• Главная
  • Архив
  • № 2 (103), 2024
  • Киберкеңістіктегі юрисдикция қайшылығы: мәселелер мен мүмкін болатын шешімдер (Ұлыбритания мен Канада мысалында)

Киберкеңістіктегі юрисдикция қайшылығы: мәселелер мен мүмкін болатын шешімдер (Ұлыбритания мен Канада мысалында)

DOI: 10.51634/2307-5201_2024_2_45

УДК 341.1/8

ГРНТИ 10.87

 

Шамшиева А.Ө.

М.С. Нарикбаев Университетінің

Құқық жоғары мектебі магистранты,

Астана қ., Қазақстан Республикасы

e-mail. Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

 Қазіргі заманның ерекшелігі – ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы және олардың адам өміріне етене енуі. Сәйкесінше, қоғамда қалыптасқан ережелерге қайшы келетін әрекеттер орын алуы мүмкіндігі ұлғайды. Заңға қайшы әрекеттер орын алған жағдайда, соттық юрисдикцияны орнату мәселесі қандай? Тіпті, интернет және жалпы киберкеңістік бұл тұрғыда «қараңғылықты» тудырады. Қарқынды дамып жатқан ақпараттық технологияларға қолданыстағы заңнамалардың ілеспеуі мәселе тудырады. Мысалы, киберкеңістікпен байланысты дауларға қатысты соттық юрисдикцияны орнату мәселесі. Киберкеңістік және оның айналасына қатысты тақырыптар бойынша көптеген зерттеу жұмыстары болғанымен де, өкінішке орай отандық доктриналар үнсіз. Сонымен қатар, цифрлық дәуірде сот юрисдикциясын құру да күрделене түсетінін атап өткен жөн. Мысалы, интернеттің шексіз сипаты, пайдаланушылардың анонимділігі және т.б. Сондықтан осы тақырып бойынша зерттеулер жүргізу өзекті. Айтылып өткендей, отандық доктринада киберкеңістік және соттық юрисдикция тақырыбына қатысты қандай да бір зерттеу жұмыстары жоқ. Сондықтан, зерттеу жұмысын жүргізу барысында шетел заңнамалары, сот істері және осы тақырып бойынша беделді деген авторлардың жұмыстары қарастырылды. Нәтижесінде, соттық юрисдикцияны орнату барысында киберкеңістіктің ерекшелігін ескеру қажеттілігі анықталды. Яғни, қазіргі таңда бұл ерекше ортаны елемей кетуіміз мүмкін емес. Сонымен қатар, киберкеңістіктің «бір мезетте барлық жерде бола тұра, бір жерде болмау» ерекшелігі forum non conveniens принципінің одан әрі қатаң қолданылуына жол ашты.

Түйінді сөздер. Киберкеңістік, соттық юрисдикция, forum non conveniens, онлайн-диффамация, Қазақстан Республикасының Азаматтық процесстік кодексі, 1968 жылғы Брюссель конвенциясы (ЕО Регламенті 1215/2012 (Брюссель I-bis)).

 Кіріспе

Интернет желісінде жарияланған мақалада Сіз туралы жалған ақпарат жазылды. Сіздің келесі әрекетіңіз? Сіз тұрған мемлекет мұндай жағдайда сот юрисдикциясын белгілей ала ма?

Келтірілген бұл мысал киберкеңістікте орын алуы мүмкін даулардың ішіндегі бірі. Бірақ, цифрлық дәуірде болып жатқан дауларға қатысты сот юрисдикциясын белгілейтін заңнаманың сәйкестігі - көптің бірі. Мысалы, Қазақстан Республикасының Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай – ҚР АПК) 466-бабы бұл сұрақ бойынша жауап қатпайды.

Ал егер киберкеңістік енгізіп отырған жаңа ережелерді ескеретін болсақ, соттық юрисдикцияны орнату мәселесін қарастыру өзекті болып табылады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін шетел доктриналары, заңнамалары, тәжірибелері және сот істері зерттеледі. Ең алдымен, киберкеңістік соттық юрисдикцияны анықтауға қандай қиындықтар туғызып отыр деген сұраққа жауап берген абзал. Одан кейін туындаған сұрақтың жауабына сәйкес соттық юрисдикцияны анықтауға мүмкін болатын және қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан теориялар қарастырылады.

 Материалдар мен әдістер

Отандық академиялық доктринасында киберкеңістік және оның соттық юрисдикциямен байланысы қарастырылмаса да, шетелде бұл тақырып аясында көптеген ғылыми материалдар жазылған. Мақаланы жазу барысында шетелдік ғылыми еңбектері, халықаралық актілер, ұлттық және шетел заңнамалары, сол сияқты бұқаралық ақпарат көздері талданды.

