілген келесі бір хадисте:
الرَّاشي والمُرتَشي في النارِ
«Параны берген де, алған да тозақы» делінген [14, 24-б.]. Хадис мәтіндері пара берген және пара алған кісі мен араларында делдалдық қылушының лағынетке лайық болатындығын көрсетеді. Лағынет – Алланың рақымынан алыстау деген сөз. Алланың рақымынан алыстау – үлкен күнәлар себепті орын алады. Бұл өз кезегінде параның үлкен күнә әрі қатаң тыйым салынған (харам) екендігіне тағы бір дәлел [15, 129-б.].
Әбу Хумәйд әс-Сағиди жеткізген хадисте былай делінеді:
اسْتَعْمَلَ رَسولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وسلَّمَ رَجُلًا مِنَ الأسْدِ، يُقَالُ له: ابنُ اللُّتْبِيَّةِ علَى الصَّدَقَةِ، فَلَمَّا قَدِمَ قالَ: هذا لَكُمْ، وَهذا لِي، أُهْدِيَ لِي، قالَ: فَقَامَ رَسولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وسلَّمَ علَى المِنْبَرِ، فَحَمِدَ اللَّهَ، وَأَثْنَى عليه، وَقالَ: ما بَالُ عَامِلٍ أَبْعَثُهُ، فيَقولُ: هذا لَكُمْ، وَهذا أُهْدِيَ لِي، أَفلا قَعَدَ في بَيْتِ أَبِيهِ، أَوْ في بَيْتِ أُمِّهِ، حتَّى يَنْظُرَ أَيُهْدَى إلَيْهِ أَمْ لَا؟ وَالَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بيَدِهِ، لا يَنَالُ أَحَدٌ مِنكُم منها شيئًا إلَّا جَاءَ به يَومَ القِيَامَةِ يَحْمِلُهُ علَى عُنُقِهِ بَعِيرٌ له رُغَاءٌ، أَوْ بَقَرَةٌ لَهَا خُوَارٌ، أَوْ شَاةٌ تَيْعِرُ، ثُمَّ رَفَعَ يَدَيْهِ حتَّى رَأَيْنَا عُفْرَتَيْ إبْطَيْهِ، ثُمَّ قالَ: اللَّهُمَّ، هلْ بَلَّغْتُ؟ مَرَّتَيْنِ
Алланың елшісі Абдулла ибн Лутбияны зекет жинау қызметіне тағайындайды. Бір күні Абдулла ибн Лутбия зекет жинап келеді де: «Мынау сендерге, ал бұл маған сыйлыққа берілді» деп, өзіне берілген сыйлықтарды көрсетеді. Мұны естіген пайғамбар мінберге шығып Аллаға мақтау мен мадақ айтады және былай дейді: Алла Тағала тапсырған істерге кейбір адамдарды жауапты қыламыз. Кейін олардың бірі келіп: «Мынау сендерге, ал бұл маған сыйлыққа берілді» дейді. Мұнысы ақиқат болса сыйлығы келгенше әкесінің не анасының үйінде (қол қусырып) отырмай ма?! Жаным құзырында болғанмен ант етемін! Кімде-кім өз ақысына тиесілі болмаған бір затты алатын болса, Қиямет күні мойнына боздаған түйе немесе мөңіреген сиыр не маңыраған қой артып келеді» деді де, екі қолын қолтықтары көрінгенше көтеріп: «Уа, Жаратқан Ием! Жеткіздім бе?» деп үш қайтара айтты [16, 285-б.].
Біріншіден, айтылмыш хадис Имам Муслимнің сахих жинағында «Жауапты қызметшіге берілген сыйлықтың харам» екендігін баяндайтын тақырып аясында қарастырылған.
