DOI: 10.51634/2307-5201_2024_1_55
УДК: 4414
ГРНТИ: 10.27.01
А.А. Ондаш
Maqsut Narikbayev University, Құқық жоғары мектебі,
ғылыми-педагогикалық бағытындағы 1-курс
магистранты (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
E-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі жасанды интеллекттің құқықтық мәртебесі туралы ғылыми әдебиеттерде белгісіздіктің болуынан туындайды. Бұл ғылыми мақала жасанды интеллекттің (ЖИ) қазіргі құқықтық мәртебесін талдауға және оның құқық субъектілігін анықтауға байланысты мәселелерге арналған. Мақалада ЖИ әрекеттері үшін жауапкершілік, құқықтар мен міндеттер, авторлық құқық пен патенттеу мәселелері сияқты негізгі құқықтық аспектілер қарастырылады. ЖИ-ті құқық субъектісі ретінде тануға қатысты заң қоғамдастығы, ғалымдар және сала өкілдері арасында туындайтын даулар мен пікірталастарға ерекше назар аударылады. Мақалада осы мәселелерді шешудің перспективалары ұсынылады, сонымен қатар заманауи құқықтық контексте жасанды интеллект ерекшеліктерін барабар есепке алу үшін заңнаманы дамытудың мүмкін бағыттары талқыланады. Зерттеу салыстырмалы-құқықтық талдау әдісті қолдана отырып жүргізілді және осы саладағы қолданыстағы нормативтік актілерді, заң практикасын және академиялық жарияланымдарды талдауды қамтиды.
Кілт сөздер: жасанды интеллект, құқықтық мәртебе, құқық субъектілігі, электронды субъект, субъекттің дербестігі, ЖИ жаратушысы, құқықтық жауапкершілік, құқықтық реттеу, ЖИ автономиясы
Кіріспе
Бүгінгі күні технологиялардың қарқынды дамуы және жасанды интеллекттің (ЖИ) адам өмірінің әртүрлі салаларына интеграциясы жағдайында шетелдік те, отандық та әдебиеттерде жасанды интеллектті азаматтық-құқықтық реттеудің бірқатар аспектілері: жасанды интеллекттің құқықтық табиғаты, жасанды интеллектті пайдаланумен байланысты қатынастарды азаматтық-құқықтық реттеудің көлемі мен шектері, осы салада туындайтын тәуекелдер және басқалары пікірталас болып қала береді. Жасанды интеллект бейнеленген ғылыми зерттеулер мен технологиялық прогресс сөзсіз оның қызметінен туындайтын жауапкершілік, құқықтар мен міндеттер мәселелерімен бетпе-бет келеді. Сонымен қатар, қазіргі құқықтық қоғамдастықта ЖИ-тің құқықтық мәртебесі мәселесімен бірге талқыланатын негізгі аспектілердің бірі – жасанды интеллектті құқық субъектісі ретінде тану мәселесі.
Қазіргі қоғам жасанды интеллект жүйелерін көптеген салаларға біріктірудің сөзсіз қажеттілігіне тап болады. Жасанды интеллект медицинада, кәсіпте, әртүрді деңгейдегі білім беруде, көлік, құрылыс, ғарыш және т.б. салалардағы функционалды процесстерді инновациялы түрде оңтайландырудың негізгі катализаторына айналуда.
Мәселен, медицинада ЖИ жүйелері денсаулық сақтау саласындағы деректерді талдау, диагноздарды қою мен ем жоспарларын әзірлеу мақсатында қолданылады. Бұл диагноздардың дұрыстығын қамтамасыз етуге, медициналық ақпаратты тиімді өңдеуге және уақытты үнемдеуге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының жұмыс істеу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.
Кәсіп пен қаржы салаларында ЖИ күнделікті үйреншікті жұмыстарды автоматтандыру, деректерге талдау жасау, нарықтық тенденцияларды болжау мен стратегиялық маңызды шешімдер қабылдау үшін қолданылады. Бұл бизнес-процестерді оңтайландыруға және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпалдасады.
Көлік саласында ЖИ жүйелері дербес көлік құралдарын құру, жол жүру бағыттарын оңтайландыру, трафикті басқару және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылады. Жасанды интеллектті практикалық қолданудың бұл бағыты интеллектуалды және тиімді көлік жүйелерін құруға бағытталған.