Мақаланы жазу барысында негізінен диалектикалық және салыстырмалы-құқықтық зерттеу әдістері қолданылған болатын. Диалектикалық әдістің ішінде анализ және синтез зерттеу тәсілдері орын алған. Яғни, әр түрлі теориялар мен принциптер жеке және жан-жақты зерттеліп, ұсынылатын біртұтас, жалпы және қолайлы теория мен принцип үшін негіз болды. Ал зерттеудің салыстырмалы-құқықтық әдісі салыстырмалы талдау жүргізуге, шетелдік тәжірибені зерделеуге, сондай-ақ бірқатар мемлекеттердің нормативтік базаларын қарастыруға септігін тигізді. Бұл зерттеуді қолдану арқылы шет мемлекеттердің тәсілдерін ұлттық заңнама тәжірибесінде қолдануға мүмкіндік туғызды.

 І Киберкеңістік салдарынан туындаған мәселелер?

Киберкеңістік және соттық юрисдикция мәселесін анықтаудағы қиындықтар. Соттық юрисдикцияны орнату цифрлық дәуірде қалай қиындатылды?

  • Шексіз сипат. Интернеттің шексіз сипаты – ұлттық заңнамалардың қолданылуын шектейтін бірден бір себеп болып табылады. Ұлттық құқықтық жүйелер мен Интернет арасындағы байланысты Джулия Хернле (Julia Hörnle) жақсы сипаттады. Хернледің пайымдауынша, Интернет батпақты, ал өз шашын тартып тұратын адамдар Интернеттің шекарасыз юрисдикция мәселесін шешуге тырысатын ұлттық құқықтық жүйелерді белгілейді [1, 1 б.]. Бұл арқылы, Хернле ұлттық құқықтық жүйелер Интернеттің шексіздік мәселесін өздері шеше алмайды деген пікірді білдірді.
  • Қолданушылардың анонимдігі. Әдетте интернет-қолданушылар бұл ортада белгісіз болып қалады.
  • Интернет-технологиялардың қарқынды дамуы. Интернет-технологиялардың қарқынды дамуы салдарынан, қолданыстағы заңнамалар киберкеңістікпен байланысты туындаған кейбір дауларға қолданылмауы мүмкін.
  • Lex loci delicti қағидатында орын алатын белгісіздік факторы. Дәстүрлі түрде бұл принципте зиян келтіру орны мен юрисдикция арасында қандай да бір байланыс орын алады. Алайда, Интернет желісінде таралған ақпараттардың салдары тек қана бір мемлекетте ғана орын алмауы мүмкін [2, 9 б.].

Цифрлық дәуірді ескере отырып, киберкеңістіктің қазіргі таңдағы белгісіздігін тудыру ықтималдығы орын алуда. Себебі, киберкеңістік деген кезде «ол не?» және «қайда орналасқан?» деген сұрақтар орын алады. Ал соттық юрисдикция мәселесін қоссақ, тіптен «қалай?» деген сұрақ пайда болады. Яғни, киберкеңістіктің айналасында жүрген белгісіздік мәселесіне тоқтала кетсек.

Белгісіздік? Сәйкесінше, ең алдымен киберкеңістік қайда орналасқан деген сұрақ туындайды. Атап айтқанда, заңгерлердің айтуынша киберкеңістіктің проблемасы – онда «ол жерде» деген жоқ [3, 81 б.]. Адамзаттың әрбір бастамасы секілді, киберкеңістік те шексіз заңи проблема туғызады. Мысалы, заң технологиялардың трансұлттық аспектілерін ескеретін дәйекті доктринаға сәйкестігін әлі қамтамасыз еткен жоқ. Яғни, киберкеңістікте әр түрлі мүдделердің орын алуын ескеру қажет. Онымен қоса, сол мүдделердің арасында дұрыс тепе-теңдігін табу қажет. Яғни, киберкеңістікпен байланысқан дауларды қарастыру барысында юрисдикцияны орнату мәселесі тек қана ұлттық соттарда туындамайды, сонымен қатар шетел соттарында да аталған сұрақ орын алады. Басқаша айтқанда, киберкеңістікпен байланысты туындайтын дауларға соттық юрисдикция орнату өте маңызды. Сонымен қатар, киберкеңістік пен юрисдикцияның маңыздылығын атап өткен Генрик Хансен (Henrik Spang-Hanssen) интернетке қатысты әрбір істе юрисдикция орнату негізгі мәселе болады [4, 1 б.]. Себебі, бұндай дауларға соттық юрисдикцияны орнатуға қатысты құқықтық белгісіздік бірнеше мәселеге алып келеді. Мысалы:

  1. АҚШ-та тұратын қазақстандық Бразилияда онлайн жүйе арқылы Италияға ұшатын ұшаққа билет сатып алады. Бұл сайттың сервері Қытайда орналасқан, ал авиакомпания Грецияда. Егер де осы билет аясында қандай да бір дау туындаса, қазақстандық сот өз юрисдикциясын орната алады ма? Қай елдің юрисдикциясы орын алуы қажет?
  2. Индия тұрғыны өзінің Facebook, Instagram немесе басқа да әлеуметтік жүйелерінде жала жабу ақпаратын жариялады. Бұл ақпарат 30 елде, сонымен қатар Қазақстанда оқылуға таратылды. Сонда, қазақстандықтың ар-намысына залал келтірілген жағдайда қай елдің сотына талап арыз жазады? Кімге қарсы? Жарияланған жалған ақпарат Қазақстанда ғана жалған болса, барлық елдің әлеуметтік жүйелерінде өшірілу қажет пе?
  3. Бразилия мемлекетіндегі дүкен өз қызметін онлайн атқару мүмкіндігі бар. Сайт толықтай португал тілінде. Бұл байланыс арқылы Еуропалық Сотта бразилиялық бизнеске қарсы талап арыз жазуға болады ма, жоқ па?

Яғни, киберкеңістіктің кеңеюі тек адам өмірін жақсартып қана қоймай, сонымен қатар потенциалды түрде зардап шегушілердің шеңберін кеңейтті[5, 5 б.]. Сонда көріп отырғанымыздай, киберкеңістіктің трансшекаралық сипаты сонда, бір мемлекетте орналасып ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалана отырып, салдары басқа мемлекеттегі азаматқа тиеді. Ал, сонда зардап шеккен тарап бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін басқа елдің сотына талап арыз жазуы қажет пе?!

Киберкеңістікте жүзеге асырылатын іс-әрекеттер геофизикалық шекаралармен шектелмейтінін ескеретін болсақ, интернет іс жүзінде әлемді «цифрлық ауылға» айналдырды [6, 15 б.]. Бұл өз кезегінде дәстүрлі юрисдикцияның негізін құрайтын демаркациялардың бұлыңғырлануына әкелді. Белгілі бір географиялық территорияны иеленбеген интернеттің пайда болуы, дәстүрлі заң ережелерін қолдану үшін қиын болып қалады. Себебі, белгілі бір салада орын алған мәмілелер бірнеше юрисдикцияларға әсер етуі мүмкін, өйткені субъектілер әлемнің кез келген нүктесінде өзара әрекетке түсе алады. Ал, мәмілеге қатысы бар ақпараттар, деректер әртүрлі жерлерде сақтауға және өңдеуге болады [6, 15 б.]. Сәйкесінше, логикалық түрде орын алатын сұрақ, киберкеңістік өз табиғаты бойынша жаһандық болса, оның негізінде туындаған дауларға қатысты соттық юрисдикция қалыптасқан құқықтық нормалармен реттеледі ме? [6, 15 б.]

eDate Advertising GmbH v X ісінде сот, өткен ғасырдың соңғы онжылдығында интернеттің, атап айтқанда дүниежүзілік желінің (World Wide Web) пайда болуы  мен дамуы ақпараттарды тарату мен алу әдістері мен технологияларында терең өзгерістерге алып келді. Осы құбылыстың нәтижесінде қазіргі таңда көптеген құқықтық категориялардың тұжырымдамасы мен қолданылу аясына әсер етті. Бұл белгісіздік халықаралық юрисдикция мәселесіне де келіп тірелді [7].

 ІІ Киберкеңістіктегі юрисдикцияға байланысты қалыптасқан теориялар.

Киберкеңістікте әртүрлі жағдайда және амалмен орын алуы мүмкін дауларға қатысты соттық юрисдикцияны орнату қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты құқықтану үш негізгі мектепке бөлінеді:

Джон Перри Барлоу бастаған мектеп ұстанымына сай, киберкеңістік тәуелсіз болуы қажет. Осылайша, киберкеңістік өзіне қатысты кез-келген мемлекеттік құқықтық юрисдикциядан бас тартады. Сәйкесінше, оның өзіндік бірегей ережелері мен заңдары болуы керек [8].