Екіншіден, бұл жағдайда сыйлықтың қатаң тыйым салынған (харам) деп танылуының басты себебі – оның жауапты қызмет атқаратын тұлғаға берілуімен түсіндіріледі. Абдулла ибн Лутбияның мысалында көрсетілгендей, мемлекеттік міндеттерді атқарушы тұлғаның сыйлық қабылдауы оның лауазымдық мәртебесіне байланысты шариғат тұрғысынан да, құқықтық тұрғыдан да рұқсат етілмейді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғаларға, сондай-ақ жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын қызметкерлерге өз қызметтік өкілеттіктерін орындауға байланысты жеке немесе заңды тұлғалардан сыйақы алуға тыйым салынады. Мұндай сыйақылар көбіне «сыйлық» атауымен жасырын түрде берілуі мүмкін және олар ақшалай төлемдер, банктік аударымдар, мүліктік сипаттағы қызметтер, демалыс немесе жолақы шығындарын өтеу сияқты нысандарда көрініс табады. Бұл, өз кезегінде, параның жасырын түрі ретінде бағаланып, Ислам құқығы мен ұлттық заңнама тұрғысынан бірдей дәрежеде тыйым салынған әрекет болып есептеледі.
Негізінде, шариғатта риясыз (таза ниетпен) берілетін сыйлық пен қызметтік мүдде көзделген сыйақы түріндегі пара арасында айқын айырмашылық бар. Егер сыйлық беру әрекеті жауапты лауазымдық міндеттермен немесе қызметтік өкілеттіктермен байланысты болмаса, яғни адамдар арасында өзара құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру мақсатында жасалса, мұндай сыйлық шариғи тұрғыдан рұқсат етілген әрі мұстахаб (мадақталған) амал болып табылады. Бұл қағида Пайғамбардың: «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер – араларыңда сүйіспеншілік оянсын», – деп айтылған хадисінде де көрініс табады [16, 297-б.]. Осылайша, Ислам құқық жүйесінде сыйлықтың үкімі оның берілу ниетіне және әлеуметтік-қызметтік контекстіне тікелей байланысты қарастырылады. Риясыз сыйлық рухани және қоғамдық байланыстарды нығайтудың құралы болса, ал қызметтік мақсатта берілген сыйлық немесе пара – құқықтық және этикалық тұрғыдан тыйым салынған әрекет ретінде бағаланады.
Үшіншіден, хадис мәтінінде Абдулла ибн Лутбияның өзіне қызметтік міндетін атқару барысында берілген дүниені «сыйлық» ретінде қабылдағаны баяндалады. Алайда Мұхаммед пайғамбар бұл түсінікті теріске шығарып, мұндай «сыйлықтың» шын мәнінде қызметтік өкілеттікті жеке мүддеге пайдалану мақсатында берілген пара сипатына ие екенін нақты көрсеткен. Яғни, мұндай сыйақы – сыйлық формасында жасырылған пара болып табылады. Пайғамбар бұл тұрғыда сыйлықтың шынайы мәнін түсіндіріп, адамның өз қызметі мен лауазымына байланысты емес, риясыз түрде берілген сыйлық қана адал саналатынын ескерткен: «Егер бұл сыйлық расымен өзіне тиесілі болса, онда неге ол әкесінің немесе анасының үйінде (қызмет атқармай-ақ) отырып, сол сыйлықтың келуін күтпейді?» – деп айтқан. Бұл хадис қызметтік өкілеттік пен жеке мүддені ажырату қажеттігін, сондай-ақ сыйлық нысанындағы параның этикалық әрі құқықтық тұрғыдан қатаң тыйым салынғанын айқын дәлелдейді.
Шын мәнінде, егер Абдулла ибн Лутбия ешқандай мемлекеттік немесе әкімшілік қызмет атқармай, өз үйінде (ата-анасының жанында) отырған болса, оған мұндай сыйлықтар берілмес еді. Бұл жағдайдың өзі аталған сыйлықтардың шынайы сый емес, қызметтік өкілеттіктерін пайдаланғаны үшін көрсетілген материалдық ықылас, яғни пара екенін айғақтайды. Демек, мұндай сыйлықтардың түпкі мәні – жеке пайда мен белгілі бір мүддені көздеу болып табылады.
Төртіншіден, хадис мәтіні қызметтік қатынастар шеңберінде берілетін сыйлықтарға қатысты нақты құқықтық және этикалық өлшем орнатады. Мұнда заттай немесе ақшалай сыйақылар, сондай-ақ мүліктік сипаттағы өзге де игіліктерді қабылдау лауазымды тұлғалар үшін қатаң түрде тыйым салынған әрекет ретінде қарастырылады. Бұл қағида қазіргі заманғы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық нормаларымен де үндес келеді, себебі ол қызметтік адалдық пен қоғамдық сенім қағидатын қорғауға бағытталған.