Сондай-ақ, жасанды интеллект білім беру саласының тиімділігін арттырудағы бірден бір көмекші ретінде ұғынылады, ол оқуды жекелендірумен қатар, студенттерге арналған бағдарламаларды бейімдейді және оқытудың инновациялық әдістерін ұсынады.
Жасанды интеллект жүйелерін қоғамдық салаларға интеграциялаудың басымдылықтарымен қатар, этикалық, юрисдикциялық, қауіпсіздік сипаттағы мәселелер туындайтыны рас. Мәселен, жеке ақпараттар мен деректердің құпиялылығы, оның әрекетінен туындауға ықтимал салдары және т. б. Бұл тұрғыда осы сұрақтарды реттеу үшін тиімді құқықтық реттеуді әзірлеу шұғыл қажеттілікке айналады.
Мақаланың негізгі аспектілері
Жасанды интеллекттің құқықтық мәртебесі мәселесін талдаудан бұрын, оның анықтамасын жүйелі түрде анықтау қажеттігі туындайды.
«Жасанды интеллект» категориясының ғылыми түсіндірмелерін зерттей отырып, осы тұжырымдаманы анықтаудың үш негізгі тәсілін ажыратуға болады: Жасанды интеллект – интеллектуалдық деңгейі бар бағдарлама, ол өзін-өзі тануға қабілетті және өз бетінше шешім қабылдауға қабілетті [1; 2, 98-б; 3]. Бұл түсіндірмені жақтаушылар қатарына Джон Маккарти, А.А. Щитова, В.Б. Наумов, Е.В. Тытюк сияқты ғалымдар кіреді. П.М. Морхат, А.В. Понкин, А.И Редькина, Д.Л. Кутейников, О.А. Ижаев, Зенин С.С., Лебедев В.А., Д.В. Смолин, Л.С. Болотова жасанды интеллектті толық немесе ішінара автономды өзін-өзі ұйымдастыратын кибернетикалық компьютерлік бағдарламалық-аппараттық жүйе немесе киберфизикалық жүйе ретінде қарастырады [4, 7-б; 5, 94-б; 6, 75-б; 7, 16-б; 8]. Жасанды интеллект адам жүзеге асырған кезде интеллектуалды қабілеттерді қажет ететін функцияларды орындайтын есептеу машиналары ұғымы арқылы түсіндіріледі [9, 17-б; 10, 4-5-б; 11, 223-б]. Бұл анықтаманы А. Эндрю, А.В. Шилейко, Р. Курцвейл деген ғалымдар ұстанады.
Көріп отырғанымыздай, әдебиетте жасанды интеллекттің анықтамасы жөнінде біркелкі түсінік жоқ, бұл оның табиғатының күрделілігімен, жүйесі сорттарының болуымен және өзге де себептермен түсіндіріледі. Сондай-ақ, осы жүйелер түрлерінің нақты болуымен байланысты жасанды интеллект туралы дәл анықтама беру мүмкін емес деген пікірлер де аз емес. Соған байланысты, әрбір ЖИ жүйелерін жеке қарастыра отырып, соңғысын зерттеуге казуистік көзқараста болған жөн [12, 199-б].
Отандық авторлардың көзқарастарын қарастыратын болсақ, олар «жасанды интеллект» ұғымын «жасанды интеллект» және «жасанды (немесе зияткерлік) робот» анықтамаларына ұқсатады [13, 65-б].
Материалдар мен әдістер
Зерттеу барысында көптеген ғылыми мақалалар мен халықаралық нормативтік актілерге шолу жасаудың нәтижесінде осы мәселеге қатысты біржақты көзқарасты ұстанудың нағыз қиындығын аңғардым. Сол себепті бұл сұрақтар бүгінгі күнге дейін ашық түрде қалып отыр. Жасанды интеллект технологияларының қарқынды даму үдерісіне қарамастан, әлі күнге дейін заң әдебиеттерінде оның нормативтік анықтамасы жоқ. Жасанды интеллект теориясының дамуына Д. Маккарти, П.М. Морхат, А. Эндрю, А.В. Понкин, А.И. Редкина, А.А. Щитова, В. Б. Наумов, Е.В. Тытюк және басқалар сияқты шетелдік ғалымдар айтарлықтай үлес қосты.