Келесі мектептің ұстанымына келсек, Джонсон мен Посттың пікірлерінше, киберкеңістікті жаңадан қалыптасқан бөлек бір «кеңістік» ретінде санау қажет. Сәйкесінше, бұл «кеңістіктің» реттелу жолы жаңадан нормалардың шығуын қажет етеді», – деп пайымдаған [9]. Адамс пен Альбакаджай қолданыстағы құқықтық жүйелерді сынайды. Себебі, киберкеңістіктен туындайтын дауларды қарастырған кезде қолданыстағы құқықтық нормалармен мәселені шешу күрделі. Сондықтан да, кибер даулар нақты ережелермен реттелуі керек [10, 258 б.].

Лоуренс Лессинг бастаған үшінші мектеп, киберкеңістік ережелерден тыс қарастырыла алмайды. Алайда, бұндай ережелер технологиялардың ерекшелігі тұрғысынан қарастырылуы қажет [11, 124-125 б.].

Әлде бұл мәселені шешу үшін, Голдсмиттің пікірін ұстанған жөн бе? Голдсмиттің пайымдауынша, киберкеңістікте орын алатын жағдайлар «нақты кеңістікте» орын алатын жағдайлармен ұқсас. Мәселен, интернетте орын алатын транзакциялар мен нақты кеңістікте орын алатын транзакциялардың арасында еш айырмашылық жоқ. Транзакция белгілі бір пайда алып келеді немесе кей жағдайда зиянын келтіреді. Және киберкеңістіктегі транзакцияға мемлекеттер нормативтік жүйе арқылы аумақтық күшін жүзеге асыра алады» [12].

Киберкеңістікте орын алған әрекет тек қана бір мемлекетпен байланысты болмайды, ол әдетте трансшекаралық сипатқа ие. Сол себепті де, туындап отырған бұндай белгісіздікті реттеу маңызды сұраққа ие. Ал реттеу әрекеті әрине де ең алдымен юрисдикцияның анықталуымен жүзеге асады.

 Соттық юрисдикцияны орнату теориялары

Киберкеңістік өзінің сипаты бойынша «барлық жерде бола тұра бір жерде жоқ» дегенді білдірсе, сол сияқты әртүрлі даулардың туындауына мүмкіндік береді. Оның ішінде шарттан және шарттан тыс міндеттемелерге қатысты даулар, интеллектуалдық меншік құқығынан туындайтын даулар. Ал осындай істерге қатысты соттық юрисдикцияны орнату мәселесін қарастыру үшін – Ұлыбритания мемлекетінің ұстанымын мысал келтірейік.

Ұлыбритания Еуропалық Одақтың мүшелігінен шыққанын ескерсек [13], қазіргі таңда аталған мемлекетте екі схема бойынша соттық юрисдикция орнатылады.

  • Еуропалық схема.
  • Ортақ құқық схемасы.

Еуропалық схема. Әлбетте соттық юрисдикцияны орнату барысында халықаралық жеке құқықтың ережелері қолданылады. Алайда, халықаралық шарттардың да барын естен шығармау керек. Мысалы, Еуропа Одағында жауапкердің тұрғылықты жеріне байланысты келесідей ережелер қолданылады:

  • ЕО-да немесе Брюссель[1] немесе Лугано конвенцияларына қатысушы мемлекетте тұратын жауапкерлер үшін Еуропалық схема қолданылады.[2]
  • Басқа аумақта тұратын жауапкерлерге қатысты ортақ құқық қолданылады [14, 108 б.].

Жалпы алған юрисдикцияны анықтаудың негізгі ережесі келесідей:

  • Жауапкердің тұрғылықты жері бойынша (2-бап) [15]; бірақ
  • Балама амал ретінде «зиянды әрекет орын алған жерде» қарастырылады. Еуропалық сот бұл мүмкіндікті келесідей түсіндірді:

- залал келтіруге әкеп соққан оқиға орны бойынша, немесе

- залал орын алған жер бойынша (5 (3)-бап) [15].

Киберкеңістікте орын алатын даулардың ерекшелігін ескеретін болсақ, залал бірнеше мемлекеттің аумағында келтірілген факт орын алуы мүмкін. Shevill v. Alliance SA (1995) ісінде, Еуропалық сот жалған жарияланған ақпарат салдарынан бірнеше жерде туындаған залалды Брюссель конвенциясының 5 (3) – бабына сәйкес келесідей талдау қажет деп түсіндірген:

  • Ақпарат басылған және айналымға шығарылған жер; немесе
  • Ақпарат нақты оқылған орын немесе орындар; немесе
  • Талап қоюшының айтарлықтай беделі қалыптасқан орын немесе орын [16, s.16].