Әбу Хумәйд ас-Сағиди және Жәбир ибн Хасан жеткізген бірнеше риуаяттарда билік өкілдері мен әкімдерге ұсынылатын сыйлықтардың «ғулул» - яғни жасырын түрде алынған заңсыз мүлік ретінде бағаланатыны айқын көрсетілген [17, 314-б.]. Мұндай анықтама Ислам құқықтық дәстүрінде лауазымдық өкілеттікті жеке мүдде үшін пайдалануға бағытталған кез келген сыйлық түрін сыбайлас жемқорлықтың көрінісі ретінде тануға құқықтық және моральдық негіз қалайды. Бұл хадистердің мазмұны билік иелерінің адалдығы мен қоғамдық сенімді сақтау қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық-нормативтік ұстаным ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар Әбу Умама жеткізген хадисте пара алу әрекетінің шариғи тұрғыдан ауыр құқықбұзушылық екендігі нақты айқындалады. Онда: «Кімде-кім қылмыс жасаған мұсылман бауырына араша түсіп, сол үшін сыйақы қабыл етсе, рибаның есіктерінің бірін ашқан болады» [18, 216-б.] деп баяндалған. Бұл хадис пара алудың зұлымдыққа қолдау көрсету және әділеттілік принципін бұзу ретінде бағаланатынын көрсетеді.
Сондай-ақ, Ибн Масғұдтың құқықтық түсіндірмесінде пара алудың үкімі «күпірлік» деп сипатталған. Ал фиқһтық дәстүрде мұндай заңсыз табыс «сухт» - яғни арам жолмен келген мүлік ретінде танылады [19, 118-б.]. Тағы бір деректе Ибн Масғұд: «Сухт – арам мал және пара» [20, 97-б.] деп нақтылаған. Бұл тұжырымдар Ислам құқығында параны қабылдауды моральдық және құқықтық тұрғыдан ең ауыр тыйымдардың бірі ретінде бекітетінін дәлелдейді.
Ислам тарихында әділдігімен ерекшеленген Омар ибн әл-Хаттаб (585-644) дәуірінде мемлекеттік басқару мен қоғамдық әділеттілікті сақтау мәселесі айрықша назарда болған. Осы тұрғыда Ибн Омардан Табари жеткізген риуаятта Мұхаммед пайғамбар:
- Сухттан өсіп-жетілген әрбір дене үшін тозақ оты анағұрлым лайықты» деп ескерткен. Сахабалардың бірі:
- Сухт деген не? деп сұрағанда, Мұхаммед пайғамбар:
- Бұл – биліктің пара алуы – деп нақтылаған. Кейін Ибн Омар өз сөзінде: «Адамдардың сухттан (арам табыстан) жейтін екі есігі бар: біріншісі – биліктегі пара, екіншісі – зина жасаушыға берілген ақы» деп түсіндірген [21, 145-б.].
Аталған деректер Ислам құқықтық жүйесінде парақорлықтың тек заңсыз мүліктік әрекет емес, сонымен қатар адамгершілік және қоғамдық тәртіпті бұзуға әкелетін ауыр құқықтық-этикалық қылмыс екенін дәлелдейді. Хадистер мазмұны билік өкілдері мен қызмет иелерінің әділеттіліктен ауытқуына, жеке мүддені қоғам мүддесінен жоғары қоюына себеп болатын парақорлықтың құқықтық және рухани тұрғыдан тыйым салынғанын айқындайды.
Осыған сәйкес, пара алу немесе беру әрекеті Ислам құқығында ауыр күнә саналып, қоғамдық сенім мен әділдік принциптерін бұзудың көрінісі ретінде бағаланады. Мұндай әрекеттердің түпкі салдары – әділ басшының әділетсіз әрі опасыз тұлғаға айналуы, яғни билік пен қоғам арасындағы құқықтық және моральдық тепе-теңдіктің бұзылуы болып табылады. Бұл ұстаным Ислам құқық жүйесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидаттарының өзегін құрап, қоғамдағы әділет пен адалдықтың сақталуына құқықтық және этикалық кепілдік береді.
Парақорлық – құқықтық және этикалық тұрғыдан қоғамның әділдік принциптерін бұзатын, тұлғаны заңсыз әрекеттерге итермелейтін қауіпті құқықбұзушылық түрі болып табылады. Ол билік пен сенім иелерінің бейтараптық пен адалдық қағидаттарынан ауытқуына себеп болып, қоғамдық қатынастардың моральдық және құқықтық негізін әлсіретеді.