С. Честерман, С.М. Солеман, А.А. Щитова, В.Б. Наумов, Е.В. Тытюк, З.И. Хисамова, И.Р. Бегишев деген шетелдік ғалымдар өз еңбектерінде жасанды интеллекттің құқықтық мәртебесі мен оның құқық субъектілігі туралы мәселені зерттеген. Олардың бірі жасанды интеллекттің дербес субъектілігін жақтаса, кейбірі оған түбегейлі қарсы, енді біреуі бөлек категорияларды ұсынбақ.
Зерттеу барысында жүйелік тәсіл, жалпылау әдісі, диалектикалық әдіс, сыни және салыстырмалы-құқықтық талдау қолданылды. Бұл жерде салыстырмалы-құқықтық талдау әдісін ерекше атап өткен жөн. Бұл әдіс шетел тәжірибесін зерттеу мен отандық әрі шетелдік ғалымдардың еңбектерін талдау барысында қолданылды.
Зерттеу нәтижелері
«Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына 2020 жылғы 25 маусымда енгізілген түзетулерге сәйкес, «қабылданған және танылған сыртқы ортаны ескере отырып, белгілі бір әрекет немесе әрекетсіздік жасайтын автоматтандырылған құрылғы» ретінде айқындалатын «зияткерлік робот» ұғымының құқықтық анықтамасы енгізілді [14]. Бұл анықтама отандық сарапшылардың тарапынан сыни пікірлерді тудырмай қоймады. Нақтылап айтқанда, «өте кең және анық емес тұжырымдалған және жасанды интеллектті қолданумен байланысты нақты құқықтық қатынастар туындаған кезде кез-келген анықтықты енгізуі екіталай» деп отандық заңгер ғалым Сүлейменов өз пікірін айтып өтті [15].
Ендігі бір өзекті сұраққа келетін болсақ, қазіргі қоғам адам өмірінің әртүрлі аспектілеріне жан – жақты әсер ету контекстінде жасанды интеллекттің (ЖИ) заңды мәртебесін анықтаудың бірегей сынына тап болады. «Заңды субъект» ұғымына негізделген дәстүрлі құқықтық категориялар шеңберінде жасанды интеллект оның құқықтық мәртебесіне инновациялық көзқарасты талап ететін бірегей динамиканы білдіреді.
Жасанды интеллект, бағдарламалық-аппараттық кешен ретінде ұғынылады және оның физикалық формасы мен ерік-жігері жоқ, бұл құқық субъектісі туралы дәстүрлі түсінікті бір қарағанда қолдануға жарамсыз етеді. Дегенмен, оның шешім қабылдау қабілеті, деректерді талдау және қоршаған ортаға әсер ету негізінде оқыту құқықтық субъективтілік туралы бұрынғы түсініктерге күмән келтіреді.
Сол себепті, заң қоғамдастығының алдында тұрған басты мәселелердің бірі – жасанды интеллекттің құқық субъектілігі мәселесі. Құқықта субъект өз алдына белгілі бір критерийлерге сәйкес келуі шарт. Мәселен, ерік білдіру, өз әрекетіне жауап беру қабілеті, т. б. Ал ЖИ-тің қазіргі даму дәрежесі бойынша бұл белгілері сәйкес келмейтіндіктен, оған қатысты құқық субъектілік мәселесі біраз қиындықтар туғызады.
Жасанды интеллекттің құқық субъектілігі тақырыбы құқықтық, философиялық және техникалық қауымдастықтарда қарқынды пікірталастар мен даулар тудыруда. Бұл пікірталастардың алдыңғы қатарында жасанды интеллект заңның субъектісі бола ала ма, оның автономиясы бар ма және оның әрекеттері үшін жауапкершілік дәрежесі қандай деген сұрақтар тұр.
Даудың негізгі аспектілерінің бірі – жасанды интеллекттің автономия дәрежесін анықтау. Жасанды интеллекттің құқық субъектілігін тану идеясының жақтаушылары оның шешім қабылдау, жиналған ақпаратқа негізделген оқыту, тіпті жаңа білім беру қабілетін көрсетеді. Бұл ойлау желісіне сәйкес ЖИ бұрын адамның субъективтілігінің ерекше сипаттамаларына сілтеме жасаған әрекеттерге қабілетті энтитет ретінде қарастырылады.
Алайда, жасанды интеллектті құқық субъектісі ретінде қабылдауға қарсы авторлар өз ұстанымын жасанды интеллекттің толық автономиясының жоқтығымен түсіндіреді. Яғни ЖИ толық дербес адам алмастырушысы емес, ол алдын ала программаланған, әрекеті белгілі бір алгоритммен жүзеге асырылады және ол өз жаратушысына белгілі бір дәрежеде тәуелді. Жасанды интеллекттің құқықтық мәртебесін анықтаудың юрисдикциялық, қауіпсіздік, этика сияқты қатерлері бұл мәселені ашық сұрақ ретінде қалдырады.