Егер де жалған ақпарат Брюссель конвенциясының қатысушысы емес мемлекетте жарияланған болса, онда ақпаратқа қатысы бар жеке немесе заңды тұлға орналасқан жер залал орын алған жер деп қарастырылуы қажет. Бірақ ескерілетін жағдай, ол – жеке немесе заңды тұлғаның айтарлықтай беделінің қалыптасу факторы [16, s.29].

Ортақ және жалпы құқық схемасы. Дей келгенмен, жауапкердің Брюссель конвенциясына қатысушысы мемлекетте тұрақты тұрғылықты жері болмаса, forum non conveniens ережесін естен шығармау қажет. Spiliada Maritime Corp v Cansulex Ltd 1987 ісінде «тиісті юрисдикцияның жарамдылығын (the suitability) немесе орындылығын (the appropriateness)» орнату қажеттілігі белгіленді. Ағылшын сотынан басқа сот қолайлы болса, сот істі қарастыруын тоқтады. Ал қолайлы форумды анықтау, іс-әрекеттің ең нақты және маңызды байланысы бар елді анықтаумен байланысты [17, 104-110].

Канада. Канада мемлекетінің мысалында қарастыратын болсақ, аталған мемлекеттің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, үшінші тарап беделді түсіретін ақпаратқа қол жеткізген, оқыған немесе жүктеген кез келген жер жала жабу фактісі орын алған жер ретінде танылады. Алайда, киберкеңістік тұрғысынан бұл мәселеге нақты жауап табу қиындық тудырады. Себебі, интернет арқылы жарияланған ақпарат әлемнің кез келген нүктесінде пайда болатынын ескерген жөн. Сонда, Канада мемлекетінде орналасқан Онтарио провинциясының соты кез келген мемлекеттің юрисдикциясына жату ықтималдығы бар істі қай кезде қабылдай алады? Бұл тұрғыда заңнамада олқылық бар. Мысалы, Goldhar vs. Haaretz.com (2018) ісін қарастырсақ. Канадалық бизнесмен Голдхар мырза израильдік футбол командасын сатып алады. Торонтода және Израильде тұрғылықты жері болады. Ал Израильде едәуір беделі қалыптасады. Израильдік «Haaretz» газеті Голдхар мырзаның бизнесті басқаруға қабілеті жеткіліксіз деп ағылшын тілінде мақала жазады. Мақала онлайн (газеттің ресми сайтында) және оффлайн қолжетімді болды. Интернет желісі арқылы аталған мақаланы 200-300-ге жуық Канада тұрғындары және 70 000-ға жуық Израиль тұрғындары оқыған. Голдхар мырза Онтарио провинциясының сотына Haaretz газетіне қарсы талап арыз жазады. Апелляциялық соттың шешімін Канаданың Жоғарғы Соты күшін жойды. Себебі, Жоғарғы Соттың шешіміне сәйкес, Онтарио өз юрисдикциясын орнатуға құқығы болғанымен, Израиль ыңғайлы форум ретінде қарастырылуы қажет еді [18].

Интернет салдарынан жала жабу фактісінің таралу аумағының ұлғаюына байланысты Канадада фундаменталды іс ретінде – Goldhar vs. Haaretz.com (2018) ісі қарастырылады. Аталған істің соттық юрисдикцияны орнату мәселесін келесідей схема арқылы жүзеге асыру өзгерісін енгізді.

  • Болжамды юрисдикция – соттың сот ісіне қатысты болжамды юрисдикциясы бар ма?
  • Теріске шығару – егер жауап ИӘ болса, бұл жағдайда да болжамды юрисдикцияны жоққа шығаруға мүмкін бе?
  • Ыңғайсыз форум – егер жауап ЖОҚ болса, сот өз юрисдикциясын орнату керек пе немесе сот ісі басқа ыңғайлы (қолайлы) форумға берілуі керек пе? [19]

Болжамды юрисдикция. Белгіленген критерийлердің біріне сай келсе, сот өзінің болжамдым юрисдикциясын орната алады. Олар: жауапкердің форум орналасқан жерде домицилийі болса, жауапкер сол жерде кәсіпкерлік қызметпен айналысса, деликттік әрекет орын алған жер болса немесе дауға байланысты шарт форум орналасқан жерде жасалынса. Интернетпен байланысты туындаған дауға қатысты деликттік әрекет бойынша соттық юрисдикцияны орнату мүмкіндігі жеңілдеу. Алайда, сол сияқты бұл жауапкерге болжамды юрисдикцияның дұрыстығын теріске шығаруға мүмкіндік туғызады.