Бұл мәселеге қатысты тарихи деректердің бірі ретінде Омар ибн Абдулазизге қатысты оқиға мысал бола алады. Риуаяттарда баяндалғандай, ол Шам өңіріне сапары кезінде бір кісіден сыйлық ретінде алма қабылдайды. Алайда ол алманы тек иіскеп көргеннен кейін, сыйлықты қабылдаудан бас тартып, оны иесіне қайтарып беру туралы нұсқау береді:
- Беріп жіберген кісіге алғысымды білдіріңдер және алмасын ала алмайтынымды жеткізіңдер, – дейді.
Амр ибн Қайс деген кісі бұған таңырқап:
- Уа, мүміндердің әміршісі! Алланың елшісі де өзіне жіберілген сыйлықты қабыл алмаушы ма еді? Сіз мұны білмедіңіз бе? – деп сұрайды. Сонда Омар ибн Абдулазиз:
- Сыйлық Алланың елшісіне берілді және ол риясыз таза сыйлық болатын. Ал бүгінгі таңда бізге келетін сыйлықтар пара есебінде беріледі, – деп жауап қатады [22, 241-б.].
Айтылмыш хадис мәтіндері мен оқиға басшылық қызметтегі адамға қарамағындағы қызметкерден сыйлық алудың тыйым салынатын іс екендігіне айғақ. Ислам нормасына сай бұл әрекет – жемқорлық әрі арам табыс түріне жатады. Мұндай тыйым кез келген қаржылық мохинацияның алдын алу үшін қойылған. Сыйлық әдетте басшылық қызметтегі адамға оның көңілін табу немесе әділетсіз шешім қабылдату мақсатында беріледі. Сондықтан пара есебінде жүреді [23, 128-б.].
Ислам құқық жүйесінде пара алу мен берудің үкімі Құран мен Сүннет мәтіндеріне сүйене отырып анықталады. Бұл қайнар көздерді талдау нәтижесінде пара алу мен беру әрекеттері шариғат тұрғысынан қатаң тыйым салынған (харам) болып табылатыны, ал сенімдік тұрғыдан үлкен күнә ретінде бағаланатыны айқындалды.
Аталған екі негізден кейін Ислам құқық жүйесіндегі маңыздылығы жағынан үшінші дереккөз – ижмағ ерекше орын алады. Ижмағ (араб. إجماع – бірауыздан келісу) – белгілі бір мәселе жөнінде Мұхаммед пайғамбардан (ﷺ) кейін өмір сүрген ислам ғұламаларының бірауыздан ортақ пікірге келуін білдіретін шариғи дәлел көзі. Ижмағ құқық нормаларының тұрақтылығын, құқықтық шешімдердің бірізділігін және қоғамдағы әділдік пен тәртіпті қамтамасыз етуді көздейді.
Парақорлыққа қатысты ижмағ ғұламаларының барлығының ортақ шешіміне негізделіп, оның заңсыз әрі шариғатқа қайшы әрекет екендігін түбегейлі бекітеді [24, 385-б.]. Мәселен, фиқһ ғалымы Ибн Абидин бұл жөнінде: «Мұрагерлерге парадан жиналған ақшаны алуға болмайды» – деп тұжырымдаған [25, 73-б.]. Ал Зәйләғи өз еңбектерінде: «Мұрагерлер ондай мүліктен бас тартып, ешнәрсе алмауы тиіс. Бұл – олар үшін игі іс. Егер мүмкін болса, алынған параны иесіне қайтарады немесе садақа ретінде таратады» – деп атап өткен [26, 142-б.].
Мұндай бірауызды келісім Ислам құқығында парақорлықтың тек қана материалдық заң бұзушылық емес, сонымен қатар діни және этикалық жауапкершілікке алып келетін ауыр құқықтық-синтетикалық қылмыс екендігін дәлелдейді. Осылайша, ижмағ парақорлықтың үкіміне қатысты Құран мен Сүннетте бекітілген қағидаларды нақтылап, шариғи жүйенің тұтастығын қамтамасыз ететін құқықтық негіз ретінде қызмет атқарады.