Жасанды интеллекттің құқықтық мәртебесі және оның құқық субъектілігі туралы дауларды зерттеу дәстүрлі құқықтық тұжырымдамаларды технологиялық прогрестің жаңа шындықтарына бейімдеудің күрделілігін анықтады. Жасанды интеллекттің әртүрлі салаларда әлеуетті пайдасы мен практикалық қолданылуына қарамастан, оның заңды субъективтілігін және іс-әрекетке жауапкершілік дәрежесін анықтауға қатысты айтарлықтай пікірталастар бар. Соған байланысты негізгі қатерлерді айтып өтсем:
З. И. Хисамова мен И.Р. Бегишев ЖИ-тің құқықтық мәртебесі жөнінде өзекті ұсыныстарды жазып өтті. Олар бұл мәселені екі нұсқада қарастырды: заттың құқықтық режимі бар техникалық құралдардың жасанды интеллектін түсіну немесе жасанды интеллектті «заңды тұлға» ұғымына ұқсас «электрондық тұлға» ретінде орналастыру [16].
Мәселен, британдық ғалым С. Честерманның пікірімен келіскім келеді. Ұзақ зерттеулердің нәтижесінде, ол өз еңбегінде көптеген әлемдік ғалымдардың еңбектерін саралап өтті. Олардың көбі жасанды интеллект үшін құқықтық мәртебенің жаңа категориясын бөліп шығарудың жақтаушылары. Осындай категория заңды тұлға мәртебесімен іспеттес. Честерман осындай көзқарасқа өзінің теріс пікірін берді. Осындай қорытындыны ол жасанды интеллекттің даму деңгейі әлі құқықтық мәртебе дәрежесіне жетуден алыс деп түсіндіреді. Жасанды интеллект үшін бөлек категорияны бөліп шығару тым ерте десек, қате болмас. Одан бұрын жасанды интеллектің құқық субъектілігі мен заңды жауапкершілік мәселелерін зерттеп алған дұрыс [17].
Қазақстандық заңгер ғалымдардың басым бөлігі де жасанды интеллектті құқық субъектісі ретінде тануға қарсы: олардың айтуынша, жасанды интеллект жүйелері тек объект ретінде қарастырылғаны жөн; олардың іс-әрекеттерінен туындаған зиян үшін жаратушысы не пайдаланушысы жауап береді, бірақ жасанды интеллект жүйелерінің дербестігі артқан кезде олардың жауапкершілігі төмендеу жағына қарай өзгеруі мүмкін [13, 70-б].
Сол себепті ресейлік автор А.А. Щитова жасанды интеллектті құқық субъектісі ретінде танудың бірден бір жақтаушысы деп айтуға болады. Ол өз мақаласында жасанды интеллектті «адамның алмастырушысы», «жасанды ми» ретінде белгілейді. Оның функциялары мен мағынасын толық ашуға бел буып, ЖИ құқық объектісі ретінде қарастыруды қате деп есептейді [2, 98-б].
Бұл мәселеге байланысты тағы да бір зерттеу жасай келе, жасанды интеллектті объект ретінде де, субъект ретінде де нақты бөлмей, құқық квази субъектісі ретінде тануды қарастырған Е.В. Пономарева құқық субъектісі мен квази-субъектінің ара-жігін ажырату критерийлерін негіздей отырып, жасанды интеллект, сондай-ақ роботтандырылған дербес жүйелер құқық субъектілері бола алмайды деген ой түйіп, алдыңғы автордың көзқарасына қайшы қорытындыға келді. Олар құқықтық мағынада ерік-жігерге де, өз мүдделеріне де ие емес, белгілі бір әрекеттерге субъективті қатынасты қалыптастыра алмайды, сондай-ақ кінә сезімінің жоқтығына байланысты заңды жауапкершілікке де ие бола алмайды [18].
С.М. Солеман да жасанды инттелектті құқық субъектісі ретінде танудан түбегейлі бас тартады. Бұған себеп – жасанды интеллекттің жеке тұлға емес екендігі [19].