Теріске шығару. Іс пен сот арасындағы байланыстырушы факторлардың аздығы жауапкерге юрисдикцияны теріске шығаруға мүмкіндік береді. Алайда, бұл тек қана жауапкер дәл осы сотқа бұл іс бойынша жауап беру үшін шақырылады деп күту ақылға қонымсыздықпен байланысты.

Ыңғайсыз форум. Екі тараптың теңдік құқығын сақтауға мүмкіндік беретін forum non conveniens қағидаты. Егер бастапқы екі кезеңде сот өзінің юрисдикциясын орнатқан жағдайда, жауапкер істің бұл сотта емес, басқа қолайлы сотта қарастырылу қажеттігін дәлелдеу керек.

 Қорытынды

Қорытындылай келе, цифрлық дәуір енгізіп отырған жаңа ережелер қазіргі таңда соттық юрисдикцияны анықтау мәселесіне де өз өзгерістерін енгізді. Ең алдымен, киберкеңістік бұрын соңды болмаған кеңістік ретінде қалыптасып, сәйкесінше бұл кеңістікті елейтін нормалар да қалыптасуы абзал. Әрине де, белгілі бір тұрғыда соттық юрисдикцияны орнату қиындық туғызады. Атап айтқанда, киберкеңістіктің шексіз сипаты, ондағы қолданушылардың анонимдігі, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы және Lex loci delicti қағидатында орын алатын белгісіздік факторы. Әлбетте, бұл тізімді жабық қалдыру орынсыз. Дей келгенмен де, бастапқы қиындықтарды ескере отырып, киберкеңістік мәселесінде соттық юрисдикцияны орнату кезінде аталған ортаны елемей кету мүмкіндігі жоқ. Сол себептен де, интернет желісінің барлық дерлік жерде қол жетімділігін ескерсек, заңға қайшы әрекет орын алған кезде, талап қоюшының өзіне ыңғайлы кез келген сотқа талап арыз жазу мүмкіндігі едәуір көп. Екі тараптың теңдік құқығын сақтау үшін forum non conveniens қағидатын да ескеру қажеттігі туындап отыр. Алайда, қалыптасқан теория Ұлыбритания мен Канаданың мысалында алынғанын ескерген жөн.

 Шамшиева А.Ө. Магистрант Высшей школы права Maqsut Narikbayev University (г. Астана, Республика Казахстан): Конфликт юрисдикций в киберпространстве: существующие проблемы и возможные пути решения на примере Великобритании и Канады

Особенностью современности является стремительное развитие информационных технологий и их интеграция в жизнь человека. Соответственно, увеличилась территория, на которой могут происходить действия, противоречащие правилам, сложившимся в обществе. Какова проблема установления судебной юрисдикции в случае противоправных действий? Даже интернет и киберпространство в целом создают в этом отношении «тьму». Проблема заключается в несоблюдении действующего законодательства к динамично развивающимся информационным технологиям. Например, вопрос установления судебной юрисдикции в отношении споров, связанных с киберпространством. Хотя существует множество исследовательских работ по темам, связанным с киберпространством и его окружением, к сожалению, отечественные доктрины молчат. Кроме того, следует отметить, что установление судебной юрисдикции в эпоху цифровых технологий также усложняется. Например, бесконечный характер интернета, анонимность пользователей и многое другое. Поэтому проведение исследований по данной теме актуально. Как уже было упомянуто, в отечественной доктрине отсутствуют какие-либо исследовательские работы по теме киберпространства и судебной юрисдикции. Поэтому в ходе проведения исследовательской работы были рассмотрены зарубежное законодательство, судебные дела и работы авторитетных авторов по данной теме. В результате в ходе установления судебной юрисдикции была выявлена необходимость учета специфики киберпространства. То есть в настоящее время мы не можем игнорировать эту особую среду. Кроме того, специфика киберпространства «быть в одном месте, но не везде одновременно» проложила путь к дальнейшему строгому применению принципа forum non conveniens.

Ключевые слова. Киберпространство, судебная юрисдикция, forum non conveniens, онлайн-диффамация, гражданский процессуальный кодекс Республики Казахстан, Брюссельская конвенция 1968 года (Регламент ЕС 1215/2012 (Брюссель I-bis)).

 Shamshiyeva A.U. Master's student of the Higher School of Law of the Maqsut Narikbayev University (Astana, Kazakhstan): Conflict of jurisdictions in cyberspace: existing problems and possible solutions using the example of Great Britain and Canada.