Парақорлық – адамдардың ақысын жеу, оларға қиянат жасау, әділетсіздік қылу, опасыздық таныту. Парақорлық – қоғам ішін құртша кеміретін үлкен дерт. Оның тамыр жаюы мәдениетке, экономика мен саясатқа, қорғаныс және қауіпсіздік салаларына зардабын тигізіп қана қоймай, құндылықтар мен моральдық принциптердің құлдырауына, адам құқықтарының аяқ асты етілуіне әкеліп соғады. Басқаша айтқанда, парақорлық тамыр жайған қоғамды әділетсіздік жайлайды, құқықтық жүйе әлсіреп, өркениеттілік пен мәдени деңгей құлдырайды. Әлеуметтік, экономикалық және саяси салалар жан-жақты деградацияға ұшырайды. Сол үшін де ислам құқығы арам табыстың барлық түріне – оның жолы қандай болса да – түбегейлі қарсы. Себебң бұл: қоғамда сенімсіздік пен әділетсіздік тудырады, адамның руханияты мен ар-ожданын кірлетеді және ақыретте ауыр сұрақ пен азапқа себеп болады. Мәселен мемлекет тарапынан жалақы алатын қатардағы не лауазымды қызмет иесі, қылған қызметін міндетсіп халықтан (пара ретінде) ақша талап етсе, адамдар арасында әділетсіздік, пайдакүнемдік, жауыздық, халық қаржысының ысырап етілуі белең алады.
Қорытынды
Жүргізілген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ислам құқығында параның (ришуә) тыйым салынуы тек құқықтық шектеулермен шектелмей, терең теологиялық және моральдық негіздерге сүйенеді. Құран аяттары, Мұхаммед пайғамбардың хадистері және сахабалардың ижмағы және т.б деректер ришуәні қоғамдағы әділет пен теңдікті бұзатын, әлеуметтік құрылымның тұрақтылығына нұқсан келтіретін ауыр қылмыс ретінде сипаттайды. Бұл ұстаным ислам құқық жүйесінің құқықтық нормалары мен моральдық қағидаттарының өзара байланыста қалыптасқанын дәлелдейді. Осы тұрғыда классикалық ғалымдар – әт-Табарани, әс-Суюти, Ибн Касир, Ибн әл-Әсир, Ибн Қудама, әс-Санғани, әл-Жассас және Ибн Абидин еңбектерінде ришуә әрекеті қоғамдағы зұлымдық пен әділетсіздіктің бастауы ретінде қарастырылып, оның діни-этикалық және құқықтық тұрғыдан айыпталатыны жүйелі түрде негізделген.
Аталған дереккөздер мен көзқарастарды талдау нәтижесінде ислам құқығындағы параға тыйым салудың ерекшелігі оның тек заң бұзушылыққа қарсы шара ретінде емес, сонымен бірге адам мінез-құлқы мен қоғамдық қатынастарды реттейтін әмбебап моральдық-құқықтық қағида ретінде танылатыны айқындалды. Бұл қағида жеке тұлғаның ішкі рухани тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы сенім, әділет және жауапкершілік ұстанымдарын орнықтыруға бағытталған. Мұндай әдіс ислам құқығын тек нормативтік жүйе емес, сонымен бірге моральдық тәртіпті сақтауға арналған тұтас өркениеттік жүйе ретінде танытады.
Қазіргі заман тұрғысынан қарағанда, ислам құқық философиясындағы параға қарсы ұстанымдар заманауи құқықтық мәдениетпен өзара үндестік табады. Парақорлықтың таралуы билік пен байлықтың заңды айналымына нұқсан келтіріп, әлеуметтік теңсіздік пен моральдық азғындықты күшейтеді. Нәтижесінде құқық үстемдігі әлсіреп, адамгершілік қағидаттар өз маңызын жоғалтады. Исламдық көзқарас мұндай құбылысты тек қылмыстық құқықбұзушылық емес, сонымен қатар рухани дерт, яғни жүректің әділдік пен ықыластан айрылуы ретінде бағалайды.
ҚР Қылмыстық кодексіндегі парақорлыққа қатысты баптар мен Ислам құқығының нормалары арасында мәндік және қағидалық ұқсастық жоғары: екеуі де билік өкілеттігін жеке пайда үшін пайдалану мен қоғамдағы әділеттілік принципін бұзуға жол бермейді. Алайда Ислам құқығында бұл мәселе тек қылмыстық-құқықтық деңгейде ғана емес, сонымен қатар рухани және этикалық категория ретінде қарастырылып, адам мен қоғамның моральдық тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған әмбебап норма болып табылады.