Алайда, В.В. Архипова мен В.Б. Наумовтың пікірінше, заңды тұлға - бұл құқық субъектілігі заңнамалық деңгейде танылған мүлік, сондықтан роботқа немесе жасанды интеллектке құқық субъектісі мәртебесін беру қисынды, өйткені бұл категориялардың екеуі де функционалдық ерекшеліктеріне байланысты құқық субъектісі бола алады. Сонымен қатар, робот-агент «жеке мүлікке ие, өз міндеттемелері бойынша жауап береді, өз атынан азаматтық құқықтарды иемденіп, жүзеге асыра алады және азаматтық міндеттерді көтере алады» [20].
П.М. Морхаттың ұстанымы қызықтырып отыр: «жасанды интеллекттің құқықтық субъектісі оның мүмкіндіктерімен және функционалды мақсатымен анықталуы керек, сондықтан жасанды интеллект құқықтық кеңістікте құқық объектісі ретінде де, толық құқық субъектісі ретінде де өмір сүре алады» [21]. Алайда, жасанды интеллект жүйелерін құқық субъектісі ретінде тану идеясы әлеуметтік және құқықтық құндылықтарға, автономды құқықтық ерік секілді құқық субъектісі атаулы сипаттамаларға сәйкес келмейтіні анық, сондай-ақ құқықтық қатынастар құрамы мен құқық бұзушылықтардың құрамына да қайшы келетінін ескерген жөн. Бұл ретте жасанды интеллекттің құқық субъектісі деп аталуға қажетті негізгі белгілері жоқ, атап айтқанда, оның субъективті құқықтар мен заңды міндеттерді өз бетінше иемденуге және іске асыруға, заңды жауапкершілік алуға, құқықтық шешімдерді өз бетінше қабылдауға әлеуетті мүмкіндігі жоқ, өзінің құқықтық мүдделері жоқ [16].
Е.В. Пономареваның еңбегіне сүйенетін болсақ, кез келген жағдайда жасанды интеллекттің қазіргі даму деңгейінде оның жасаған әрекеті, жүзеге асырған міндеттерін бақылап отыру мақсатында оны жаратушысы, не меншік иесі, не пайдаланушысы басқарып отыруы керек. Осылайша, пайдаланушылар немесе меншік иелері ЖИ-ке ие объектінің көмегімен бірқатар құқықтар мен міндеттерге ие болады [18].
Бұл көзқарас «күшті» жасанды интеллект категориясының жақтаушыларына да қатысты болса керек, бұл топ ғалымдар оны адамдар сияқты кез келген әрекетке үйренуге бейім, адамды алмастырады және оның даму деңгейінен төмен түспейді, тіпті көптеген жолдармен олардан асып түсуі мүмкін деп санайды [22].
Бірақ бүгінгі ЖИ жүйелері әлсіз категорияға жататынын қалай да ұмытпаған жөн. Жоғарыда айтылып кеткенде, олар тек алдын ала белгіленген алгоритмге сәйкес белгілі бір міндеттерді ғана орындай алады. Мысалы, ғаламтордағы сұраныстар бойынша іздеу, белгілі бір ауруға диагноз қою және т. б. [22].
Дау тудыратын тағы бір маңызды мәселе – жасанды интеллект әрекеттері үшін жауапкершілік аспектісі. Жауапкершілікті анықтаудағы қиындықтар автоматтандырылған жүйелер жағдайында айқынырақ болады, мұнда шешім қабылдау әрдайым белгілі бір тақырыпқа байланысты бола бермейді. Жасанды интеллект контекстінде жауапкершіліктің ерекшелігін ескеретін жаңа құқықтық тетіктерді әзірлеу қажет.
Бұл даулар жасанды интеллекттің құқықтық мәртебесінің болашағы туралы пікірталастың негізгі аспектілерін қалыптастырады және оның рөлі мен орнын қазіргі құқықтық тәртіпте тереңірек түсінуге ынталандырады. Демек, осы тақырыпты одан әрі зерттеу және талқылау құқықтық жүйені технологиялық прогрестің қиындықтарына бейімдеудегі маңызды қадам болып табылады.
Жасанды интеллекттің құқықтық субъектісіне байланысты мәселелердің күрделене түсуін ескере отырып, жасанды интеллекттің әрекеттері үшін жауапкершілікті қамтамасыз етуге қабілетті құқықтық реттеудің тиімді тетіктерін әзірлеудің шұғыл қажеттілігі туындайды. Бұл тұрғыда ЖИ үшін құқықтық мәртебе мен жауапкершіліктің қалыптасуына әсер ететін бірнеше негізгі аспектілерді қарастыру маңызды.