A feature of modernity is the rapid development of information technologies and their integration into human life. Accordingly, the territory has increased in which actions that contradict the rules established in society can take place. What is the problem of establishing judicial jurisdiction in the case of illegal actions? Even the Internet and cyberspace in general create "darkness" in this regard. The problem lies in non-compliance with the current legislation on dynamically developing information technologies. For example, the issue of establishing judicial jurisdiction over disputes related to cyberspace. Although there are many research papers on topics related to cyberspace and its environment, unfortunately, domestic doctrines are silent. In addition, it should be noted that the establishment of judicial jurisdiction in the digital age is also becoming more complicated. For instance, the endless nature of the Internet, the anonymity of users, and much more. Therefore, researching this topic is relevant. As already mentioned, there are no research papers on the topic of cyberspace and judicial jurisdiction in the domestic doctrine. Therefore, during the research work, foreign legislation, court cases, and the work of reputable authors on this topic were considered. As a result, during the establishment of judicial jurisdiction, the need to take into account the specifics of cyberspace was revealed. That is, we cannot ignore this special environment at the moment. In addition, the specifics of cyberspace "to be in one place, but not everywhere at the same time" paved the way for further strict application of the principle of forum non conveniens.

Keywords. Cyberspace, judicial jurisdiction, forum non conveniens, online defamation, Code of Civil Procedure of the Republic of Kazakhstan, Brussels Convention of 1968 (EU Regulation 1215/2012 (Brussels I-bis)).

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Hörnle J. Internet jurisdiction law and practice. Oxford University Press, 2021.
  2. Raut B. K. Determining the Judicial Juristiction in the Transnational Cyberspace : дис. Queensland University of Technology, 2004.
  3. Burnstein M. R. Conflicts on the net: Choice of law in transnational cyberspace. Vand. J. Transnat'l L. 1996. Т. 29;
  4. Resnick R. Cyber-tort: The New Era. Nat LJ, 1994, July, 18, note 25.
  5. Spang-Hanssen H. S. Cyberspace Jurisdiction in the US (From an Alien's Point of View). The International Dimension of Due Process. COMPLEX SERIES. 2001. №. 5/01.
  6. Finklea K. M. The interplay of borders, turf, cyberspace, and jurisdiction: Issues confronting US law enforcement. Congressional Research Service, Library of Congress, 2011.
  7. Сафоева С. М. Границы юрисдикции в киберпространстве: трансформация гражданско-правовых отношений. Universum: экономика и юриспруденция. 2023. №. 8 (107). С. 13-21.
  8. eDate Advertising GmbH v X (C‑509/09) and Olivier Martinez and Robert Martinez v Société MGN Limited (C‑161/10) https://eur-lex.europa.eu/legal-content/en/TXT/?uri=CELEX:62009CC0509 s.31.
  9. Barlow J. P. A Declaration of the Independence of Cyberspace. Duke L. & Tech. Rev. 2019. V. 18;
  10. Barlow J. P. A Declaration of the Independence of Cyberspace. Electronic Frontier Foundation. 2018.
  11. Johnson D. R., Post D. Law and borders: The rise of law in cyberspace. Stanford Law Review. 1996. P. 1367-1402.
  12. Adams J., Albakajai M. Cyberspace: A new threat to the sovereignty of the state. Management Studies. 2016. V. 4. №. 6.
  13. Lessig L. Code: And other laws of cyberspace Version 2.0. Basic Books, New York, 2006.
  14. Goldsmith J. L. Against cyberanarchy. The University of Chicago Law Review. 1998. V. 65. №. 4. P. 1199-1250.
  15. Agreement on the withdrawal of the United Kingdom of Great Britain and Northern Ireland from the European Union and the European Atomic Energy Community (2019/C 384 I/01)
  16. Lambert P. Gringras: The laws of the internet. Gringras. 2022. P. 1-696.
  17. Brussels Convention on jurisdiction and the enforcement of judgments in civil and commercial matters 1968 https://eur-lex.europa.eu/legal-content/EN/TXT/?uri=CELEX%3A41968A0927%2801%29
  18. Fiona Shevill, Ixora Trading Inc., Chequepoint SARL and Chequepoint International Ltd v Presse Alliance SA (https://eur-lex.europa.eu/legal-content/EN/TXT/?uri=CELEX%3A61993CJ0068 March 7, 1995).
  19. Mohan R. C. New Rules on Forum Conveniens: Spiliada Maritime Corporation v. Cansulex Limited. Malaya L. Rev. 1987. V. 29.
  20. com v. Goldhar (Supreme Court June 6, 2018). Retrieved from https://scc-csc.lexum.com/scc-csc/scccsc/en/item/17115/index.do
  21. Ontario, Law Commission of, Defamation Law in the Internet Age: Final Report (March 1, 2020). Law Commission of Ontario,Defamation Law in the Internet Age: Final Report(Toronto: March 2020), Available at SSRN: https://ssrn.com/abstract=3565327