Осыған сәйкес, ислам құқық жүйесінде парақорлық – құқықтық әрі діни тұрғыдан қатаң тыйым салынған (харам) іс-әрекет, ал оған жол бермеу – құқықтық міндет қана емес, сонымен бірге рухани және моральдық жауапкершілік болып табылады. Мұндай тұжырым қоғамдағы сенім мен әділеттілікті сақтау арқылы Құдайдың белгілеген құқықтық және моральдық тәртібін қорғауға бағытталған. Демек, ришуәге қарсы исламдық құқықтық-теологиялық қағидаттар қазіргі қоғам үшін де өзектілігін сақтап, құқық пен адамгершіліктің өзара үйлесімін қамтамасыз етудің теориялық және практикалық негізін құрайды.
Ж.С. Сандыбаев, Главный научный сотрудник Центра исламского и казахского права при Мaqsut Narikbayev University, кандидат философских наук, ассоцированный профессор (Республика Казахстан, г. Астана); А.К. Сабдин, Руководитель Центра исламского и казахского права при Мaqsut Narikbayev University, докторант исламоведения (Республика Казахстан, г. Астана): Правовые и теологические основы запрета взяточничества (ришуә) в исламском праве.
В статье комплексно рассматриваются правовые и теологические основы запрета взяточничества (ришва) в исламском праве. В исследовании анализируются аяты Корана, хадисы Пророка, а также труды классических ученых фикха и современные правовые нормы. На основе трудов ат-Табарани («Аль-Кабир»), ас-Суюти («Ад-дурр аль-мансур»), Ибн Касира («Аль-Бидая ва ан-Нихая»), Ибн Кудамы аль-Макдиси («Аль-Мугни»), аль-Джассаса («Ахкам аль-Куран») и других авторитетных источников определяется правовая оценка взяточничества в шариате. С точки зрения исламского права как дающий, так и получающий взятку, равно как и посредник, несут греховную и правовую ответственность. Проведен сравнительный анализ с нормами Уголовного кодекса Республики Казахстан, регулирующими получение, дачу и посредничество во взяточничестве, выявлены точки соприкосновения двух правовых систем. В результате исследования показано, что взяточничество разрушает общественную справедливость и подрывает доверие между властью и народом. Статья объединяет правовые и теологические подходы, выявляя универсальные принципы борьбы с коррупцией.
Ключевые слова: Исламское право, ришва (взятка), шариат, хадис, Коран, фикх, теология, справедливость, коррупция, правовая ответственность.
Zh.S. Sandybaev, Senior Researcher of the Center for Islamic and Kazakh Law at Maqsut Narikbayev University, сandidate of Philosophical Sciences Associate Professor (Astana, Republic of Kazakhstan); A.K. Sabdin, Supervisor of the Center for Islamic and Kazakh Law at Мaqsut Narikbayev University, doctoral student in Islamic studie (Astana, Republic of Kazakhstan): Legal and Theological Foundations of the Prohibition of Bribery (Rishwa) in Islamic Law.
This article provides a comprehensive study of the legal and theological foundations of the prohibition of bribery (rishwa) in Islamic law. The research analyzes Qur’anic verses, Prophetic hadiths, as well as the works of classical jurists and contemporary legal norms. Relying on authoritative sources such as al-Tabarani’s al-Kabir, al-Suyuti’s al-Durr al-Mansur, Ibn Kathir’s al-Bidaya wa al-Nihaya, Ibn Qudama al-Maqdisi’s al-Mughni, and al-Jassas’s Ahkam al-Qur’an, the article determines the legal assessment of bribery within the framework of Sharia. From the perspective of Islamic jurisprudence, both the giver and the receiver of a bribe, as well as the intermediary, bear moral sin and legal liability. A comparative analysis with the Criminal Code of the Republic of Kazakhstan, which regulates the acts of receiving, giving, and mediating bribes, demonstrates significant parallels between the two legal systems. The study concludes that bribery undermines social justice and erodes trust between government and society. By integrating legal and theological perspectives, the article identifies universal principles for combating corruption.