Жасанды интеллект әрекеттері үшін жауапкершілік мәселесі әсіресе жасанды интеллект автоматты түрде шешім қабылдайтын немесе адамзатқа айтарлықтай әсер ететін әрекеттерді жүзеге асыратын жағдайларда өзекті болады. Қателіктер, жазатайым оқиғалар немесе адам құқықтары бұзылған жағдайда жауапкершілікті кімге жатқызу туралы мәселе нақты құқықтық реттеуді қажет етеді.
Бұл мәселені шешудің ықтимал тәсілдерінің бірі – қолданыстағы жауапкершілік нормаларына өзгерістер енгізу, осылайша олар жасанды интеллекттің ерекшеліктерін жеткілікті түрде қарастыра алады. Бұл жауапкершіліктің жаңа түрлерін анықтауды, сондай-ақ жасанды интеллект әрекеттеріне байланысты бұзушылықтар болған жағдайда кінәні анықтау процестерін нақтылауды қамтуы мүмкін.
Тағы бір маңызды аспект – жасанды интеллект өндірушілерінің қоғам мен пайдаланушылар алдындағы міндеттері. Жасанды интеллектті пайдаланудың қауіпсіздігі мен этикасын қамтамасыз етуге бағытталған нақты стандарттар мен нормаларды әзірлеу ықтимал проблемалардың алдын алуға және оны қолданумен байланысты тәуекелдерді азайтуға ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар, жасанды интеллектке қатысты дауларды шешудің арнайы құқықтық тетіктерін құру мәселесін қарастыру қажет. Арбитраждың және жанжалдарды шешудің тиімді тетіктері жасанды интеллект үшін жауапкершілік саласында әділ және тиімді құқықтық реттеуді қамтамасыз етудің негізгі элементі бола алады.
Осылайша, кешенді және теңдестірілген құқықтық құралдарды әзірлеу жасанды интеллект үшін жауапкершілік мәселелерін барабар реттеу және жасанды интеллекттің адамзатпен үйлесімді өмір сүруін қамтамасыз ету үшін өте маңызды болады.
Жауапкершілік қағидаттары аясында жасанды интеллекттің ерекшелігін ескеретін жаңа нормалар мен стандарттарды әзірлеу және енгізу ұсынылады. Бұл нормалар ЖИ қолдану аясын анықтап, оның дербестігі мен жауапкершілігінің өлшемдерін белгілеп, сондай-ақ оның іс-әрекетіне байланысты жанжалдарды шешу тетіктерін көздеуі тиіс.
Жасанды интеллект жасаушылардың қоғам алдындағы міндеттеріне де назар аудару керек. Ықтимал тәуекелдер мен теріс қылықтарды шектейтін этикалық және құқықтық нормаларды әзірлеу адам мен жасанды интеллекттің қауіпсіз және тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Жасанды интеллектті қоғамдық құрылымдарға сәтті интеграциялау үшін заңнамалық зерттеу органдарын белсенді тарту, сондай-ақ мемлекеттік органдар, технологиялық компаниялар мен қоғам арасындағы ынтымақтастық қажет. Бұл инновацияларды ынталандыру мен қоғам мүдделерін қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Талқылау
Жасанды интеллекттің құқық субъектілігі мен құқықтық мәртебесі туралы көптеген талқылаулар мен даулы пікірталастарды қарастырдық. Оларды негізгілері: жасанды интеллектті құқық субъектісі ретінде тану, не құқық субъектілікті ішінара түрде қарастырып, басым түрдегі жауапкершілік пен құқықтарды оның жаратушысына қалдыру, немесе еш өзгеріссіз кұқық объектісі ретінде ғана тану мәселелері. Мәселен, Щитова ЖИ-тің құқық субъектілігн жақтаса [2, 98-б], Пономарева, Солеман оны тек құқық субъектісі ретінде ғана емес, тіпті құқық квази-субъект ретінде қарастырудан да түбегейлі бас тартады [18; 19]. Ал жасанды интеллекттің құқықтың мәртебесі жайындағы дауға келсек, бұл аспектідегі талқыға салынатын екі мәселе: ЖИ-ті заңды тұлғаға ұқсас электронды тұлға ретінде тану, бұл идеяны Хисамова мен Бегишев жақтаса [16], Честерман керісінше, жасанды интеллекттің құқық мәртебесінің бұл түрі ретінде танылуы үшін әлі даму деңгейі жеткілікті дәрежеге жеткен жоқтығы туралы атап өтеді [17].