 References:

  1. Hörnle J. Internet jurisdiction law and practice. Oxford University Press, 2021.
  2. Raut B. K. Determining the Judicial Juristiction in the Transnational Cyberspace: Doctoral dissertation. Queensland University of Technology, 2004.
  3. Burnstein M. R. Conflicts on the net: Choice of law in transnational cyberspace. Vand. J. Transnat'l L. 1996. V. 29;
  4. Resnick R. (1994). Cyber-tort: The New Era. Nat LJ, July, 18, note 25.
  5. Spang-Hanssen H. S. Cyberspace Jurisdiction in the US (From an Alien's Point of View)-The International Dimension of Due Process. COMPLEX SERIES. 2001. №. 5/01.
  6. Finklea K. M. The interplay of borders, turf, cyberspace, and jurisdiction: Issues confronting US law enforcement. Congressional Research Service, Library of Congress, 2011.
  7. Safoeva S.M. С. М. Borders of jurisdiction in cyberspace: transformation of civil legal relations. Universum: Economics and law. 2023. №. 8 (107). С. 13-21.
  8. eDate Advertising GmbH v X (C‑509/09) and Olivier Martinez and Robert Martinez v Société MGN Limited (C‑161/10) https://eur-lex.europa.eu/legal-content/en/TXT/?uri=CELEX:62009CC0509
  9. Barlow J. P. A Declaration of the Independence of Cyberspace. Duke L. & Tech. Rev. 2019. Т. 18;
  10. Barlow J. P. A Declaration of the Independence of Cyberspace. Electronic Frontier Foundation. 2018.
  11. Johnson D. R., Post D. Law and borders: The rise of law in cyberspace. Stanford law review. 1996. С. 1367-1402.
  12. Adams J., Albakajai M. Cyberspace: A new threat to the sovereignty of the state. Management Studies. 2016. Т. 4. №. 6.
  13. Lessig L. Code: And other laws of cyberspace Version 2.0.. Basic Books, New York, 2006.
  14. Goldsmith J. L. Against cyberanarchy. The University of Chicago Law Review. 1998. Т. 65. №. 4. С. 1199-1250.
  15. Agreement on the withdrawal of the United Kingdom of Great Britain and Northern Ireland from the European Union and the European Atomic Energy Community (2019/C 384 I/01)
  16. Lambert P. Gringras: The laws of the internet. 2022.
  17. Brussels Convention on jurisdiction and the enforcement of judgments in civil and commercial matters 1968 https://eur-lex.europa.eu/legal-content/EN/TXT/?uri=CELEX%3A41968A0927%2801%29
  18. Fiona Shevill, Ixora Trading Inc., Chequepoint SARL and Chequepoint International Ltd v Presse Alliance SA (https://eur-lex.europa.eu/legal-content/EN/TXT/?uri=CELEX%3A61993CJ0068 March 7, 1995). s.16
  19. Mohan R. C. New Rules on Forum Conveniens: Spiliada Maritime Corporation v. Cansulex Limited. Malaya L. Rev. 1987. Т. 29.
  20. com v. Goldhar (Supreme Court June 6, 2018). Retrieved from https://scc-csc.lexum.com/scc-csc/scccsc/en/item/17115/index.do.
  21. Ontario, Law Commission of, Defamation Law in the Internet Age: Final Report (March 1, 2020). Law Commission of Ontario,Defamation Law in the Internet Age: Final Report(Toronto: March 2020), Available at SSRN: https://ssrn.com/abstract=3565327

 [1] Өтпелі кезеңге дейін орын алған жағдайларға қатысты Ұлыбританияда Брюссель Конвенциясы қолданылады. Ал жалпы қазіргі таңда Брюссель Конвенциясы Брюссель Ibis Регламенті болып саналады.

[2] Іс бойынша іс жүргізу өтпелі кезең аяқталғанға дейін басталуы керек. Өтпелі кезең 2020 жылдың 32 желтоқсаны сағат 11-ге дейін.

Учредитель:
АО Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева (Maqsut Narikbayev University).
Партнеры:

Журнал зарегистрирован в Комитете информации и архивов Министерства культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство № 7742-Ж.
ISSN: 2307-521X (печатная версия)
ISSN: 2307-5201 (электронная версия)