Keywords: Islamic law, rishwa (bribery), Sharia, Hadith, Qur’an, Fiqh, theology, justice, corruption, legal responsibility
Қолданылған әдебиеттер:
1. Муғжам әл-Араб. Қаһира. Дар ән-Надуа, 1989. – 459 б.
2. Әт-Тағрифәт ли әл-Журжәни. Бейрут. Дәр әл-мағрифа, 1-басылым, 2007 ж., 325 б.
3. Ибн Хазм. Әл-Мухаллә би әл-әсәр. Бейрут. Дәр әл-фикр. 1997. – 205 б.
4. Әл-Маусуға әл-фиқһия, әл-кувейтия. Уизәра әл-ауқаф уә әш-шуун әл-исләмия. Кувейт. Дар әл-Кәләм, 2001. – 374 б.
5. Али Хайдар. Дурәр әл-хуккәм шарх мәжәллә әл-ахкәм. Димашқ. Дәр әл-джил, 1997. – 238 б.
6. Доктор Али әт-Таһтауи. Әл-Фәтәуә ән-нәдия фи әл-фарқ бәйнә әр-ришуә уә әл-һәдия. Кувейт. Дәр әл-кутуб. 2003. – 337 б.
7. Доктор Усәмә әс-Сәйид. Әл-Фәсәд әл-иқтисад уә әсәруһу алә әл-мужтәмағ. Искандария, Дәр әл-Жәмиға әл-Жәдидә, 2009 ж. – 261 б.
8. ҚР Қылмыстық Кодексi 2014 жылғы 3 шiлдедегі № 226-V. URL: https://kodeksy-kz.com/ugolovnyj_kodeks. (10.07.2025).
9. Жаңа Құран. URL: https://kuran.kz (10.07.2025).
10. Фахр әд-дин әр-Рази. Мәфәтих әл-ғайб. Қаһиро. Дәр әл-Фикр, 2005. – 364 б.
11. Әл-Қуртуби. Әл-Жамиғ ли ахкәм әл-Қуран әл-Кәрим. Искандария, әл-Илм. 1999. – 386 б.
12. Әбу Бәкр Ғалиб. Аль-Мухаррар аль-ваджиз фи тафсир аль-Китаб аль-Азиз. Қаһиро, әл-Қалам. 2002. – 421 б.
13. Джами ат-Тирмизи. Истанбул. Дар ән-Нәдва, 1986. 1.Т.– 502 б.
14. Әт-Табарани. Әс-Сағир. Димашқ, Әл-Һуда. 1974. 1.Т – 489.
15. Әс-Санғани. Субуль әс-Сәләм. Бейрут, Дәр әл-фикр. 2003. – 406 б.
16. Сахих әл-Бұхари. Истанбул. Дар ән-Нәдва, 1998. 2.Т.– 574 б.
17. Аш-Шаукани. Нейль әл-Атуар. Қаһира, Ән-Нәшр. 1987. – 384 б.
18. Әбу Дәуіт. Сунән. Кувейт. Дәр әл-кутуб. 2001. – 557 б.
19. Әл-Бәйһақи. Сунән әл-Кубра. Истанбул. Яиневи, 1996. 10. Т.– 402 б.
20. Ибн Кәсир. Тәфсир әл-Қуран әл-азым. Бейрут, Дәр әл-кутуб әл-илмия. 2002. 2.Т. – 256 б.
21. Әс-Суюти. Әд-дурр әл-мансур. Қаһиро. Дәр әл-Фикр, 2001. 2. Т. – 454 б.
22. Ибн Касир. Әл-Бидая уә ән-ниһая. Бейрут, Дәр әл-кутуб әл-илмия. 2000. – 360 б.
23. Ибн Қудама әл-Мақдиси. Әл-Муғни. Халаб. Толиб әл-Ильм, 1997. 674 б.
24. Әс-Санғани «Субуль әс-Сәләм», 4/1403; Әл-Жассас «Ахкәм әл-Қуран», 2/607.
25. Хәшия Ибн Абидин. Матбаға Иса әл-Бәби әл-Хәлби. Қоһира. Мактаб, 1976 ж. – 395 б.
26. Әз-Зәйләғи. Тәбиин әл-хақаиқ шарх Кәнз әд-Дақаиқ. Тус. Дәр әл-китәб әл-исләми, 1991. – 386 б.