Қорытынды
Қорытындылай келе, жасанды интеллекттің қарқынды түрді дамуы қоғамның инновациялық өсуі мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Дегенмен, жасанды интеллектті құқықтық жүйеге тиімді енгізу үшін тез өзгеретін технологиялық ландшафтқа бейімделуге және барлық тараптардың мүдделерін теңестіруге қабілетті жүйелі және икемді құқықтық реттеу қажет.
ЖИ бар жүйелерде құқық субъектісінің қажетті және жеткілікті белгілері болмағандықтан (субъективті құқықтар мен заңды міндеттерді дербес автономды түрде орындау, жеткілікті дәрежеде түсіну және іске асыру, заң алдында жауапкершілікті ұстау, құқықтық шешімдерді өз бетінше қабылдау, өзінің құқықтық мүдделері сақтай отырып, ерік-жігерге ие болу мүмкіндігі жоқ) олардың толық құқық субъектілігін тануға негіз жоқ және ЖИ жүйелерін белгілі бір құқықтық мәртебенің жаңа категориясына бөліп шығару тым ерте .
Жасанды интеллект технологияларының күрделенуі, орталықсыздандырылуы, дербестенуі осындай технологияларға бақылау жүргізуді жүзеге асыратын жаратушы/пайдаланушы үшін бірқатар қиындықтар тудырады: ол жүйенің ар уақыттағы, әр жердегі әрекеттері мен реакцияларын бақылай алмайды, сонымен қатар оның мінез-құлқын болжай алмайды. Сәйкесінше, мұндай жағдай ықтимал құқық субъектілікті, сондай-ақ жасанды интеллекттің заңды жауапкершілігін анықтауға бірыңғай тәсілді әзірлеуді қажет етеді.
А.А. Ондаш, магистрант 1-курса научно-педагогического направления Высшей школы права, Maqsut Narikbayev University, (г. Астана, Республика Казахстан): Правовой статус искусственного интеллекта и споры о его правосубъектности.
Актуальность темы исследования обусловлена наличием неопределенности в научной литературе о правовом статусе искусственного интеллекта. Данная научная статья посвящена спорам, возникащим в ходе анализа современного правового статуса искусственного интеллекта (ИИ) и определением его правосубъектности. В статье рассматриваются основные правовые аспекты, такие как ответственность за действия ИИ, права и обязанности, а также затрагиваютсявопросы авторского права. Особое внимание уделяется спорам и дискуссиям, возникающим между юридическим сообществом, учеными и представителями отрасли в отношении признания ИИ субъектом права. В статье предлагаются перспективы решения этих проблем, а также обсуждаются возможные направления развития законодательства для адекватного учета особенностей искусственного интеллекта в современном правовом контексте. Исследование проводилось с использованием сравнительно-правового метода и включает анализ действующих нормативных актов, юридической практики и академических публикаций в данной области.
Ключевые слова: искусственный интеллект, правовой статус, правосубъектность, электронный субъект, самостоятельность субъекта, создатель ИИ, правовая ответственность, правовое регулирование, автономия ИИ
A.A. Ondash, 1st year master student of the scientific and pedagogical direction of the MNU Law School, Maqsut Narikbayev University, (Astana, Republic of Kazakhstan): The legal status of artificial intelligence and disputes about its legal personality.
The relevance of the research topic is caused by the presence of uncertainty in the scientific literature on the legal status of artificial intelligence. This scientific article is devoted to the problems related to the analysis of the current legal status of artificial intelligence (AI) and the determination of its subjectivity of law. The article discusses such basic legal aspects as responsibility for the actions of AI, rights and obligations, issues of copyright and patenting. Particular attention is paid to disputes and discussions arising between the legal community, scientists and representatives of the industry regarding the recognition of AI as a subject of law. The article presents prospects for solving these problems, and also discusses possible directions for the development of legislation for adequate accounting of the features of artificial intelligence in a modern legal context. The study was carried out using the comparative legal method and includes an analysis of existing regulations, legal practice and academic publications in this area.
Keywords: artificial intelligence, legal status, legal personality, electronic subject, independence of the subject, AI creator, legal responsibility, legal regulation, AI autonomy
Список литературы:
References