References:
1. Mýǵjam ál-Arab. Qaһıra. Dar án-Nadýa, 1989. – 459 b.
2. Át-Taǵrıfát lı ál-Jýrjánı. Beırýt. Dár ál-maǵrıfa, 1-basylym, 2007 j., 325 b.
3. Ibn Hazm. Ál-Mýhallá bı ál-ásár. Beırýt. Dár ál-fıkr. 1997. – 205 b.
4. Ál-Maýsýǵa ál-fıqһııa, ál-kýveıtııa. Ýızára ál-aýqaf ýá ásh-shýýn ál-ıslámııa. Kýveıt. Dar ál-Kálám, 2001. – 374 b.
5. Alı Haıdar. Dýrár ál-hýkkám sharh májállá ál-ahkám. Dımashq. Dár ál-djıl, 1997. – 238 b.
6. Doktor Alı át-Taһtaýı. Ál-Fátáýá án-nádııa fı ál-farq báıná ár-rıshýá ýá ál-һádııa. Kýveıt. Dár ál-kýtýb. 2003. – 337 b.
7. Doktor Ýsámá ás-Sáııd. Ál-Fásád ál-ıqtısad ýá ásárýһý alá ál-mýjtámaǵ. Iskandarııa, Dár ál-Jámıǵa ál-Jádıdá, 2009 j. – 261 b.
8. QR Qylmystyq Kodeksi 2014 jylǵy 3 shildedegі № 226-V. URL: https://kodeksy-kz.com/ugolovnyj_kodeks. (10.07.2025).
9. Jańa Qur’an. URL: https://kuran.kz (10.07.2025).
10. Fahr ád-dın ár-Razı. Máfátıh ál-ǵaıb. Qaһıro. Dár ál-Fıkr, 2005. – 364 b.
11. Ál-Qýrtýbı. Ál-Jamıǵ lı ahkám ál-Qýran ál-Kárım. Iskandarııa, ál-Ilm. – 1999. – 386 b.
12. Ábý Bákr Ǵalıb. Al-Mýharrar al-vadjız fı tafsır al-Kıtab al-Azız. Qaһıro, ál-Qalam. 2002. – 421 b.
13. Djamı at-Tırmızı. Istanbýl. Dar án-Nádva, 1986. 1.T. – 502 b.
14. Át-Tabaranı. Ás-Saǵır. Dımashq, Ál-Һýda. 1974. 1.T. – 489.
15. Ás-Sanǵanı. Sýbýl ás-Sálám. Beırýt, Dár ál-fıkr. 2003. – 406 b.
16. Sahıh ál-Buharı. Istanbýl. Dar án-Nádva, 1998. 2.T. – 574 b.
17. Ash-Shaýkanı. Neıl ál-Atýar. Qaһıra, Án-Náshr. 1987. – 384 b.
18. Ábý Dáýіt. Sýnán. Kýveıt. Dár ál-kýtýb. 2001. – 557 b.
19. Ál-Báıһaqı. Sýnán ál-Kýbra. Istanbýl. Iaınevı, 1996. 10.T. – 402 b.
20. Ibn Kásır. Táfsır ál-Qýran ál-azym. Beırýt, Dár ál-kýtýb ál-ılmııa. 2002. 2. T. – 256 b.
21. Ás-Sýıýtı. Ád-dýrr ál-mansýr. Qaһıro. Dár ál-Fıkr, 2001. 2.T. – 454 b.
22. Ibn Kasır. Ál-Bıdaıa ýá án-nıһaıa. Beırýt, Dár ál-kýtýb ál-ılmııa. 2000. – 360 b.
23. Ibn Qýdama ál-Maqdısı. Ál-Mýǵnı. Halab. Tolıb ál-Ilm, 1997. 674 b.
24. Ás-Sanǵanı «Sýbýl ás-Sálám», 4/1403; Ál-Jassas «Ahkám ál-Qýran», 2/607.
25. Háshııa Ibn Abıdın. Matbaǵa Isa ál-Bábı ál-Hálbı. Qoһıra. Maktab, 1976 j. – 395 b.
26. Áz-Záıláǵı. Tábıın ál-haqaıq sharh Kánz ád-Daqaıq. Týs. Dár ál-kıtáb ál-ıslámı, 1991. – 386 b.